Газеттің оқырманға жеткізілмеуіне не себеп?

img 5692 Жаңалықтар

Бүгінде 24 беттік аптасына бір рет бес мыңнан астам данамен жарыққа шығатын, ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің уақытылы оқырманға жеткізілмейтіні көпшілік арасында орынды наразылық туындатып тұр. Осындай мәселелермен редакцияға қоңырау шалып, газеттің әлеуметтік желілердегі парақшаларына хабарлама жіберетіндер де аз емес. Мұндай жағдайдың орын алуының себебі неде? Оның шешілу жолдары қандай? Біз осы сауалдарға жауап іздедік.

«Жыл басталғалы газет жоқ…»

Атырау қаласындағы Жаңаталап ауылына жақын «Химик» бау-бақша қоғамы аумағындағы Грушевая көшесінің тұрғыны Ғабит Сапар өткен аптада редакцияға қоңырау шалып, жыл басынан бері газеттің неше саны шыққанын сұрап, оның ешқайсысы өз үйіне жеткізілмегеніне реніш білдірді. Онымен сөйлесіп, телефон тұтқасын қоя бергеніміз сол-ақ еді, «Атырау» шағынауданындағы Өркен көшесі, 17 үйдің тұрғынымын деп өзін таныстырған еңбек ардагері Қадыржан Әдиев газеттің жыл басынан бергі нөмірлері жеткізілмегеніне шағым айтты. Алмалы селосының тұрғыны, журналист Жанат Жұмағалиеваның да айтары бар.

– Өзім ақпарат саласында жұмыс істеймін. Облыс жаңалықтары күн сайын көз алдымда өтіп жатыр, біз оны қалың бұқараға радио арқылы жеткіземіз. Бірақ қашан да газеттен оқыған дүние бөлек қой. Облыстың бас газетінің көтерер жүгі де ауыр. Мұнда сарапталып, сүзгіден өткен жақсы мақалалар жарияланады. Оқырманның жүрегіне жол табатын бірқатар айдарлардың да барын білеміз. Десек те жазылым бойынша биылғы газет нөмірлерін әлі көрмедік. «Атырау» газетін тұрақты жаздырып оқитын атам да үйде газетті тағатсыздана күтеді. Келмеген соң Алмалының «Қазпошта» бөлімшесіне аяқтай барса, «Қазпошта» операторы мекен-жай индексін түбіртекке дұрыс толтырмағандықтан бізге тиесілі газет Махамбет ауылына жол тартқан. Сөйтіп, ауданды шарлаған басылым үйге әлі жетпей отыр, – дейді Ж.Жұмағалиева.

Газеттің дайындалып, жарыққа шығуына қатысты оқырман тарапынан еш шағым жоқ. Шығармашылық ұжым аптасына бір рет әр бейсенбі сайын шығарып келеді. Негізгі мәселе – «Қазпошта» арқылы жазылған оқырман қолына дер кезінде жеткізілмеуінде. Сондықтан әрбір оқырманның көтерген сұрағы орынды. Біз осы сынды қордаланған сұрақтарды «Қазпошта» мекемесінің облыстағы филиалындағыларға қойғанбыз. Ондағылар әдеттегіше маманның тапшылығын айтып «зар жылады». Бір учаскенің курьері ауырып қалса, енді бірінде жұмысқа бекітілген арнайы қызметкері жоқ екен.

Оған сенейік десек, филиалға біз хабарласқан күні түстен кейін «Химик» бау-бақша қоғамының тұрғынына газеттің төрт нөмірін бірден апарып беріпті.

Біз көтерген мәселе бойынша мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Рашила Мүрсәлиева да редакцияға хабарласқан еді.

– Біз отбасымызбен жылына 70-80 мың теңге төлеп, «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Атырау», «Прикаспийская коммуна» секілді бірнеше газетке жазыламыз. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Бірақ бүгінге дейін бірде-бір газет жеткізілмеген соң үйге жақын маңдағы «Қазпошта» бөлімшесіне  аяқтай бардым. Алайда одан да ештеңе шықпады. Жазылған басылымдарды бәрібір ала алмағаным да ештеңе емес, мән-жайды бөлімшедегі пошта қызметкерлері мәдениетті, сауатты тұрғыда түсіндіре алмады. Ақырында мекеменің басшылығына шығуыма тура келіп, нәтижесінде бөлімшеге есігі құлыпталатын жәшік қойылды. Қазір газеттерді сол жәшіктен өзім барып алып жүрмін. Ал шындығында оған «Қазпошта» басшылығы тереңірек ой жіберуі тиіс. Оқырманның мекеменің ішкі жұмысында шаруасы жоқ. «Қазпошта» басшылығы осыны реттеуі керек, сонда газет-журнал еш кедергісіз оқырманның қолына келіп тұрады, – дейді Рашила Қабиқызы.

Ел намысын жоқтаған…

Басылымды сарғая күткендердің қатары мұнымен шектелмейді. Тізе берсек, наразылық білдіріп, пікір жазушылар көп-ақ.

Жуырда қоғам белсендісі Арман Жайықбаевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі посттарының бірі осы мәселеге арналды. Әрине, біз онымен келісеміз. Өйткені Орал Ташмұханова есімді оқырман өз комментарийінде:

– «Атырау» газетіне жылда жазыламыз. Ал газетті үйге жеткізу – «Қазпошта» үшін үлкен проблема. Атырау қаласының тұрғыны болсақ та газетті кешіктіріп оқимыз. Тіпті кейбір нөмірлері мүлдем жеткізілмей қалады. Курьерден сұрасаң «менің жәшігімде не тұр, соны ғана таратамын» дейді. Жүйкесі мықты адамдар болмаса бұл мәселеге түсіністік таныту өте қиын. Мәселен, биылғы «Атыраудың» алғашқы нөмірін 10 қаңтардан кейін ғана алдық. Қанша нейрондар өлді. Біз газеттің соңғы нүктесіне дейін оқитын оқырманбыз. Газет биыл аптасына бір рет шығатын болыпты. Шығармашылық ұжымға сәттілік тіледім» деп жазған.

Редакция тарапынан оқырмандардың әлеуметтік желідегі пікірлері де назардан тыс қалмайды. Аталған комментарийлерге кері байланыс орнатылып, редакция газетті шығарумен шұғылданатынын, ал оны оқырманға жеткізуді «Қазпошта» келісім-шарт негізінде толық өз жауапкершілігіне алғанын, сондықтан бұл мәселелерге байланысты аталған мекеме жауап беретіні түсіндірілді. Сонымен қатар,  «Қазпоштаның» ресми парақшасы және мекеменің облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрдәулет Лесбаев тегтеліп, бұл проблема бірінші рет емес, жиілеп кетсе де шешімін таппай келе жатқаны айтылса да, оған «Қазпошта» тарапынан үн қатып, кері байланыс орнатқан тірі жан болған жоқ.

Жауапсыз сұрақтар оқырмандардың пошта қызметіне деген сенімінің жоғалуына әкеліп тірейді және бұл жағдайдың газет оқырмандарының азаюына да кесірін тигізіп тұрғаны анық. Бүгінде заманауи технология қанша қарыштап дамыса да газет жоғалмайтыны анық. Оның себебін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.

Осы орайда көрнекті ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінің алғашқы санында астын сызып көрсеткен сөзі ойға орала береді: «…Газет – жұртқа қызмет ететін нəрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады…»

Жазылу мәдениеті қалыптасса…

Жуырда Атырау облысына жұмыс сапары барысында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескенде Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібайдың алдына бұл мәселе бірінші кезекте қойылды.

– Баспасөзге жазылу мәселесі – бір бөлек тақырып. Ал бұл жұмысты ұйымдастырып болғанда, газеттің оқырманға жетуі үлкен шаруаға айналып отыр. Себебі әлі күнге дейін «Қазпошта» нақты жұмысты жүйелі орнатпаған. Газеттің оқырманға уақытылы жеткізілмеуінің салдары бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қызметкерлердің беделін де төмендетеді, – деді «Атырау» газетінің бас редакторы Н.Қосшиев.

Мәселені мұқият тыңдаған Руслан Сұлтанұлы газетті ешбір бұқаралық ақпарат құралымен салыстыруға келмейтінін, мерзімді басылымның орны қашан да биік екенін атап айтып, нақты мысалдар келтірді.

– Бірде бірнеше азаматтың жер сатуға қатысы бар екендігі айтылған сұхбат беріледі. Кейін осы материал қажет болып, іздеген кезде газеттен басқа бұқаралық ақпарат құралынан табылмады. Міне, газет – архив. Қашан, қалай іздесеңіз де табуға мүмкіндік бар. Сайттардағы материалдар бір сәтте өшіп қалуы әбден мүмкін. Мәселен, сайттардан 15 жыл бұрын жарияланған дүниені табу қиын. Сондай-ақ газет журналистері өте сауатты, мұқият жазады. Тілдің тазалығына, грамматикалық қателерге баса мән береді. Ағылшынның BBC радиосы өздерінің тіл тазалығын, үндестігін қатаң сақтайды. Сол секілді бізде бұқаралық ақпарат құралдары арасында тіл тазалығының нағыз жанашырлары газетте деп есептеймін. Газеттің қазанында қайнаған журналист кез келген ақпарат құралында еш қиындықсыз жұмыс жасай алады. Біз Ақорданың баспасөз қызметіне журналист таңдағанда да газеттегі білікті қызметкерлерді қабылдадық. Өйткені біз таратқан мәліметте ешқандай қате кетпеуі тиіс, – деді Р.Желдібай.

Оның айтуынша әр адам газетке саналы түрде жазылуы тиіс. Үгіттеп, қинап жаздыруға әрине болмайды. Ал бұл насихат жұмыстарын жүргізбеу керек, еш әрекет етуге болмайды дегенді де білдірмейді. Әр азамат газеттің маңызын, оған жыл сайын жазылу қажеттігін дүниетанымымен дұрыс түсініп, саналы түрде жазылатын мәдениетті қалыптастырған жөн.

– Қазір технология күн сайын жаңарып, дамып жатыр деп газеттен түбегейлі бас тарта алмаймыз. Облыстық, аудандық газеттерді жабу деген мүлдем ойда жоқ. Бұл – елдігімізге сын. Біз мұндай күйге түсетін болсақ, онда неге мемлекетпіз?! «Халықтың газетке қызығушылығы жоқ екен» деп, мерзімді басылымдарды мүлдем жабуға болмайды. Мұндай әрекет бізді алға жылжытпайды. Сондықтан, газеттің оқырманға уақытылы жеткізілуі мәселесін өзім басты назарға аламын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, «Қазпошта» мекемесінің осы проблемасын түбегейлі шешуді күн тәртібіне шығарамыз, – деді Президенттің көмекшісі.

P.S. Айта кеткен жөн, «өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» мерзімді басылым түсіне білген жанға ақпараттың қайнар көзі және шексіз құнды қазына. Халықтың көзін ашып, көкірегін оятатын да тәрбие құралы. Әсіресе, бүгінде қоғамда «жаргондармен» сөйлейтін жастардың көбейіп, қазақы сөздің қаймағы бұзылған заманда газет оқудың жөні бөлек. Технологиясына ешкім тең келмейтін Жапонияда күніне екі рет – таңертең және кешке миллиондаған таралыммен шығатын газеттер бар. Өйткені мұнда бұқара арасында газетке жазылу мен оқу мәдениеті өте жоғары. Халқының өресі биік, ғылымы мен білімі де сапалы. Ондай елдердің қанаты ерте қатайып, өркениетке шапшаң бетбұрыс жасауының құпиясы да осында шығар, бәлкім.

Ал, Сіз газет оқисыз ба?

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

***

                           Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ, «Egemen Qazaqstan»» газетінің меншікті тілшісі:

Өнім тұтынушыға уақытылы жетсе…

– Бүгінде жастардың мерзімді басылымдарға жазыла қоюы екіталай. Бар шығар, бірақ олардың қатары аз. Көпшілік қазір әлеуметтік желіден түрлі ақпаратты оқиды. Бірақ оның барлығын бірдей шынайы деп қабылдауға болмайды. Бүгінде «хайп» қуып, әлеуметтік желідегі парақшасын шулы «дүниемен» толықтырып, артынша оны өшіріп тастап жататындар көп. Ал газеттегі мақаланы мұндай жағдаймен салыстыруға әсте болмайды. Себебі, газет тек бір облыстағы, республикадағы іс-шараларды көрсетумен шектелмейді. Қазір «газеттер Президенттің немесе облыс әкімінің сөзін ғана сөйлейді» деген түсініктен мүлдем арылған жөн. Бір кезде ондай бағыт болғаны рас, бірақ қазір басылымдар бұдан арылды. Бұл үшін басылымды ұдайы оқу керек.

Газетке тек ақпарат тарататын құрал ретінде қарамау қажет. Неге? Біріншіден, мерзімді басылымдар – ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіретін, мемлекеттік идеологияны кеңінен насихаттайтын бірден-бір құрал. Екіншіден, газет – оқу мәдениетін қалыптастырады. Егер   жас ұрпақты ұлттық құндылықтармен тәрбиелейміз десек, әр отбасының төрінде қазақ тілді газет   тұруы керек. Үшіншіден, газетте жарияланған әр ақпаратты, сараптамалық не публицистикалық мақалаларды кез келген уақытта тауып алуға болады. Өйткені, газет – тасқа басылған тарих.

Ақан НЫСАНБАЕВ, «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры:

Газетке жазылу 40 пайызға төмендеді

– Біздің негізгі мақсатымыз – пошта қызметінің жұмыс сапасын 100 пайызға жеткізу. Былтыр жаз айында осы қызметке келгенімде жұмыс сапасы 67 пайыз еді. Бір жылдан аса уақыттың ішінде бұл көрсеткішті 90-91 пайызға жеткіздік. Республика бойынша үздік филиалдардың қатарындамыз. Бұл – ұжымның біраз тер төккен еңбегінің жемісі.

Қазір пошташының қызметі келісім-шарт бойынша курьерге жүктелген. Облыста 240 курьер болса, оның 80-нен астамы Атырау қаласында. Олар күнделікті жұмысына сай жалақысын күн сайын алады. Белсенді қызмет еткен курьердің айлық табысы 200 мың теңгеден асады. Бұрын таңертеңнен кешке дейін жұмыс жасайтын штаттағы пошташының жалақысы 70 мың теңге болатын.

Кейбір форс-мажор сәттерде курьерлердің жұмысында олқылықтардың кездесетіні рас. Мұндайда басқа курьерлерге қосымша жүктеліп, жұмыс реттеліп отырады. Күндіз кейбір тұрғындардың үйде болмауының салдарынан, мекен-жайдың дұрыс жазылмауынан немесе ауысып кетуінен, пошта жәшіктерінің жоқтығынан газет жеткізілмей қалып жатады. Ауладағы қабаған иттер де өнімді үйге жеткізіп беруге кедергі келтіруде. Тіпті тұрғындар арасында үйінде қай уақытта болатынын айтпай, дөрекі сөйлесетіндер кездеседі. Ал, курьерлердің де сегіз сағаттық жұмыс уақыты, олардың да отбасы мен жеке өмірі барын ешкім ескермейді.

Айта кеткен жөн, бүгінде тұрғындардың газетке жазылу көрсеткіші 30-40 пайызға дейін төмендеп кетті. Былтыр бізге 20-дан астам курьер жетіспеді. Өйткені олардың басты талабы жоғары жалақы сұрайды. Қазір жалақыны өсіру бізге де тиімсіз. Себебі қазір «Қазпошта» жүйесінде пайдадан гөрі шығын көп.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз