Баннер 9 мая от газеты Атырау

Энергия тапшылығы: оны болдырмаудың жолы қандай?

211111142546972a3860775i Қоғам

Қуатты Қазақстанның кепілі – қуатты өңірлер. Ал, аймақ әлеуетінің артуы алдымен елімізде электр энергетикасын дамытып, елді мекендер мен өндіріс орындарын, әлеуметтік нысандарды сенімді энергиямен қамтамасыз етіп, тапшылықты болдырмаған жағдайда ғана мүмкін екені сөзсіз.

Осы орайда, облыстың бірыңғай энергетика кешенінің құрамына кіретін «Атырау – Жарық» АҚ бойынша қабылданған инвестициялық бағдарлама аясында былтыр қандай жұмыстар атқарылды, биыл қандай іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін бағдарлама шеңберінде орындалып жатқан жұмыстардың барысымен таныстыру мақсатында кәсіпорында баспасөз туры өткізілді. Оған журналистерден басқа табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшы-мамандары, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.  

Акционерлік қоғамның президенті Мейірбек Ғұбашевтің баяндауынша, инвестициялық бағдарламаның басты мақсаты – тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін нығайту, қосымша жүктемелерді қосуды қамтамасыз ету және пайдалану мерзімін ұзарту.  Өткен жылы кәсіпорынның теңгеріміне жаңадан бір кешенді және төрт қосалқы трансформатор сатып алынған. 2022 жылы жалпы ұзындығы 76 шақырым «Құлсары-220 ПС – Қаратон-1 ПС» ВЛ-110кВ Л-108 желісін реконструкциялау және техникалық  жаңғырту   жұмыстары жүргізілді.  Оның барысында СК-26, СК-22, СЦ-22, У110-5+5 бағаналары ауыстырылды. Желінің қуаттылығын ұлғайту үшін осыған дейін қолданыста болған АС-70мм² сымы АС-240мм² сымына алмастырылды. Сонымен қатар алдыңғы жылдан ығыстырылып қалған жүк көтеруге арналған 25 тонналық «КамАЗ» көлігін (шассидегі автокран)  сатып алуға қол жеткізіліпті. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, электр желілерінің ақаусыз, үзіліссіз қызметін қамтамасыз етудің мүмкіндігі жасалған.

Бұл бағыттағы жұмыстар 2023 жылы жүйелі жалғасын табуда. Атап айтқанда, бағдарламада қарастырылғанындай, ең алдымен 110/35/10-6кВ қосалқы станциялары жаңғыртылады. Осылайша, №145 «Қаратон-2» ПС 110/35/10кВ және ОРУ-110кВ подстансалары ескіріп, тозығы жетуіне байланысты жаңасына ауыстырылады. Сол сияқты, облыс орталығындағы тозығы жеткен 0,4-6-10кВ желілерін жаңғырта отырып, өткізгіштік қабілетін арттыру көзделген. Ол үшін  ескірген 400кВА жабдықтарын  630кВА түріне ауыстыру жоспарланыпты.

«Атырау–Жарық» АҚ басшысының сөзінше, бұған қоса Вокзал маңы ықшамауданындағы ТП-267/1, ТП-264/2 және ТП-267/3 қосалқы стансаларын техникалық жаңғырту жоспарланып, мұндағы негізгі жабдықтардың бәрі жарамдылық мерзімінің өтуі себепті жаңартылатын болады. Одан бөлек, осындай шаралар Жұмыскер, Еркінқала ауылдарындағы бірнеше нысанды қамтиды. Қорытындысында аталған елді мекендерде жарықтың берілуі жақсарады. Сол секілді, желілердің бойында орын алып жататын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қолданылатын апаттық диагностика және релелік қорғаныс құралдарын да пайдалану мерзіміне қарай жаңартып, жаңғыртып отыруға көңіл бөлінуде. Жалпы алғанда, жасақталған жоспар-кестеге сәйкес, жаңғырту жұмыстары қаланың жеке секторы мен оның аумағындағы елді мекендерде кезең-кезеңімен жалғаса бермек.

Сайып келгенде, мұның бәрін энергиядан тапшылық болмау үшін жасалып жатқан талпыныс деп бағалаған абзал. Инвестициялық бағдарламаның игілігі де сонда болса керек.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз