«Atyraý»-мен бірге есейіп келемін…

olrlorl "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

– Ата, сізге мына жаңалықты айтып берейінші?!

– Оқи ғой, құлыным. Құлағымды түрдім, назарым сенде!

– «Atyraý»-дың бүгінгі нмірін де осындай хабар жарияланыпты… – деп, газет бетіндегі мақалаларды мүдірместен оқып шықтым да:

– Тыңдаңыздар! Енді теледидар бағдарламасына кезек берейік, – дедім, даусымның ырғағын арттыра түсіп…

Бала кезден жастанып оқитын «Atyraý»-мен алғашқы таныстығым осылай басталып еді. Пошташыны асыға күтіп, терезеге телміріп отыратын сол бір сəттер əлі күнге дейін жып-жылы қалпында жадымда сақтаулы тұр. «Əліппеден» кейінгі көркем əдебиетімізге айналған төл басылым бұрыннан да əрбір отбасының тəрбие құралы мен рухани серігі болатын.

Атамның: «жас ұлғайған сайын жанарымыз нашарлағанмен, қазақ баспасөзінің арқасында көзіміз ашық, көкірегіміз ояу. Əлемдегі ақпарат айдынында газет-журнал көп болғанмен, «Atyraý» – біреу. Сондықтан да оның орны айрықша, бəрінен биік тұруы тиіс. «Atyraý»-мен бірге өскен адаспайды», – дегені құлағымнан кетпейтін. Оның үстіне, мектеп қабырғасында қосымша пəн ретінде қосылған «Журналистика негіздерінің» дəрістері бұл мамандыққа бұрынғыдан да жақындастыра түскенін несін жасырайық?!

Алғашқы бас редакторым Нұрлан Қабылов ағаймен «алтын ұямда» жүргендеақ кездесуім кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Қарбаласқа толы газет процесіне қарамастан, оқушыларға ақпарат агенттіктері, баспасөз қызметі, корректура секілді таңсық ұғымдар мен терминдерді үйретіп, мамандыққа баулыған ұстаздар да осы газеттің тілшілері еді. Оңы мен солын танып үлгермеген балалардың шимайшатпағын газетке жарамды етіп жариялауға үлес қосқан, сөйтіп, шығармашылыққа жол сілтеген де «атыраулықтар»!

Қашан да жайдары жүзбен, мейірімді көңілмен қарсы алатын қарашаңырақ – өзімнің екінші үйім, ал, осындағы апалар əріптес, тіпті, сырлас дос болғаны да – түсінген жанға бір бақыт. «Айналайыны» аузынан түспейтін, кемшілікті жасырып, жақсылықты асыратын ағалардың арасында жүрген де бір ғанибет. Студент кезден-ақ радио, телевидение сынды тамыры бір, тарамы бөлек салаларға қызығушылық танытып, табалдырығын аттағанмен, бəрібір «Atyraý» өзіне тартып тұратын. Редакциядағы қазақылық, шығармашылық еркіндік, қызмет бөлмесінде шыбынның дыбысы ғана естілетін тыныштық (ой еңбегі үшін маңызды – авт.), барлығы да жас маманды «менмұндалап» шақыратын.

Əрине, тізбектей берсек, ойға оралар естелік-сыр көпақ. Сəті келсе, олар да ретімен оқырманын табар. Бірақ, осы күнге дейін азды-көпті тəжірибе жинап, облыс журналистикасына теңізге құйған тамшыдай қосқан үлесіміз болса, ол – «Atyraý»- ымның арқасы. Қазақ өнері мен мəдениетінің талай тарландары ұшталған ұстаханадан тəлім алудың өзі «үлкен мектеп» деп түсінемін. Осылайша, біз де аймақ жылнамашысымен бірге есейіп, өмір жолымызды парақтап келеміз.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз