Қайда ескі ғимарат – сонда кітапхана!

e4a6f6c8 bc39 495c 8030 ecec9f34aba6 Мәдениет

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді қазақтың біртуар қаламгері, кемеңгер Әбіш Кекілбаев. Расында да, әр адам шынайы интеллигент болып қалыптасуы үшін жылына мыңнан аса кітап оқуы қажет екен. Бұл дегеніңіз  –  кітаптың ешнәрсеге айырбасталмайтын рухани құндылық екенінің басты айғағы.

Бүгінде ақпараттық технология жаңғырып дамыса да, қағаз бетіне қатталған дүниенің орны қашан да бөлек. Кітап қайткен күнде де оқылады. Сондықтан, білім беру және мәдени-ағарту қызметінде айрықша маңызға ие кітапханалар халықты ақпаратпен, біліммен қамтуда барлық талапқа сай болуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында оқу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасында да айтты. Ендеше, қазір облыстағы рухани ордалардың жай-күйі қандай? Заманға сай талаптарға қаншалықты жауап бере алады?

рухани қазына ордасының жайы мәз емес

Облыстағы кітапханалардың жай-күйін бағамдау мақсатында жуырда облыстық мәслихаттың депутаты Жанай Амантурлин Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің атына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, мұнайлы өңірдің рухани ордаларының жағдайы мәз емес. Қай жерде ескі ғимарат болса, сонда кітапхана, редакция, мұрағат орналасқан.

«…Мәліметтерге сүйенсек, облыста 143 кітапхана бар. Индерде – 13, Махамбетте – 12, Мақатта – 9, Жылыойда – 15, Қызылқоға мен Құрманғазыда – 28. Исатай ауданындағы балалар кітапханасы, Амангелді мен Исатай ауылдарындағы кітапханалар жеке ғимараттарда орналасқан, талапқа сай емес болса, Ақкөл, Айбас, Қамысқала, Өркен ауылдық кітапханаларына орын жоқ. Ал, Мақатта аудандық кітапхана мәдениет үйінің жанында орналасқан, талапқа сай емес. Ішкі бөлмелерде орын болмағандықтан, мамандары басқа филиалдарға орналастырылған. Сондай-ақ 15 мың халқы бар Доссорда кітапхана мұрағат ғимаратының жанында орналасқан.

Индердегі жағдай да мәз емес. Орталықтағы балалар кітапханасы апатты жағдайда десе де болады. Бұған қарап, басқа аудандардағы кітапханалардың жағдайын аңғару қиын емес. Сондай-ақ Атырау қаласының жыл санап өсуіне баланысты Ақсай, Ақжар, Жұлдыз, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 аймақтарында кітапхана қажеттілігі туындап отыр», – деп көрсеткен өз сауалында Ж.Амантурлин.

Мәселені егжей-тегжейлі зерттеген депутат облыс кітапханаларының жаңаруын, олардың заман талабына сай жұмыс жасауы қажеттігіне тоқталған. Жауапты құрылымдардың назарынан тыс қалмау керектігін алға тартып, құзырлы мекемелерге сұрау салған мәслихат депутатының сауалына жауап берген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынының басшысы Әбіл Жоламановтың айтуынша, аймақтағы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мен облыстық балалар кітапханасы ғана басқармаға қарасты. Тиісті заңдылықтарға сәйкес, елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесі бар. Ондағы мақсат – елді мекендердің типі мен мөлшеріне қарай нысандар мен көрсетілетін қызметтердің халыққа қолжетімділігінің ең төменгі міндетті деңгейін қамтамасыз ету.

«…Аталған жүйеге сәйкес елді мекенде жаңа кітапхана ғимаратының құрылысын жүргізу тұрғындар саны 10 мыңға жеткен жағдайда ғана қарастырылған. Ал, елді мекенде бұл рухани орданың ашылуы тұрғындар саны мың адамнан асқан жағдайда іске асырылады. Тұрғындар саны аз елді мекендерге жаңа ғимараттар салуға мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан, шағын ауылдардағы кітапханалар ғимаратын қалыпты жағдайда күтіп ұстау басқа жаңа ғимаратқа немесе кітапхана орналасқан ғимаратқа көшіру, я болмаса  жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асады», – деп түсіндірген Әбіл Тауфихұлы өз жауабында.

Ғимарат салу жоспарланды

Депутат Ж.Амантурлиннің аудандық кітапханалардың жай-күйі туралы сұрағына басқарма басшысы Ә.Жоламанов өз хатында былай деп жауап берген:

«Жергілікті әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес, Исатай ауданындағы Амангелді ауылдық кітапханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталған және қаржы көзі шешімін тапқан жағдайда жөндеу жұмыстары басталады. Исатай аудандық балалар кітапханасы жаңа ғимаратқа көшірілген. Ақкөл ауылдық кітапханасы Тұщықұдық ауылдық округі әкімшілігі ғимаратының бір бөлмесінде орналасқан. Айбас ауылдық кітапханасы – бейімделген жеке тұрғын үй ғимаратында. Қамысқала ауылдық кітапханасы Х.Ерғалиев ауылындағы орта мектеп ғимаратының ішінде халыққа қызмет көрсетіп отыр. Орын тапшылығы туындап отырған Өркен ауылдық кітапханасына Өркен орта мектебінің ғимаратынан орын бөлу мүмкіндігі қарастырылуда. Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан ауылдық округ әкімдеріне кітапханаларды жаңа орынмен қамтамасыз ету және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныс хат жолданды. 2023-2027 жылдары Нарын, Исатай, Зинеден ауылдарына жаңа мәдениет үйі ғимараттары салынған жағдайда сол жерде орналасқан кітапханалар жаңа ғимаратқа көшіріліп, бірқатар мәселе шешімін табады деп күтілуде…»

Басқарма басшысы өз жауабында Индер ауданында балалар кітапханасына жөндеу жүргізу жоспарда екенін жеткізген. Атырау қаласындағы Ақсай ауылы, «Жұлдыз-1», «Жұлдыз-2» және «Жұлдыз-3» шағынаудандарынан кітапхана ашу алдағы уақытта осы елді мекендерден мәдениет үйі салынғанда жүзеге аспақшы екен. Ал, Мақат пен Доссор кенттерінен жаңа кітапхана салу үшін қазір жер телімі бөлінуде.

«…Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша қазір облыста кітапханаларға қажеттілік бар 3 ауылдық елді мекен анықталды. Олар – Атырау қаласының Дамбы, Алмалы және Махамбет ауданының Талдыкөл ауылдары. Бүгінде Талдыкөлден кітапхана филиалын ашу үшін қажетті қаражат сұратылуда. Ал, Дамбы мен Алмалы ауылдарына қатысты Атырау қалалық әкімдігінен мәліметтер анықталмаған. Осыған сәйкес, кітапханалардың ғимараттарын қалыпты жағдайда ұстау және олардың қызметін қаржыландыру жұмыстары жергілікті әкімдіктер тарапынан жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді» делінген басқарма басшысының ресми хатында.

Жаңа жобалар қолға алынса…

Ақпараттық технология жаңғырған сайын адамның кітапқа қызығушылығын төмендетпеу мақсатында «BookCrossing» деген жаңа ұғым, жаңа атау пайда болды. Мұны қазақшаласақ, «кітаптың шыр айналып жүруі» дегенді білдіреді. Ал, оның мәні – жақсы кітапты көпшілік көп жүретін жерде әдейі «ұмытып» кету, сөйтіп, оның елге таралуына ықпал жасау. Еуропа елдері мен АҚШ-та кеңінен қолданысқа еніп үлгерген «буккроссинг» Ресейде де танымал. Сондай-ақ көрші елдерде пайдаланыла бастаған библиобусты да кітап тарату мен насихаттаудағы жаңалықтардың бірі десек қателеспейміз. Шетелдерде бұл тәжірибе «жылжымалы кітапхана» деген мағынаны білдіреді. Соғыстан кейін бұрынғы кеңес одағында кітапхананың бір түрі ретінде осындай кітапхана-автокөліктер болған екен.

Негізінен, қазір Атырау қаласында «Буккроссинг» акциясын өткізу кеңінен қолға алынған. Жастар тарапынан өткізілетін акция кез-келген кітапқа «екінші өмір» беру мақсатын көздейді. Олар әр адамға «үйіңіздегі өзіңіз оқып болған кітапты сөреде сүрлемей, басқалардың да оқуына мүмкіндік жасаңыз» деген қағиданы ұстанған. Атыраулық ұйымдастырушылардың «буккроссинг» қызметіндегі белгілеген ереже бойынша, саяси және діни кітаптар мен оқулықтар акция сөрелеріне шығарылмайды.

Барлық елді мекенде арнайы кітапханалардың жеке-дара ғимарат ретінде бой көтергені әрине құптарлық. Бірақ біздегі белгіленген заңдылықтар шеңберінде ауыл-аймақты мұндай нысандармен толық қамтып болғанша ондаған, тіпті жүздеген жылдар қажет десек артық емес. Әрине, мемлекет тарапынан қажетті нысандар біртіндеп салынатыны сөзсіз. Бірақ оған дейін қол қусырып отырмай, халық арасында жылжымалы кітапхана мен «Буккроссинг» акциясын елді мекендерде де қолға алса қандай ғанибет.

Түйіндеп айтқанда…

Көшпелі кітапханамен көше аралап, оқырманға кітап таратып, олардан тапсырыс қабылдап, мерзімді басылымдарға жазылу ұйымдастырылса да құба-құп. Бұл – біздің ойдан шығарғанымыз емес, бұрыннан қолданыста бар дәстүрді жаңғырту. Көпшіліктің кітапқа қызығушылығы азайып бара жатқан заманда бұқараны қайтадан рухани байлық – кітаппен жақындастырып, жақындатудың тиімді жолдарының бірі екенін ұмытпаған ләзім. Ал, депутат көтерген мәселе көп ұзамай шешімін тапса игі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз