ӘМБЕБАП ДИЗАЙНЕР ГАУХАР МЕЙІРХАНОВА: «ӘШЕКЕЙДІ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШПЕН ӘДІПТЕЙМІН»

Адамның бақыты – адал дос, сүйікті жар мен сүйікті жұмысы. Алғашқы екеуін жүрек қалауымен бұлжытпай таңдасақ, жұмыс жағына келгенде жүрек үнін кейде естімей қалатынымыз бар. Кейіпкеріміз Гаухар Мейірханова сол қызығы мен шыжығы көп жұмысын жүрек қалауымен таңдаған. Дизайн саласының өкілімен әлеуметтік желідегі бұйымдары арқылы таныстық. Әңгімемізді сол қалпында беруді жөн көрдік.

– Сіздің есіміңізді инстаграмм желісінен жиі көремін. Әйелдер гардеробындағы бұйымдардың бәрін жасай алады екенсіз. Әлеуметтік желідегі сауда-саттық қалай жүріп жатыр? Сатып алушылар көп шығар?

– Қазір әлеуметтік желіде танымал болсаң, әлемге танымал боласыз. Расында, қазір әлеуметтік желіде сауда-саттық қызып тұр. Сондықтан да, инстаграмм желісі арқылы жасаған дүниелерімді сатып отырмын. 14 мыңнан астам тіркелушім бар. Тұтынушыларым – 16 мен 60 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Жаңа дүниемді бірден суретке түсіріп, инстаграммға салуға асығамын. Жақтаушылар да, даттаушылар да кездеседі. Негізінен, алқа, сырға, білезік, диадемалар (шашқа немесе басқа тағатын жұмсақ теріге жапсырылған әшекей), қалыңдықтың букет гүлдерін, бас киімдерді жасаймын.

– Олардың бағалары қанша тұрады?

– 4000 теңгеден, 35000-40000 теңгеге дейін барады.

– Дизайн жолына қалай келдіңіз?

– Әкем кезінде өзі түсе алмай қалған суретшілікке мені түсірді. Анам – дәрігер. Мені өнерге баулыған ешкім болмады. Өз бетімше дағдыландым. Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының «Киім пішу, модельдеу» бөлімінде оқыдым. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Бейнелеу өнері және сызу мамандығын тәмамдадым.

– Шабытты неден іздейсіз? Қайдан аласыз?

– Музыкадан,табиғаттан. Кейде жай ғана көшедегі қыз-келіншектерді көріп, олар осындай киім киіп жүрсе, әшекей тағып жүрсе ғой деген ойдан туындайды. Қазіргі сәнді трендтерді әрдайым қадағалап, сақтап тұрамын және жеке көзқарасымды қосып отырамын.

– Дизайнерлерден кімді үлгі тұтасыз?

– Әлемге танымал Дольче Габбананы, Коко Шанельді үлгі тұтамын. «Сымбат» сән салонының дизайнері Балнұр Асановамен жиі хабарласып тұрамын.

– «Біткен іске сыншы көп» демекші, жасаған дүниеңе қатысты айтылған сынды қалай қабылдайсыз?

– Сын шын болса, әрине дұрыс қабылдаймын. Әзірге, жасаған дүниелерім тұтынушылардың көңілінен шығып жүр.

– Әлеуметтік желі қолданушылары адамның көңіліне қарамай, аңдымай сөйлейтіндері бар? Оларға не дейсіз?

– Дұрыс айтасыз, ондай адамдар бар. Олардың барлық сөзіне құлақ аспаймын.

– Адам бойындағы қандай қасиеттерді ұнатасыз?

– Қарапайымдылық жақсы қасиет қой. Өзім де қарапайыммын.

– Қазіргі кезде ұлттық нақыштағы ою-өрнекке деген жастардың көзқарасы қалай?

– Өте жақсы. Сұраныс көп.

– Соңғы жасаған дүниелеріңіз қандай?

– Ұлттық нақыштағы алқаны жасап бітірдім. Салмағы – жеңіл. Құрамында темір металдардан, табиғи тастардан, Сваров, шыны, тау тастары бар.

– «Дарынды адам – барлық салада дарынды». Тағы қандай өнеріңіз бар?

– Сурет саламын. Гобелен тоқимын. Сұлулық салонына қатысты барлық салаға икемім бар. Тамақ пісіруді де бір кісідей меңгердім.

– Жұмыс орныңыз бар ма? Қай жерден таба аламыз?

– Қазір «Пантера» сән салонында визажистпін. Бояну да, бояндыру да – бір ғылым. Ол үшін де ұшқыр ой мен ептілік керек. Көп тәжірибе қажет. Соңғы рет визажист-стилист Марат Робертович, Виктория Станкеевичтің курстарына қатыстым.

– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Бүгінге дейін әйелдерге арналған бес жүзден астам бұйым мен киім-кешек жасадым. Қыз-келіншектерге арналған кешкі көйлектер де тігемін. Өз үйімде арнайы шеберханам болғанда киім тігумен айналыстым. Қазір тұрмысқа шығуыма байланысты кейбір көлемді, уақыт алатын жұмыстарды кейінге ысырып қойған жайым бар. Отбасылы болған соң, ата-енеңнің, жұбайыңның көңіліне қарауың керек. Мен үшін бірінші кезекте отбасым тұрады. Шығармашылығымды екінші жоспарға қойдым. Яғни, жұбайыммен ақылдасып, келер жылы жеке шеберханамды ашуды ойластырып жүрмін. Қазіргі заманның ағымына қарай қыз-келіншектер жұмысты да, отбасын да қоса алып жүргені дұрыс. Өйткені, олардың ең бірінші жетістігі осындай құндылықтармен өлшенеді. Шаңырақтың шаттығы – сәбидің күлкісінде. Қазіргі бар арман-тілегіміз – сәби күту.

– Арман-тілектеріңіз орындалсын, шығармашылық шыңдардан көрінуіңізге тілектеспін!

Әңгімелескен: Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз