МАМАНДЫҒЫМ – МАҚТАНЫШЫМ

Атырау аграрлы-техникалық колледжінің түлектеріне де диплом тапсыру салтанаты болып өтті. 
Салтанатқа жиналған барлық қатысушыларды оқу орнының директоры Болат Қожиев құттықтады.
- Жыл сайын ауыл шаруашылығы мамандарымен келісім-шарт жасап, жергілікті басқару орындарымен үнемі қоян-қолтық жұмыс жасап келеміз. Біздің колледж – ауыл шаруашылығы мамандары оқытатын өңіріміздегі жалғыз оқу орны. Жыл сайын 25 ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша түлектер осы оқу орнын тәмамдап келеді. Өткен жылы құрылысшы, ауыл шаруашылығы, бухгалтер мамандықтары бойынша 32 түлек ауылдарға аттанып, «Дипломмен - ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналасып, жағдай жасалды. Биыл бұл үрдіс бойынша әр өңірге ауыл шаруашылығы мамандығының сегіз түлегі аттанбақ. Олар Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой аудандарына барып қызмет ететін болады. Оқу орнын бітірген түлектердің жұмысқа орналасуын басты назарда ұстап келеміз, - деген колледж директоры, түлектерге сәт сапар тіледі.

Биыл аталған оқу орнын ауыл шаруашылығы, есеп және аудит, бағдарламашы мамандығы бойынша бітіргендердің арасында 30 студент «үздік диплом» иегері атанған. «Ветеринария» мамандығын биылғы жылы үздік тәмамдаған Еркебұлан Ержанұлы Құрманғазы ауданында, Дәшін селосында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналаспақ. «Әкемнің жеке қожалығы бар. Бала кезімнен бері әкемнің жанында көмектесіп жүргендіктен, өзім осы саланың білгірі болуды алдыма мақсат тұттым. Өңіріміздегі төрт түлікті, әсіресе, «Ақбас сиыр», «Адайдың жылқыларының» басын көбейтіп, облысымыздың, еліміздің ауыл шаруашылығының өркендеп қанат жаюына өз үлесімді қосқым келеді», – дейді түлек.
Түлектердің көпшілігі Еркебұлан секілді өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуды көздеп отыр. «Егеменді еліміздің гүлденуіне өзіндік үлес қоссам», – деген жас жүректің лүпіліне біз де тілеулес болып, олардың алда биік белестерді бағындыруына сәттілік тіледік.

Н.ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз