ТАҒЫЛЫМ

Атыраудың ардақтылары

 

Тектіден қалған із

Тоқырау заманы дейміз бе, қайта құру, нарық дейміз бе, әйтеуір, қоғамда болған оңды-солды өзгерістердің барлығын бастан өткізсе де іргесі ыдырап, берекесі ортаймаған, қаймағы бұзылмаған Мұқыр селосының халқы қашанда өздерінің ауызбірліктерінің мықтылығымен, қазақтың кең даласындай дархандығымен ерекшеленеді. Бұл киелі топырақта халқымыздың талай жампоздары дүниеге келіп, ел ертеңінің еңселі болуы жолында аянбай еңбек етті. Солардың қатарында өмір жолы өлеңдей өріліп, соңына кейінгі ұрпаққа мәңгілік мектеп болатындай өшпес өнеге қалдырған Аманияз Ерғалиевтың есімі аса құрметпен аталады.
Ат жалын тартып мінгеннен бастап еңбекке араласқан Аманияз өзі шыр етіп дүние есігін ашқан туған жерінің өркендеуі үшін бойындағы бар қайрат-жігерін жұмсады. Алғашқы еңбек жолын он бес жасында Тайсойған бастауыш мектебінде мұғалім болып бастап, партбюро хатшысы, Қызылқоға аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Мұқыр орта мектебінде директор, «Гурьев» қаракөл асыл тұқымды қой совхозының инженері, көп жылдар ферма басқарушысы болып қызмет етті. Еңбек пен білімін ұштастырып, Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институтын, сол кездегі А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын және Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын сырттай оқып бітіреді. Көздері көре қалған тұстастары осы күнге дейін Аманияз ағаның елі үшін атқарған ауқымды істерін, қандай жауапты қызметтерді атқармасын, аса сабырлы, кісілік парасаты өте жоғары, білікті, тиянақты да талапшыл адам болғандығын жиі еске алады.
«Уақыттың ұшқырлығына ешкім де уәж айта алмайды» дейді халқымыз. Сол жүгенсіз уақыт Аманияз Ерғалиевтың арадан кетіп, о дүниелік болғанына жиырма жылды толтырыпты. Бұл күнде Аманияз Қонысқалиұлының салған сара жолы өз жалғасын табуда. Бауырынан өрбітіп, көзі барда оқытып, үйлі-күйлі болған төрт ұл, екі қызы жапырақтары жайылған отбасыларын құрап, бақытты, байқуатты өмір сүруде. Қырық жылдан астам уақыт өмірдің талай қызықтары мен қиыншылықтарын қатар бөліскен жан жары Мәдина Қабдоллақызы – балаларының амандығын тілеп, бергенге шүкіршілік етіп отырған абзал ана. Жақында әулеттің ұйғарымымен ұрпақтары Аманияз ақсақалға арнап ас беру рәсімін өткізді. «Соңыңда ұлың қалса – өзің қалғаның, қызың қалса – ізің қалғаның» деген рас-ау. Ойлары да, бойлары да жарасқан Аманияз ақсақалдың төрт ұлы қатар тұрғанда алынбас қамалдай, арқа сүйер асқар таудай көрінеді екен. Алыс-жақыннан келген ағайын-жекжат, дос-жаран көп жиналған жиынды Аманияз ағамыздың тұңғышы, белгілі мұнайшы Ардақ Қонысқалиев ашып, көпшілікке ақжарма тілегін білдірді. «Асылдың сынығы ғой – бұл» десті халқы. «Халық айтса, қалыс айтпайды» деген Ардақ Аманиязұлына беріліп отырған бұл баға тегіннен-тегін болмаса керек.
Тектіден туған текті ұл ата-нып, әке салған соқпақты қуалай ержеткен Ардақ Аманиязұлы тәуелсіз ел ертеңі үшін талай тер төгіп, жемісті еңбек етті. Өзінің ғана қамын ойламай, халқының жағдайын қашанда ойынан бір шығармады. Жергілікті халықты мамандандырып, оларды өндіріске баулып, жұмысқа орналастыруда аянбай тер төкті. Ежелден мал шаруашылығымен айналысқан сол жердің тұрғындары үшін бұл зор жетістік болатын. Тізбектей берсең, Арекең атқарған ірі-ірі істер жетерлік. Оны туған халқы жақсы біледі. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде жерлестері оған ауылда мешіт салуды аманат етеді. Сөйтіп, халық тілегін орындап, өзінің туған ауылына мешіт салдырып береді. Қ.Зайыров, О.Қазмағамбетов, Н.Құбашев, Т.Мұсағали сынды еңбек ардагерлері ұсыныс жасап, мешітке «Аманияз ата» есімі берілді. Бұл имандылық үйі бүгінгі күні жастарды жақсылыққа, ізгілікке, татулық пен бірлікке тәрбиелеуде көптеген жұмыстар атқаруда.
Аталған шарада сөз алған ел ағасы Төлеп Тілегенов ақсақал Аманияз аға туралы толғақты ойларын ортаға салды. Ол кісінің атқарған істеріне тоқталып, іскерлігін, адамшылық зор қасиеттерін тілге тиек етті. Мәдина апай екеуінің жарастықты отбасын құрып, өмірге саналы ұл-қыз әкелгендіктерін айтып, ыстық ықыласын білдірді. Ал, Мәжит Қарабалиев ақсақал: «Аманияз кісімсінуге жаны қас, өте кішіпейіл адам еді. Он жеті жыл бірге жұмыс жасаппыз. Басшы болса да, жасы менен үлкен болса да, «Мәжит» деп атымды атап көрмепті» деп толғанса, Жұмаш Жақсиев ақсақал өзінің жас кезінде белгілі бір себептермен бюроға түсіп, айналадағылар жаудай талай бастағанда Аманияздың ақылды ой айтып, өзіне қамқорлық жасағанын сағынышпен еске алды. Ал, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Сайпол Мұқанов ағамыз замандасы туралы жүрекжарды пікірін білдірсе, Құмар Хасанов Шернияз ақынның бейітін табудағы Аманияз ағамыздың еңбегіне ерекше тоқталды.
«Менің әкем Серік Шынтасов – Мәдина анамыздың туған інісі. Демек, тәтем – менің әкемнің туған жездесі. Екеуінің татулығы бөлек болыпты. Әкем тәтемді «аға» десе, ол кісі өмір бойы «Серікжан» деумен өтіпті. Жетімдік зардабын көрген әкем мен інісі Берік осы тәтем мен мамамның қолдарында тәрбиеленген. Айналасындағылардан қамқорлығын аямайтын тәтем әкем мен оның інісін оқытып, жоғары білім алып беріп, үйлендіріп, еншісін беріп бөлек шығарады. Ал, анам Аққалыш осы кісілердің қолына келін болып түсіпті. Тәтемнің өзінде барды місе тұтпай, ағайын-туысқа қамқорлық жасап, үнемі қанатының астына алып жүретін адам болғанын ес білгелі жиі еститінбіз. Ол кісілердің бойларындағы адамгершілік, бауырмалдық қасиеттерді біз, кейінгі ұрпақ бойларымызға сіңіріп өстік. Бұл ұлағатты енді біздің балаларымыз жалғастыруда. Олар да бірін-бірі аға, іні деп іштартып тұрады. Сананы тұрмыс билеп, адамдардың бойында мейірімділіктен гөрі, қаттылық басым болып тұрған қазіргідей заманда үлкендеріміздің арасында болған жылы сыйластық, біріне-бірі қол ұшын беруге даяр тұратын қайырымдылық кейінгі жастарға үлгі болатын тағылым деп түсінемін» деп Айбек Ғабдуллин өз ойын ортаға салды.

Ата аманаты
«Жақсының жақсылығын айту – парыз» дейді ғой, бұл күнгі Аманияз ағамыздың атына айтылған жақсы сөздер, ол кісінің атқарған істеріне берген халықтың бағасы бір сәт ұрпақтарының мерейін тасытып, көкдөнен көңілдерін көсілтіп жібергендей. «Сұрапыл соғысқа аттанарда Қонысқали ақсақал ұлы Аманияз бен қызы Өзипаны інісі Сапарғали мен келіні Мінәйімге аманаттап кетеді. Сол кеткеннен асыл әке майдан өтінде қалады. Мінәйім Сұлтан Уәйіс әулие Ыбырайымұлының қызы екен. Жастайынан иманы мол, ізгі жан болыпты. Екеуін бауырына тартып, туғаннан кем қылмай өсіреді. Біз – сол Өзипаның қыздарымыз. Анамыздан естіген мына бір оқиға есімде қалыпты. Аманияз нағашым он бестердегі бозбала. Жол жұмысына кеткендердің арасында туған апасы Өзипа да бар екен. Ызғырық суық, күн батып кеткен. Жертөледе бүрісіп отырған көпшіліктің ішінен біреуі «Өзипа, саған бір бала келіп тұр» дейді дауыстап. Далаға шықса, есік алдында тұрған інісі Аманиязды көріп, еңіреп, құшақтай алады. Сөйтсе, апасының қиналып жүргенін біліп, кішкене тайды мініп келіп тұрған түрі екен. Содан апасын сол тайға отырғызып, өзі жетектеп, әупірімдеп Тайсойғанға жетіпті. Осы бір оқиғаны анам марқұм жиі әңгімелеп, Аманияздың қайсарлығы, қамқорлығы бала кезінен қалыптасып еді» деп отыратын. «Жақсы қасиеттер адам бойына ананың ақ сүтімен, туған топырақтың нәрімен сіңеді» деп жатады ғой. Нағашымның бауыр еті балаларының жақсылықтарын аяқ басқан сайын көремін, халықтан естимін. Осы үшін көңілім марқаяды, қуанамын» деп толғанған Өзипа апайдың қыздары Қалыш пен Клараның әңгімелерін тебіренбей тыңдау мүмкін болмады.
Ағамыздың қыздары Алмашара мен Айнагүл де әке туралы сөз қозғалғанда жанарларын торлаған көз жастарына ерік берді. «Студент кезімде есеп кітапшамдағы тәуір бағаларымды көріп қуанатын» деген Айнагүлдің әңгімесін, Алмашара «әкемнің әрбір сөзі, істері бізге үлкен өнеге болды. Айтатын ең ауыр сөзі «бар болғыр» ғана еді. Мен де өз балаларыма осы сөзді айтамын» деп жалғастырды. Ұлдары Асқар, Арыстан, Аймұрат та әкеге деген сағыныштарын жасырмай, ержетіп есейіп кетсе де, бала жүректен шыққан ыстық лебіздерін білдірді. «Бізді өмірге бейімдеп, қанаттандырып, өз орнымызды табуға бағыттаған әкеміздің аруағының алдында басымызды иеміз. Ол кісінің жарқын бейнесі біз үшін мәңгілік өшпейтін тұғырлы тұлға», – дейді Аманияз ақсақалдың үш ұлы.

Мәдина
ананың сыры
Жанарынан байсалдылық пен салиқалылық ұшқыны сезіліп, жанындағылардың барлығына да мейірлене қараған Мәдина ананың жасы 84-ке аяқ басса да, сырлы аяқтың сыры кетсе де міні кетпегендей. Әсем жымиып, айтарын мәнерлеп, айшықтап әдемілеп жеткізеді.
– Мен бақытты анамын, қарағым. Балаларым, олардан өрбіген ұрпақ – менің өмірімнің сәні. Жатсам, тұрсам тілерім – осылардың амандығы. «Армансыз адам болмайды» дейді ғой, менің арманым да – осы қанаттарымның амандығы. Бір ғана өкінерім, отағасымның осылардың қызықтарын көре алмай кеткендігі. Қуанышты сәттер болғанда «шіркін-ай, ортамызды Әбекең отырса ғой, жарқырап» деп қиналып кетемін. Бірақ, балаларыма білдірмеймін. Менің қиналғанымды көріп сақтары сынбасын, көңілдері жабырқамасын» дегенім ғой. Шүкір, көп шүкір, Алланың ісіне қарсы күпірлік етуге болмайды, шырағым», – деді Мәдина ана сәл күрсініп.
Сонау 40-жылдардың аяғында шаңырақ көтерген Аманияз бен Мәдина отбасы бақытына бөленген, ауылдастары айта жүрер жарасымды жұп құрады.Үлкеннің де, кішінің де алдында сыйлы болды. Ұстаздық қызметтің жауапкершілігін отбасы берекетімен қатар алып жүрген Мәдина апайды көрші көлем, тума-туыс қатты қадірлейді. «Әркімнің ниетіне қарай» дейді ғой қазақ, олардың ақ адал пейілдеріне тәңір құндыздай төрт ұл мен екі қырмызы қыз сыйлады. «Отағасым өте сабырлы, ғайбат сөз айтпайтын, ақылын алдына ұстаған адам еді. Қырық бес жыл отасқанда бір ретте жаныма тиіп, жүрегімді ауыртар сөз айтпапты. Өте балажан еді, жарықтық. Балаларының әрқайсысына мән беріп, қабілет-қарымдарын байқап, өмірге бейімдеп отыратын. Сол бағыттаумен балалардың барлығы да жоғары оқу орындарына түсіп, мамандықтарын игерді. Өмірден өз орындарын тапты. Осының барлығы – әкелерінің арқасы.
Алғашқы немересі Артур дүниеге келгендегі қуанышының өзі бір төбе еді. Қасынан тастамайтын. «Артуржан үйленгенде есік алдына палатка тігіп, үлкен той жасаймын» деп армандайтын. Арманына жете алмады. Сол Артурым үйленерде Ардақ ұлым келіп: «әкемнің арманы еді ғой, баланың тойын қалаға емес, Мұқырға есік алдына палатка тігіп жасайық» деп ұсыныс айтты. Сондағы жүрегімді кернеген қуаныш пен өкініштің қабаттасып, жанымды қинағанын білсеңіз. Қуанғаным – баламның әке сөзін жанына тоқып, естен шығармай жүргендігі болса, өкінгенім – Әбекеңнің осы бір керемет күнді көре алмай кеткендігі еді» деп бір мезет ой құшағына енгендей үнсіз қалды.
Көңіл кіреукесін ысырғысы келді ме, тұманданған жанарының ылғалын сездіргісі келмеді ме – Мәдина ана бір сәт кірпіктерін қағып-қағып жіберіп, жай ғана күлімсіреді. Алты баладан тараған он алты немере, тоғыз шөбере – Мәдина ананың көз қуанышы, бақыты. Олардың бірі мойнына, бірі етегіне оралғандағы кішкене құшақтары жұмақтың төріндей сезіледі. «Бұларға қосылып өздері де ата, әже болып үлгерген бала-келіндерім де еркелеп жатады, қарақтарым. Артурдың кішкентайы бір жарым жастағы Аириннің алақанынан су іштім. Екеуміздің арамыз – 82 жас. «Шөберенің қолынан су ішкен жұмаққа барады» деген, бұл да – мен үшін үлкен қуаныш. Отағасымның көздері мен іздері ғой бұлар» дейді ана тебіреніп.
Кім-кімге де үлгі боларлықтай өмір кешіп, ұрпақтарының салауатты да, иманды істеріне разы болып, ел-халқының амандығын тілеп отырған Мәдина анамен жылы қоштастық. «Сапарларың оң болсын, Қыдыр ата жолдастарың болсын» деп алақан жайып, бата берген ана жүрегінің мейірімді шуағынан бар адамзат нәр алғандай. Өйткені, ол – ананың тілегі…

Ағиба ҚАТЕШОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған