ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЛОКОМОТИВІ

Мұнай-газ кешенін осылай атайды. Расында да, тәуелсіздігіміздің сонау бастапқы жылдары ел экономикасын тығырықтан алып шығып, халықты тарықтырмаған осы сала. Елімізге келген алғашқы ірі инвесторлар да - «қара алтынымызды» бірлесіп игеруге ниет білдіргендер.

Міне, өткен жұмада «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында жергілікті мұнайшылар төл мерекелерін атап өтті. Аймақтың байырғы мекемесінде ұйымдастырылған салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазақстанның Еңбек Ері, Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин, Парламент Сенатының депутаты Ляззат Қиынов, ардагерлер мен озат жұмысшылар қатысты. 

Электронды мұражай

Мереке «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының жаңа мұражайының ашылуымен басталды. Оның бір ерекшелігі – барлық құжаттардың электронды тәсілмен жинақталып, ортақ қорға топтастырылуы. Турасын айтқанда, керекті тетікті басып қалсаңыз, сонау 1899 жылы Қарашүңгілден басталатын қазақ мұнайының күллі тарихымен таныса аласыз.

– Шындығында, – деді мұражайдың ашылу салтанатында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, – бұған дейін Ембі мұнайына қатысты құжаттар кез келген жерде шашыраңқы жүретін. Аса бағалы да құнды олардың түбегейлі жоғалып кету қаупі де төнген. Ал, ел мұнайының ғасырдан аса тарихы бар емес пе? Соны келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың парызымыз.

Бүгінде Қазақстан – жылына 80 млн. тоннадан астам көмірсутегі шикізатын өндіріп отырған мұнайлы мемлекет. Осы ен байлықтың 60 млн. тоннасы экспортқа шығарылады. Қазір әлемдік нарықта «қара алтын» құны төмендеп тұрғанымен, ел бюджетінің қомақты көлемін осы саладан түскен салық құрайды. Сын шақта кәдеге жарап тұрған Ұлттық қор да мұнайдан жиналған қаржыдан құралған.

– Бұл көптен ойластырып жүрген нәрсе еді, – деді Қазақстанның Еңбек Ері,Энергетика министрінің бірінші орынбсары Ұзақбай Қарабалин,сондықтан, сәтті жүзеге асқаны қуанышты. Бұрын қазақ мұнайына, соның ішінде Ембі кәсіпшіліктеріне қатысты құжаттарды әр жерден көретінбіз. Баға жетпес құндылығына таң қалатынбыз. Енді, міне, соның бәрімен бір орталықтан танысуға болады.

Жиналғандарды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың атынан құттықтаған оның орынбасары Махамбет Досмұхамбетов өзінің осы мекемеге басшылық жасаған кезінде осындай мұражай жөнінде ойластырғанын айтады.

Сонымен, қазақ мұнайының мол тарихын жинастырған маңызды нысан өмірге келді. Оның тағылымы зор шара екендігі де кәміл. Өйткені, мұнда мұнайшыларға мерей, ұрпаққа үлгі болатын құжаттар жинақталған.

Еңбек жолы ембіден басталыпты

Салтанатты жиналыста мұнайшыларды құттықтағандардың бәрі де өздерінің еңбек жолдарын Ембі кәсіпшілігінде бастағандарын мақтаныш сезімімен айтты. Мәселен, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұдан тура 44 жыл бұрын Уфадан жоғары оқу орнын бітіріп келген соң осында қызметке орналасыпты. Сол кезде бірлестіктің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев екен. Сарықамыста мұнайшылар ортасына түскен аймақ басшысы сол жылдары бірге жұмыс жасаған аға ұрпақ өкілдерін ерекше ілтипатпен еске алды.

Бүгін Қазақстан мұнайы ерекше даму жолында, өніміміз әлемнің әр түкпіріне тасымалдануда. Дүние жүзінің мұхиттарын кезіп «қара алтын» тиеген «Астана», «Алматы», «Ақтау» және «Атырау» танкерлері жүр. Күрделі мұнай-газ жабдықтары өзімізде шығарыла бастады. «Атыраумұнаймаш» кәсіпорнында белгілі кәсіпкер Сағат Түгелбаевтың бастамасымен ірі габаритті қондырғылар дайындалуда. «ЖігерМұнайСервис» мекемесі тұңғыш рет қазақстандық қашаулар мен аса тереңді бұрғылайтын мұнара құрастырды.

Аймақ басшысы байырғы мұнайшылар Отжағар Сәрсенбаевты, Бағыт Сматуллинді, Айболат Ғабдуллинді, Мәлік Жылқышиевті, т.б. «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.

Қазақстанның Еңбек Ері, Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин да еңбек жолын ембілік «қара алтын» өндірушілер сапында бастаған. Жалпы, қазақ даласына алғаш рет бұрғы ұшы бұдан 127 жыл бұрын бойлаған екен. Ал, Қарашүңгіл кенішіндегі №7 ұңғымадан бірінші рет мұнай алынғанына биыл 116 жыл толып отыр. Содан бері отандық мұнайшылар сан белесті бағындырды. Талай ауыртпалықты да бастан кешірді, қазіргі қиындықты да жеңеді.

Ол Мақаш Рахметовтің, Асқар Рзиевтің, Жақсыгерей Құбашевтің, Марал Дәрібаевтың және Аманбай Габдуллинің кеудесіне «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері»  төсбелгісін тақты.                      

«ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Махамбет Досмұхамбетов Марат Ортанбаевты, Мәлік Шахуовты және Амантай Мұқашевті ұлттық компанияның естелік белгісімен марапаттады. Бір топ еңбек озатына Құрмет грамотасын табыс етті.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының Бас директоры Абат Нұрсейітов Ғибатолла Шанаевты, Сәбит Бағытовты, Еркін Әбдешті және Құлжаш Тұрниязовты Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.

Жиналғандарды «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Бас директоры Құрманғазы Есқазиев құттықтады.

Биылғы Мұнайшылар мерекесі Мақаттың 100, Қосшағылдың 80 және Кенбайдың 20 жылдығымен қатар келді. Егер «Эмбанефть» тресі 1922 жылы құрылған десек, содан бері 156 млн. тонна мұнай өндірілген екен. Осы уақытта Сағынғалиевтардың, Балғымбаевтардың, Тасқынбаевтардың, Балжановтардың, Досмұхамбетовтердің, Бешімовтердің және басқаларының мұнайшы әулеттері қалыптасты.

Бүгінде «Ембімұнайгаз»мекемесінің қорында 41 мұнай-газ кеніші бар. Ұжымда 5560 адам еңбек етеді. Үстіміздегі жылға жоспарланған өнім 2800 мың тонна болса, ембіліктер оны 21 мың тоннаға асыра орындауға ұмтылып отыр.

Кәсіпорын басшысы Өмір Сапаров пен Сабыр Нұрболатовты «KAZENERGY» ассоциациясы медалімен марапаттады. Сонымен қатар, бір топ еңбек озаты Құрмет грамотасы мен Алғыс хатқа ие болды.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз