“Атырау” газетінің оқырмандары кезекті ұтыс сыйлықтарын алды

caee62e4 afdc 4e93 ad0b baf5be269ff0 Жаңалықтар

«Атырау» газетіне 2024 жылға бір жылдық мерзімге жазылған оқырмандар арасында Жаңа жыл қарсаңында ойнатылған сыйлықтар өз иелеріне табысталуда. Бүгін ұтыс иелерінің бірі Атырау қаласының тұрғыны Алтас Бисенбаевқа «дастархандарыңыз ортаймасын» деген ниетпен асхана пеші тарту етілді.

Айта кету керек, Алтас аға газеттің тұрақты оқырманы екен. Бір қызығы бұған дейін бірнеше жыл бойы газетке бір жылдық мерзімге жазылған түбіртектерін де ала келіпті. Өзі Жылыойдың тумасы. Атырау қаласында 15 жылдан бері тұрады. Десек те, туып-өскен өңірі Жылыой ауданының «Кең Жылыой» газетіне де ұдайы жазылады екен.

–Газет оқу – зиялылықтың белгісі ғой. Технологиясы қарыштап дамыған елдердің өзінде газет оқу мәдениеті өте жоғары. Өйткені, дәстүрлі басылым – тасқа басылған тұнған тарих, құнды құжат. Сондықтан мен «газеттің дәуірі өтті, енді керегі жоқ» деген керітартпа пікірлерге қарсы адаммын. Парақтарындағы сөзі қалың бұқараға мың күндік азық болатын басылымның қанаты талмасын. Көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандары көп болсын, – деді А.Бисенбаев.

Сонымен қатар жеңімпаздардың бірі Атырау ауылдық округі, Құрманғазы селосының тұрғыны Айгүл Сәрсемалиева да редакцияға келді. Газеттің бас редакторының орынбасары Азамат Базарбаев жүлдеге тігілген стильді шаш үлгілері қызметіндегі «Кератинді түзету» сертификатын иесіне тарту етті.  

c2956294 9d29 460e 9ada 39fe498ff2d4

Айгүл Сәрсемалиева аталған ауылда жылдар бойы балабақшада тәрбиеші болып қызмет еткен. Қазір зейнет жасында. Биыл өзінің жұмыс істеген балабақша басшылығы еңбек ардагерлерін бір жылға «Атырау» газетіне жаздырған. Бұл жаңалық оқырман үшін жаңа жыл қарсаңында жағымды хабар болса керек-ті. Ал ұтыс ойынында жеңімпаз атанғанын газет бетінен оқып, кейін редакция қызметкері қоңырау шалғанда бұл тіптен тосын сый болыпты.

–Өзім «Атырауға» жыл сайын жазылушы едім. Газетті асыға күтіп, оқитын оқырмандардың бірімін. Биыл ғасырдан аса тарихы бар басылымның ұтыс ойынында осындай сыйлыққа ие болғаным – мен үшін қуанышты жаңалық. Шаш стилисінің «Кератинді түзету» сертификатын қуана қабылдап тұрмын. Бұл қызметті өзім пайдаланбасам да, үйдегі келініме сыйлауды құп көрдім. «Атырау» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Қалың бұқараға жеткізер жағымды жаңалықтарыңыз арта берсін, – деді А.Сәрсемалиева.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз