Баннер 9 мая от газеты Атырау

ДУАЛЬДЫ ОҚЫТУ – ДҰРЫС ШЕШІМ

Мұнай және газ өнеркәсібіне кадрлар даярлайтын Атыраудағы өңіраралық орталық – APEC Petrotechnic колледжінде жұмыс беруші компаниялардың қатысуымен «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Облыстағы кәсіпорындардың өкілдері колледждегі оқу шеберханалары мен зертханаларындағы тәжірибелік дәрістерді өз көздерімен көріп, қызметінің сапасы, ондағы білім көрсеткіші, мамандарды даярлау үрдісімен танысты.

Болашақ мамандарға құлшыныс танытып отырған кәсіпорындар қатарында «Теңізшевройл», «Жігермұнайсервис», «Экогеомұнайгаз», «Ескерткіш-қызмет Қазақстан», «СЖС Қазақстан», «Kaz M-I», «Жамбыл Петролеум», «Аби Петролеум Кэпитал», «Юго- Восточная сервисная группа», «Атыраумұнай», «АМӨЗ», «Везерфорд Қазақстан», «КИОС», «Ембімұнай», «Zhanros drilling» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Lloyd’s register Kazakhstan», «KCA doitag», «ТеңізМұнайҚұрылыс» акционерлік қоғамы және басқа да көптеген мекемелер бар.

Дуальды білім беру жүйесіне негізделген «Кәсіпқор» республикалық холдингінде 700 студентке арналған орталықта 17 павильон, 480 орындық студенттер және 100 орындық оқытушылар жатақханасы бар. Оқу орнында бұрғылау мен тереңдік жабдығын күрделі жөндеу, коллекторды бағалаудан бастап өндірістік үрдістерді басқару, мұнай-газ өнімдерін қайта өңдеу мамандары оқытылады. Сонымен қатар, «бақылау-өлшеу аспаптары мен өндірісті автоматтандыру технологиясы», геологиялық барлау және кен өндіру мамандықтары да бар.

– Оқу орнының басты серіктесі – Канаданың ірі мұнай өндіретін өңірі, 1916 жылы құрылған Оңтүстік Альбертаның Технологиялар институты (SAIT Polytechnic). Ал, атыраулық APEC Petrotechnic-тің білім беру бағдарламалары SAIT Polytechnic-пен бірге әзірленген және халықаралық стандарттарға жауап береді. Бағдарламаларды әзірлеу кезінде Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай-газ компанияларының талаптары есепке алынды. Оқу тәртібі қатаң, ағылшын тілін меңгере алмағандар технологиялық пәндер жөніндегі  оқуға жіберілмейді, – дейді колледж директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Данияр Мукитанов.

Сондай-ақ, мұнда Канаданың байырғы «Chevron», «Shell» сияқты оқу мекемелерімен, ірі мұнай-газ кәсіпорындарымен тұрақты байланыс орныққан. Заманауи оқу сыныптары, соңғы үлгіде жабдықталған шеберханалар оқуды тәжірибемен ұштастыруға үлкен септігін тигізуде. Мұнда тіпті жүзу бассейні мен спорт алаңдарына дейін бар. Ақпан айында kasipkor.kz порталы арқылы онлайн режимінде талапкерлерге құжаттар тапсырып, тікелей желіде тіркелулеріне болады. Колледжде 20 шақты нұсқаушы қызмет етеді.

«Кәсіпқор» холдингі» акционерлік қоғамының төрайымы Эльдана Сәдуақасова келген қонақтарға алғысын айтып, колледж түлектерінің болашақта жүз пайыз болмаса да, көп бөлігі жұмысқа орналасуына тілектестігін білдірді.

– Жалпы, «Кәсіпқор» желісіне Астана, Алматы қалаларындағы екі жаңа колледж, Атырау, Өскемен, Екібастұз және Шымкент қалаларындағы төрт өңіраралық орталық, техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік ұйымдары қатарынан 10 әріптес колледж кіреді. Атыраудағы APEC Petrotechnic жаңа білім беру моделін ұсынып отыр. Канадалық тәжірибе бойынша 12 мамандыққа студенттер дайындалса, бізде соның үшеуі іске асуда. Ауылдық жерде ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен болғандықтан, «Қазмұнайгаз» мекемесінің демеушілігімен аз қамтылған отбасы, мұнайшылардың балаларынан 160 студентке жағдай жасалуда. Ол үшін жыл сайын 350 млн. теңге қаржы бөлінуде.

Студенттер таңертең теориялық, түстен кейін практикалық пәндерден дәріс алады. Біздегі бес шеберханаға қосымша алдағы уақытта тағы бір жаңа кішігірім зауыт ашылмақшы. Колледж Кембридж дәнекерлеу институты (TWI), «Теңізшевройл» компаниясынан аттестациядан өтуде. Енді талапкерлерді бірден 2-курсқа қабылдайтын жаңа топтар ашу көзделуде. Біздің түлектер шетелге барса инженер бола алмайды деп жатады. Ол – қате ұғым. Бізде қазір «қолданбалы бакалавриат» бағдарламасы енгізіліп, шәкірттеріміз инженерлік мамандық алып шығуда. Жалпы білім беретін орта мектеп, арнаулы және жоғары оқу орнының түлектері болсын, қай-қайсысының  да оқуына шектеу қойылмайды. Оған дәлел, жақында пайғамбар жасына келген азамат келіп, құжаттарын тапсырды, арнайы топқа қабылданды. Жоғары оқу орындарының түлектері сияқты ол да міндетті үш жылдық оқудан өтеді, – деді Э.Мәкінқызы.

Кездесуде «Cloud Service» ЖШС-нің аймақтық бөлімше-сінің басшысы Жан Нұрбеков колледждің оқу-тәжірибелік базасының бай екенін, жұмыс берушілердің көңілдері толып отырғанын жеткізді.

– Мұнда сервистік мекемелермен тығыз байланыс орнатылған, енді студенттер соларда тәжірибеден өтетін болады. Біздің кезімізде ондай мүмкіндіктер атымен болмады. Ал, ағылшын тілінде білім алу халықаралық еңбек нарығында жұмысқа тұруға үлкен жол ашады,- дейді Ж.Иманғалиұлы.

Міне, «Ашық есік» шарасы «Кәсіпқор» секілді мұнай-газ саласындағы ірі оқыту ұйымының бекерге құрылмағанын, заманға сай зерттеу-талдау құрал-жабдықтарымен жарақталған оқу орталықтарын ашуға қаражаттың текке жұмсалмағандығын аңғартты. Бұған куә болған қатысушылар заманауи оқыту жүйесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты нығайтуға өз ұсыныстарын білдіріп жатты. Нәтижесінде, болашақта бірігіп қызмет ету үшін қос тараптан арнайы меморандумға қол қойылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз