Атырауда экологиялық сайыс өтті

img 20220521 wa0067 Экология

Күнделікті өмірде шығарылған қалдықтарды қайтадан өңдеу арқылы   пайдаланудың әртүрлі әдістерін бірі білсе, бірі біле бермейді. Қоршаған орта мен туған жерге деген сүйіспеншілікті  арттыру, экологиялық білімді қалыптастырып, табиғатты қорғауға баулу мақсатында Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен, “Инфо орталық” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жалпы білім беретін мектептердің 5-9 сынып оқушылары арасында “Қалдықтардың екінші өмірі” атты экологиялық сайысы өткізілді. 

Сайысқа облыстық мектептерден алпыстан аса оқушы қатысты.  Қатысушылар қалдықтардан яғни пластикалық бөтелкелер, қораптардан, қалдық маталардан тағы басқа материалдардан түрлі бұйымдар әкеліп бақ сынады.

Аталған шараға әділ төрелік еткен қазылар алқасының құрамында Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан Нұргүл Сүгірбаева мен «Атырау эко” эко қозғалысының белсендісі Амандықова Күләш, Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Салық Рамазан Кенжеғалиұлы және Қол өнер шебері Айса Бақтиярұлы болды. 

Сайыс нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар  Х. Наубетов атындағы орта мектепбінің 9 сынып оқушысы Рахымжан Арайлым  І орын, Еркінқала орта мектебінің 6 сынып оқушысы Жұлдыз Мадина ІІ орынды иеленсе,  Х. Ерғалиев атындағы мектеп- гимназиясының 7 сынып оқушысы Бисен Аида мен Қызылқоға ауданы Мұқыр орта мектебінің 9 сынып оқушысы Арай Таласпай ІІІ орынды қанжығаларына байлады.

Қатысушылар табиғаттың адам өміріндегі зор маңыздылығын, оны аялауға сақтап қорғауға өз үлестерін қоса отырып, қалдықтарды сауатты пайдаланып екінші өмір сыйлауға машықтанды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз