Баннер 9 мая от газеты Атырау

«ӨЛЕҢ, МЕН СЕНІ АЯЛАП ӨТЕМ»

Көрнекті  ақын  Фариза  Оңғарсынованың рухына арналған көркемсөз  оқу  шеберлерінің  байқауы  осылай  аталды

Атырауда қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Халық жазушысы – Фариза Оңғарсынованың туғанына 75 жыл толуына орай ақын атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің І қалалық байқауы өтті. Байқауды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

 Халықтың жүрегінен орын алған поэзия падишасының өлеңдерін жастар арасында насихаттау, ақын мұрасын оқып, игеру, сөйтіп мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, халық арасынан талантты жастарды іздеп табуды мақсат еткен байқауға тоғыз үміткер қатысты. Бұлар – сайысқа қатысуға ниет білдірген 14-20 жас аралығындағы отыз қатынасушының арасынан іріктелінген көркемсөз шеберлері.

Сайыс шарты бойынша әрбір қатысушы Ф.Оңғарсынованың шығармашылығынан өзі жаттаған өлеңдерінің тізімін әділқазыларға ұсынуы қажет болды. Өйткені, қатысушылар қазылардың сұрауы бойынша әрбір өлеңді жатқа мәнерлеп айтты. Екінші кезеңде өзі таңдаған бір прозалық шығармадан үзінді оқыды. Үшінші кезеңде сайыскерлер жеке туындыларымен таныстырды.

Үміткерлердің шеберлігі мен талантын қазылар алқасының төрағасы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жаушылар Одағының мүшесі, ақын Қадыр Жүсіп және ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы басшысының орынбасары Абат Кенжеғали, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Құралай Құмарова бағалады.

Бүгінде Фариза Оңғарсынованы білмейтін оқырман кемде-кем. Әсіресе, Мұқағали ақынның Фаризаға арнап жазған өлеңіндегі:

«Фариза, Фаризажан,

Фариза қыз,

Өмірде ақындардың

бәрі – жалғыз.

Шыдай-шыдай ақыры

жалығармыз,

Бірімізден-біріміз

арылармыз.

Біздерді де жоқтайтын

жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз», – деп келетін өлең шумақтары өлеңсүйер қауымның ең бірінші есіне түседі. Аталған сайыстың шымылдығы да осы бір сырлы өлең шумақтарынан өрілген ақын өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаяннан бастау алды. Кейін жиналғандар Фариза ақын рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

1939 жылдың 5 желтоқсанында қазіргі Атырау облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туып, шығармашылығымен бүкіл елді баурап, халықтың қалаулысына айналған ақынның өлеңдері кім-кімді де бейжай қалдыра алмасы анық. Қазақ поэзиясында өзіндік тұлға болып қалыптасқан Фариза өлеңдерінің негізгі тақырыбы – махаббат, замана, уақыт тынысы, туған жер, туған ел. Сондай-ақ, ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы,  дәрі-дауасы поэзия болды. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, «Біздің Кәмшат» повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді.

Көркемсөз оқу шеберлері Ф.Оңғарсынова өлеңдерінің осындай биігін аласартпай, ақын мінезіне тән ерекшелікті айнытпай салуға тырысып бақты. Бірінші болып сахнаға ең жас қатынасушы Бесікті орта мектебінің 8-сынып оқушысы Назгүл Жауметова көтерілді. Ол Ф.Оңғарсынованың он бес өлеңін еш мүдірместен жатқа айтты. Қазылардың шешімімен Назгүл байқаудың «Арнайы дипломына» ие болды. Жүлделі III орынды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Рахымжан Орынбасаров иеленсе, II орынға Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Алтынай Омарова жеңіп алды. Бас бәйге – I орын Атырау қаласындағы Амангелді атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Фариза Мұстахимоваға бұйырды. 

– Менің мақсатым – бірінші орын алу емес, Фариза ақынның өлеңін халыққа насихаттау. Өзім Ф.Оңғарсынованың жиырмадан астам өлеңін жатқа мәнерлеп оқыдым. Болашақта Фариза апам секілді халқының қалаулысы болғым келеді. 1998 жылы мен дүниеге келгенде Фариза апамыздың атағы дүркіреп шығып, Парламент Мәжілісіне депутаттыққа сайланған екен. Ақынға ұқсасын деп ырымдап үйдің үлкендері есімімді Фариза қойыпты, – дейді байқаудың жеңімпазы Ф.Мұстахимова.

Қазылар алқасының төрағасы Қадыр Өтегенұлының айтуынша, көркемсөз оқу шеберлері байқауға үлкен дайындықпен келіпті. Әсіресе, олар сахнада ақын өлеңдеріндегі даналықты, ешкімнің құшағына сыймайтын қазақ қызының кеңпейілділігін, өрлігін, туған жерге деген сүйіспеншілігін, құпия сезімдерін жақсы көрсете алды. Фариза өлеңдерін насихаттау, ақынды еске алуға арналған шаралар алға қарай да жалғасын таба бермек.

 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз