«1000» МЕКТЕП АКЦИЯСЫ МАМАНДЫҚ ТАҢДАУҒА МҮМКІНДІК БЕРДІ

img 20220421 wa0102 Білім

Елімізде үш жыл бұрын басталған «1000 мектеп» республикалық акциясы өз жемісін бере бастады.

Бұл акцияны қолға алған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны. Биылдан бастап «2000 мектеп» деп аталатын акцияның мақсаты- Қазақстанда тапшы болып тұрған жол саласы мамандарына деген сұранысты өтеуге ат салысу.
Аталған бағдарлама аясында кәсіпорынның Атырау облыстық филиалы өкілдері 2019 жылдан бері мұнайлы аймақтағы мектептерде 300- ге жуық онлайн және оффлайн форматта кездесу өткізді. Осы уақыт аралығында акция үкілеген үмітті ақтады десек артық емес. Бүгінде 2019-2021 жылдар аралығындағы мектеп түлектері кәсіби жолшылар берген бағыт-бағдар нәтижесінде жол құрылысшысы, инженер және зертханашы сияқты мамандықтар бойынша жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуда. Солардың қатарында атыраулық студент Қуаныш Амантаев та бар. Ол 2021 жылы Атырау қаласындағы жалпы білім беретін №32 мектепті тәмамдап, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің индустриялды технологиялар факультетіне оқуға түскен. Қуаныштың айтуынша, акция аясындағы кәсіби бағыт беруге арналған кездесулер оның сұранысқа ие мамандық таңдауына жол ашыпты.
«2021 жылы 11-сыныпта оқып жүргенімде мектебімізге «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалынан жол инженерлері, зертхана меңгерушісі келіп, елімізде кәсіби жолшылар тапшы екенін айтып, осы салаға оқуға түсуге шақырды. Егер жолшы мамандығын таңдасам тұрақты жұмыс табылатынын, тұрақты жоғары еңбекақы төленетінін жеткізді. Соңғы жылдары Қазақстанда жол саласына өте жақсы көңіл бөлініп жатыр екен. Мыңдаған шақырым жолдар салынды, тіршілік бар жерде жол құрылысы жұмыстары жыл сайын жалғаса бермек. Қазір өзімді бәсекелестік ортада ең қажетті маман ретінде шыңдауға бар күш-жігерімді жұмсап жүрмін дейді, болашақ жолшы.
Республика бойынша Қуаныш Амантаев сияқты «1000» мектеп акциясының пайдасын көрген жас көп. Олар жол құрылысшыларын даярлайтын бірнеше оқу орындарында білім алып жүр. Мәселен «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалы мен Атырау энергетика және құрылыс колледжі арасында меморандумға қол қойылған. Соған сай студенттер жылына екі рет филиал зертханасында ұйымдастырылатын «Ашық есік» күніне келіп, зертхана жұмысы және жаңа техникамен танысады. Үш жыл ішінде Атырау қаласындағы бірнеше колледжің студенті филиалда еңбекақы төленетін тәжірибеден өтті.
Сөз басында айтқанымдай, акция әрі қарай жалғасады. Енді «2000 мектеп» деп аталатын акция талай түлектің жаңа өмірге жолдама алып, қажетті мамандықты дұрыс таңдауы кезінде жол бағдар болмақ.

Ләззат Еділханқызы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз