Теңіз суын тұшыту – мәселені шешудің бір жолы

tuhlaia balka 2 Экология

Өңірде су тапшылығы күрделі экологиялық мәселеге айналып барады. Ауыз су – дүние жүзіндегі ең қымбат және кері қалпына келтірілмейтін табиғи қор. Сондықтан облыстағы су ресурстарының экожүйесін жақсарту бүгінде кезек күттірмейтін басты жұмыс болуға тиіс. Бұл проблемаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде айрықша назар аударуының өзі мәселенің маңызын айшықтап тұр.

Жаңа комбинат салынса…

 Жасыратыны жоқ, Жайық өзені қатты тартылып, оның экологиялық ахуалы күннен күнге нашарлап жатыр. Бұл мəселе онсыз да ауыз суға мұқтаж жергілікті тұрғындарды алаңдатпай қоймайды. Мемлекет басшысы Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдағанын айтып, Үкіметтің осы құжатта көзделген іс-шараларды уақытылы қаржыландыруы керектігін атап айтты. Бұдан басқа Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауды алға қойды. Мұның барлығы – дер кезінде айтылған талап-міндет. Бұл бұрыннан айтылып жүрген мəселе болғанмен, облыс əкімі Махамбет Досмұхамбетовтің Президентке дəлелдеп, тиісті назар аударуына қол жеткізуі зор жетістік. Ендігі уақытта жауапты органдар осы жұмыстардың жүйелі түрде атқарылуына белсенді түрде кіріскені жөн. Бұған қоса, Атырауға Каспий теңізінің ащы суынан ауыз су дайындайтын комбинат салуды ұсынамын. Сондай-ақ Жайықтың төменгі жағынан өзенді суға толтырып, одан кейін деңгейін реттеп тұратын, ашылмалыжабылмалы, мүмкіндігінше балықтың өсуіне зиян келтірмейтін бөгет (шлюз) құрылысын салу керек. Ол үшін Ресейден Жайық өзеніне келетін суды мұқият қадағалап отырған жөн. Бұған Атырау облысының экономикалық қабілеті жеткілікті. Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің 19 наурыздағы нөмірінде «Ауыз су тапшылығынан арыламыз ба?» атты мақала жарияланды. Мұнда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаевтың осы проблеманы бүге-шүгесіне дейін зерттеп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдағаны туралы жазылған. Сауалда Ресейден басталған Жайық өзені суының азайғаны, Орынбор қаласы тұсында Ресей өкіметі Жайық өзеніне бөгет салуды жоспарлап отырғаны, Атырау облысында мол тұщы су көзі бар Қызылқоға ауданындағы Тайсойған əскери сынақ алаңының бір бөлігін полигон иелігінен шығару жөнінде Ресей Федерациясымен келіссөз жүргізу қажеттігі айтылды. Бұдан басқа Ақтөбе өңірінен басталатын Ойыл, Сағыз жəне Жем өзендерінің Атырау облысы аумағындағы ағысының мүлдем тоқтағаны, жерасты су көзінің азайғаны туралы қозғалған. «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырының пайдалану мерзімі мен тұтынушылардың ұлғаюына байланысты қайта жаңғыртып, құбырды кеңейтуге 376,6 миллиард теңге қажет екені айтылады. Ал, мəселенің осынша деңгейге көтерілуіне не себеп болғанына ешкім бас қатырып отырған жоқ.

 Су тапшылығы неден туындады?

Қазір батыстағы Ақтөбеден басқа үш облыста адам түгілі малға ішетін судың болмауы əбден уайым болып жатыр. Шынында, бұған не себеп? Бұдан 40 жылдай бұрын «Каспий теңізінің астындағы мұнай мен газға қызығудың қажеті жоқ, егер оны алсақ қатері жəне зияны зор болуы мүмкін» деп талай қоғамдық тыңдауларда айтқанмын. Бірақ бұл ұсынысқа құлақ асқан жан болмады. Статистикалық деректерге сүйенсек, 1990 жылдан бергі дəуірде Каспий маңы ойпатынан 651,4 миллион тонна мұнай, 288,6 миллиард текше метр газ алыныпты. Қазір Атырау жерінде ілеспе газын өңдеу зауыты салынып жатыр. Енді соның əлі төртеуі салынуы керек. Сонда жер қойнауындағы алынған мұнайдың орнын бұрынғыша су айдап толтыруға талпынады. Жер қойнауын пайдаланушылар Каспий теңізін көтеріп тұрған жер қойнауы табиғи қысымын азайтпау үшін алынып жатқан мұнаймен ілесіп келген, құрамында көп көлемді күкіртті сутегі бар газды босаған орынға қайтадан жіберіп жатқанын айтады. Əрине, оның көлемі алынып жатқан мұнайдан аз болғандықтан, босаған орынды толтыра алмайды. Тіпті, газдың салмағы мұнайдан жеңіл болғандықтан, оны толық толтыру мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі болжам бойынша мұнай өндіруші компаниялар теңіз астындағы табиғи қысымды азайтпау үшін небір қитұрқылықтар жасалып жатуы да мүмкін. Соның салдарынан болар, 2000 жылдан бері Каспий теңізінің көлемі 2 метрге дейін тартылып кетті. Бұл мəселе мемлекеттік деңгейде жан-жақты қаралып, оң шешімін табуға тиіс.

Каспий апатын ұмытуға болмайды

                Табиғи тепе-теңдіктің сақталмауы салдарынан күндердің күнінде Каспий қайраңында техногендік апат орын алуы ғажап емес. Өйткені, табиғатты пайдалану арқылы біз тиісті талаптарды сақтап отырған жоқпыз. Күн райындағы өзгерістер, қыста қардың, жазда жаңбырдың болмауы бұған дəлел. Мұндай жағдайда осыдан 35 жыл бұрынғы №37 ұңғыманы еске түсіргенннің артығы болмас. Жер ғаламшарының үстіңгі қабатын (топырақ-тұнба қабаты 0-20 км жарып, жер қойнауынан газ атқылағанда шыққан жалын 90 метрге дейін көтерілді. 390 күн бойы өршелене жанған өртті сөндіруге дүние жүзінің амалы таусылғанда, америкалық мамандар арнайы құрылғы жасақтап, зорға сөндірді. Бұл апат сол жылдары, одан кейін де Атырау, Маңғыстау облыстарының қоршаған ортасына зор зиян келтірді. Кенеттен адам өлімдері көбейді. Осындайда ой туады, «Солтүстік Каспий консорциумы күні бүгінге дейін Каспийге сақтандыру полисін жасақтады ма? Егер бұл құжат жоқ болса, Каспий теңізі байлығын игерушілердің моральдық жəне қаржылық жауапкершіліктерін жояды. Қазірге дейін Каспий теңізінде қаншама компания жұмыс жасаса да, олардың Каспийдің биоресурстарына айтарлықтай залал келтіргені үшін ешбірі жауапкершілікке тартылған жоқ…»

Ғылыми деректер бойынша, 2005 жылға дейін теңізде итбалық саны 1,2 миллионнан 104 мыңға дейін, яғни 91%-ға азайды. Каспийде биоресурстардың 101 түрі бар. Бірақ бекіре тұқымдас, басқа да бағалы балықтар, құстар, жалпы Каспийдегі биологиялық тірі организмдер құрып барады. Сақтандыру полисінің жасақталмауы Каспий теңізі мен оның жағалауында тұрып жатқан 20 миллиондай адамға қауіп туғызады. Жуырда «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының Каспий теңізіндегі «Қаламқас-Теңіз» жəне «Хазар» жобаларын игеру мақсатында келіссөз өткізуден British Petroleum мұнай корпорациясы бас тартты. NCOC консорциумы да «Қаламқас-Теңіз» кенішін игеруді тоқтату туралы шешім қабылдады. NCOC компаниясының басқарушы директоры Ричард Хоув Penrocouncil.kz сайтына берген сұхбатында Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігінің деңгейі төмендеп бара жатқандықтан теңіз логистикасында іркілістер жиі кездесіп отырғанын мəлімдеп, «егер біз бұл проблеманы шеше алмасақ, онда өндірісті жабамыз» деді. Бірақ ол Каспийдің деңгейінің неге төмендеп бара жатқанын ашып айтпай[1]ды. Мəселе – сонда!.. Компания басшысының «Біз əзірге Каспий проблемасына ұзақ мерзімді жауап дайындап жатырмыз» деп, сырғақсытуының астарында үлкен мəн жатыр. Каспийде жер сілкінісі болып тұратыны біраздан бері айтылып жүр. Бəлкім, компания осыған орай теңізден мұнай өндіруді тоқтату туралы ойланып жүрген болар. Сондықтан Атырау жеріне салынатын 4 газ өңдеу зауытының қаржысын бірінші кезекте Каспийдің ащы суынан ауыз су дайындайтын комбинат салып, Жайық өзенінен шлюз орнатуға, «Астрахан-Маңғышлақ» магистралын қайта жаңғыртып, кеңейтуге пайдалану керек. Бұл су құбыры Ресейден су келмей қалса да, облысаралық су құбыры болып қала береді.

ТҮЙІН

Алдағы уақытта адамзат күн, жел, су, басқа табиғи қуаттарды пайдаланып, мұнайға сұраныс азаюы әбден мүмкін. Ал, сусыз тіршілік жоқ екенін ескерсек, Каспий теңізі қойнауынан көмірсутегі шикізатын өндіруді тоқтату мәселесін қазірден бастап қарастырған жөн. Сондықтан Каспий суын тұшытып, ауыз суға пайдалану керек. Үкімет көзделген осы іс-шараларды дер кезінде қаржыландырса, су ресурстарына қатысты біраз күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылар еді.

Қали ƏУБƏКІРОВ,

 «Батыс эко қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз