Баннер 9 мая от газеты Атырау

БАСТАЛҒАН «КІШКЕНТАЙДАН» ҮЛКЕН ӨНЕР

Сірә, даладан асқан ақын, даладан асқан күйші, даладан асқан даналық жоқ екенін қазақтардан артық кім білер?! Перзент бойына бар асыл қасиет сол даладан даритыны тағы мәлім. Дархан дала халықтың қайталанбас, әр ғасырда сирек құбылысқа айналған дара тұлғаларын туғызған. Соның бірі – Жұмекен Нәжімеденов.

Қошалақтан аттанған қоңыр ұлдың қоңыр үні әлі күнге қазақ даласын өлең болып, ән болып кезіп жүргендей. Оның куәсі – еліміздің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным». Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін оны жатқа білетіні — Жұмекен өлеңдерінің мәңгілік екенінің сөзсіз дәлелі. Биыл ақынның туғанына 80 жыл толып отыр. Осы орайда Қазақстанның түкпір-түкпірінен Жұмекенге арнаған ақындардың жырлары тоқтаусыз ағылуда. Соның бірпарасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ағаға айтылмаған сыр

Домбыра-көңіл шерткенде дербес күйді кей,

Мұңым боп менің жаңғырықтың да санамда.

Күннің тәжінен күлімдеп кербез Күнікей,

Көк жақта өлең сән құрыпты ма, жан аға.

 

Зәһәрін төгіп жырыңның не бар керегі,

Құдайдың сөзін келеке қылған заманға.

Ашақтың құмы жоқтаумен Қоңыркүреңін,

Ақын боп кеткен секілді бүгін, жан аға.

 

Қабірге түспей қадірің қалар байқалмай,

Өлген соң ғана басыңа салып сағана.

Мезірет қылып мінәжат тағы айта алмай,

Момын кейпіңмен көкке сіңдің бе, жан аға.

 

Тіріңде көру жазылмай қарыс маңдайға,

Жырыңмен ғана тілдескем, бетке ап Жайықты.

Сіз өскен елде сырымды жайып ақ Айға,

Жүргенім үшін болып та шықтым айыпты.

 

Ауылда қалған ақынның жоқ деп керегі,

Жорамал айтқан сөзіне жұрттың иландым.

Қиғаштан қашан қош айтысып кеткелі,

Жайықты жырсыз қалады ғой деп… қимадым.

 

Тәмамы біреу, тәбәрігі көп тірліктің,

Шағаласы боп қонғанмын, келіп жағаға.

У да шу мынау даңғаза дәурен үркітті,

Құшағыңа алшы, жан аға.

 

…Тоңып кеттім…

Бақытгүл БАБАШ,

Атырау қаласы.

 

***

Сырымды жайып Күн менен Айға көктегі,

Көлеңке-ғұмыр кеудеме зәрлі у кептеді.

Сіз жақта дейді, мәңгілік өмір, бақи-жаз,

Ал бізде тағы қарағай бүрі көктеді.

 

Күлкімді ұрлап көңілсіз күндер сайтаны,

Ашаққа биыл жолым түспеді. Жай қалды.

Қураған тал мен тезектен жылу іздеген,

Ауылға барсам, жүрегім жылап қайтады.

 

Қайғымды айтып қайтейін саған, Тәңірім,

Кеше гөр, Аға, рухыңды кештеу таныдым.

Біреуін жатқа айта алмаған әз-жырыңның,

«Ұстазыма» өкпе артып жүрмін әлі күн.

 

Кінәлап қайтем, қасірет емес ол да аса,

(Қазынаң сенің онсыз да кеткен қырды аса).

Тірілігіңді, ірілігіңді сезінем,

Үш жасар ұлым «Менің елімді» жырласа.

Қол жайып қария батасын беріп көк белде,

Салауат қылып өткендер менен кеткенге.

Қошалағыңның сағыныш-жүгін арқалап,

Кеңсайға барып тәу етіп қайтқам, көктемде.

 

Тексіздер үшін бар ма, аға, сенің жазығың,

Өлең-жыр болған дауасыз жанға азығың.

Күтеді сені айналып соғар ма екен деп,

Өзіңнің Темірқазығың…

 

Келесің қашан, еліме сәлем етем деп,

Жұмақтың төрін жүрсің бе әлде мекендеп.

Алшаң да алшаң Ашақтың құмын кеземін,

Табаныңның, аға, ізі қалды ма екен деп?..

 

…Сырымды жайып Күн менен Айға көктегі,

Көлеңке-ғұмыр кеудеме зәрлі у кептеді.

Сіз жақта дейді, мәңгілік өмір, бақи-жаз,

Ал, бізде тағы қарағай бүрі көктеді…

 

(Сәуірдің үші. 2006 көктемі).

Бақытгүл БАБАШ.

 

Адалдық

Жұмекен рухына

Мойныма түспесін деп жаза-құрық,

Өткенді еске алуым – таза ғұрып.

Фәнидің таспа жолын Бақи жалғар,

Жаһанның жанарынан наз ағылып.

 

Көксеумен шах сарайын, хан сыңайын,

Қызғалдақ-қиялымды жаншымайын.

Шуақ боп Күн жүзінен тамшылайын,

Тазысы қоян алған аңшыдайын.

 

Тұрғандай мұң есінеп, шер кекіріп,

Шөлдеген жүрегіңіз тербетіліп.

Көкке ұшып кете алмадым, қанатым жоқ,

Несіне құбыламын жерде қырық.

 

Жырды да «құлпыртып» жүр жасандылық,

Өзекті тілгілейді қасаң күдік.

Қалқайып құлақ шықты Айға түнде,

Қампайып ұлып еді аш әңгүдік.

 

Өшпесін қоңырыңның төл есімі,

Тамырға күйлетпейік өлесіні.

Көрер-ау мысық-тәбет көресіні,

Тұншықса Асқазан мен Өңеш үні.

 

Құдайы Нұрдан туған Таң абаты,

Төлеуде шын ақынға «қаламақы».

…Бозаң қыр, боздақ жусан –

Ботасы өлген

Баяғы саулы інгеннің Аманаты!

Асылбек ЖАҢБЫРБАЕВ,

Маңғыстау облысы.

 

Іздедік сені

Дұшпанның бұлты төбеден жаншып төнгенде,

Тілемсектер тілімен тамшық тергенде,

Тынып ағатын өзіңдей тереңдер емес

Тас тастасаң лайланар шалшық көргенде,

Іздедік сені.

 

Өлімтік көріп қарғалар шулап қонғанда,

Құлагерлері қапаста тулап қалғанда,

Тамыр болатын тарихын табанға таптап

Бүр жаратын бұтақтар қурап қалғанда,

Іздедік сені.

 

Талға жау таппай ақиқат аштан өлгенде,

Батыраштардың балтасын басқа бергенде,

Қымсынбай қырық өтірік айта беретін

Билік басына баяғы тазша келгенде,

Іздедік сені.

 

Мүсәпір кейіп танытпай мылтық тосқанға,

Шаңырақ тігіп, енші алып түндікті ашқанда,

Қасіреттерге мойымас қасиет дарып,

Бодандықтың да бұғауын жұлқып қашқанда,

Іздедік сені.

 

Артылып жатыр атағын бұлдағыш пенде,

Қайда апарады адамды құр намыс кеуде.

Алла назары жердегі патшаға түсіп,

Патша назары сендегі жырға түскенде,

Іздедік сені.

 

Әрбір өлеңің алтынмен апталған кезде,

Жүректің сөзін жасқанбай ақтарған кезде,

«Менің Қазақстаным» деген қазағың,

Менің Жұмекенім деп мақтанған кезде,

Іздедік сені.

Мұхтар НИЯЗОВ,

Қызылорда қаласы.

 

***

Жұмекен ақын – қазақтың қоңыр өлеңі,

Жырларыңды оқып ұрпағың бүгін тебіренеді.

Ортада болсаң сексенді желкелеп алып,

Талантың таудың ұшар басынан көрінер еді.

 

Жұмекен ақын – қазақтың қоңыр ұлы едің,

Қаймана халықтың мұң-шері болып төгіліп едің.

Мерейтойыңды өткізіп жатыр артыңда халқың,

Өзіңді жоқтап сөз түсінетін егіліп елің.

 

Жұмекен ақын – Қошалақ ұшырған қыран,

Барша қазақтың баласы етіп ұсынған ұлан.

Жұмекен болып Ақ Жайық буырқанады,

Жұмекен болып өтіп барады тұсымнан бір ән.

 

Жұмекен ақын, қабыл ал, мен жыр бағыштадым,

Орныңнан бүгін бір аунап жатшы, сырлы арыстаным.

Құлағыма менің қоңыр өлеңді сыбырлайтындай,

Һәм жүректегі бір данышпан үн.

 

Жұмекен ақын, бақұл бол, мансұқтары аңыз,

Басыңа жырдан бір-бір гүл жаншып барамыз.

Біз де пендеміз өмірден қоштасқаннан соң,

«Ахирет», – дейтін ауылда табысып қалармыз.

Әзірге, қайыр хош!

Жәнібек САДЫРОВ,

Атырау қаласы.

 

Кішкентай

…Бұл жырды «Кішкентай» деп қоя

салдым, осыдан басталар ма үлкен өнер!

«Кішкентай» лирикалық толғауынан.

 

Арқалап ғасырыңның наз, арманын,

Бақытың – өрелі өлең жаза алғаның.

Сыйлапты бір өзіңе жаратылыс,

Осы бір аңқылдаған қазақ жанын.

Мадақ сөз қажет емес асылдарға,

Әрдайым, ие жүрдің басыңды Арға.

Алыбы Атыраудың,

Ноқтағасы –

Жыр-көшін жетектеген ғасырларға.

 

Далама жаһұт-жырың екті гүлін,

Таралып жүректерге септі нұрын.

Бастау ап «Кішкентайдан» үлкен өнер,

Айналып құдіретке кетті бүгін.

(Тектінің таны, содан тектілігін!)

 

Дүлдүлсің, ғасырларға үнің кеткен,

Жүрегін кер заманға тілімдеткен.

…Құрман-күй күңірентіп кең даламды,

Жаһанды Жұмекен-жыр дүбірлеткен.

 

«Адайдың» асқақ үнін аспан ұқты,

Текті ұлың талабымен тас жарыпты.

Құралып тамшылардан ұлы теңіз,

Ұлы өнер «Кішкентайдан» басталыпты.

 

Жүзеді айдынында жыр кемелер,

Бұлт қалай айдың бетін бүркемелер?!

…Өзіңе «Кішкентай» деп жыр арнадым,

Осыдан басталар деп үлкен өнер.

Ерлан ҚАЛМАҚОВ,

Қостанай қаласы.

 

Жұмекен

Нәжімеденовке арнау

Айбынды үннен шуақ тарап, айдарынан жел ескен,

Бір құпия жаратылыс шақырады дөңестен.

Сауырына қамшы тиіп кеткеннен соң арғымақ,

Жол тартты кеп қилы-қырат асу үшін белестен.

 

Жаратқанның өзі қолдап, жатыр, міне, жетелеп,

Енді қалай құдіретті сыйдың күшін өтемек.

Болашақтың байсалдығы болғаннан соң табанды,

Жөргегінен көтеріп ап құндақтаған жекелеп.

 

Сәби келсе бұл өмірге дейміз бе әлде бүлдіршін,

Бүлдіршіннің тірліктегі тыныстығын кім білсін?

Мынау тағдыр кейбіреуге қысқа ғұмыр береді,

Дегендейін сол уақытта өмір сүріп үлгерсін.

 

Кемелденген келешектің жыр отына тамызғы,

Болып қалу үшін енді адам керек жаны ізгі.

Сол адамың танылғандай тәуелсіздік таңында,

Әр қадамы, әр адымы мәнді әрі маңызды.

 

Кіршіксіз ақ, пәк сезімді жамылса егер биіктер,

Замананың сондай заңғар тұлғаларын сүйікті ел.

Қастерлейді, қадірлейді, құрметтейді мәңгілік,

Ал, ендеше бұл есімге кім бар лайық кейіпкер.

 

Отанымды, туған далам, өз елімді мен ертең,

Әсем әнмен әлди етіп өлең жырға кенелтем.

Деген мынау қазағымның ұлдарына бас иіп,

Бәрін-бәрін құшағына бөлеп алды кең өлкем.

 

Жер-ананың шетсіз-шексіз риздығына малшынып,

Бүрін жарды, міне, осындай көктемдегі тал шыбық.

Көкке ұмтылып бой көтеріп келе жатты, па шіркін!

Табиғаттың берген сыйы бір өзінде баршылық.

 

Көпшіліктің көкейінде сұрақ тұрды кім екен?

Қазағымда дарындылар дырау және ірі екен.

Сәл кірлесе жанын күймен аппақ қылып жуып ап,

Шыңға жайып кептіретін бұл Алатау Жұмекен.

 

Қай адамның қаншалықты атақ, даңқпен құны бар,

Тарихтан зор орын алар ұлағатты ұлылар.

Бүгін таңда барша әлемге өз ұлтын танытқан,

Қазағымның Шәмшіменен, Жұмекендей ұлы бар.

 

Халқым менің енді неге көмей сөзін жасырдың,

Алып-ұшып тұрған кезде көңілдегі асылды үн.

Отанымның қос ботасы жарқыратып жұлдызын,

Нартайлағы болып отыр ғаламаты ғасырдың.

 

Мұндай асыл ардақтыны сыбай-салтаң мүсіндеу,

Оған деген рух тағзымын жаныңменен түсінбеу?

Мен егер де туралықтың татымасам тұзынан,

Бекершілік, әурешілік болмай ма екен ісім деу.

 

Біледі ме, әлде қайдам, білмейді ме ерен жұрт,

Жо, жоқ, бірақ, бәрін бірдей жарытпаған керең қып.

Тұңғиықтың түбіндегі тамырменен тістесер,

Сенің жеке басыңдағы қасиет бұл тереңдік.

Жаның ғажап тайыз емес шыңырауға бекінді,

Жырларыңда құдірет бар сол әлемге өтімді.

Сонда қалай, қара жермен жатырсың ба ұштасып,

Тамырынсыз өмір сүре алмайтын гүл секілді.

 

Ұқсап келмес бүгінгі күн, күнмен сірә кешегі,

Әр уақыттың өзіншелік мазмұны бар деседі.

Өр киелі топырақта сендей ұлды әкелген,

Туған жердің маңдайдағы бақыты да бес елі.

 

Алайда біз өкінбеспіз, құрдан-құрға қамығып,

Күллі әлемге әйгілі боп тұрса есімің танылып.

Жұмекеннің жұмағына сағынышты арқалап,

Кәрі Каспий теңізінен көтерілді самұрық.

 

Көкке құлаш қанат сермеп қырандайын боп ұшқан,

Мұзбалағын осылайша талпынумен толысқан.

21-де жалын атқан мынау жырың ендеше,

21-дің ғасырымен қалай шебер тоғысқан.

 

Арманшылдың ауласында, кең көсіліп, жүріп кең,

Жаздың ба, әлде, осы өлеңді сарыауызды үмітпен.

Бұл өлеңнің авторы деп өзіңді айтып болған соң,

Көк туыңның, көк аспанда желбірейтінін біліп пе ең?

 

Ұрпақтарға ұлттық мүдде, керек таза ұстаным,

Мен қашанда өз елімнің кеңдігіне құштармын.

Оң қолымды жүрегімнің төріне әкеп қояйын,

Шарықтай бер, Әнұраным «Менің Қазақстаным».

Медет ҚАБДЫҒАЛИЕВ,

Орал қаласы.

Бұл талантқа кімдер басын имеді?

Бұл мендегі үлкен сырқаттарды жеңгесін,

Бұл күйтабақ айықтырған Алла берген пендесін.

Бір толқыныс араласты анашымның даусына

– Ол кім ақын? – деп сұрадым бар тағатым таусыла.

– Ол – елге деген, жерге деген махаббаттың иесі,

Сондықтан да биіктетем кітаптардың киесін.

Ол – Жұмекен есімді ақын ессіз өлең жазбаған,

Туған дала.

Өскен Отан.

Тақырыбы – боз далам.

Көңіліңді шын-ақ бөлсең сергітетін жаныңды,

Жұмекендей махаббатпен өсірсе ел әр ұлды.

Ері әлсіз болмас елдің.

Сырқат құрық салмайды,

Осылайша анам маған түсіндірді мән-жайды.

Ана сөзі қозғау салған. Көкейіме ой тола,

Өлеңдерін оқи бердім күніне мың қайтара.

Осы екен ғой көңілін күй тербеген жазушы,

Оқырманын даңққа итермеген жазушы.

Дандайсыған дақпыртқа бой бермеген жазушы,

Қара басын томалақ-той жеңбеген жазушы.

Елді сүйем деуші ем бұрын. Бәрі бос сөз (сезгенім)

Сәулем де жоқ жүрегіне салып жүрген өзгенің.

Содан бері махаббат пен өлеңнің,

Қасиетіне бөлендім…

Ымырт шақта бір жігітке жолықтым,

Айтқандай-ақ, сырқат жанға қарттың емі қоныпты.

– Мен жазылдым дауасынан анаңның

Жұмекеннің жырларынан нәр алдым.

Жазылмаймын деген ойлар қалжыратқан шағымда,

Келіншегім көңілдене отыра қап жанымда

Оқып берді ұлы сезім иесінің жырларын,

Көңілімдегі көркем оймен ынтыға кеп тыңдадым.

Одан әрі тың тағатын тауысып бар төзімнің,

Өзім оқи жөнелдім де, жеңілдедім – сезіндім.

Бойымдағы қалжыратқан уайым-мұңды сейілтті,

Сырқат сырын дәрі емес,

Өлең менен күй ұқты.

Көңіл бөліп анаң марқұм маған солай берсе үлгі,

Мен де емдеп жазбақшымын төсек тартқан көршімді.

Уа, Жұмекен!

Ұлы Абайдан татып өссең тамшы жыр,

(Табылмайды қағынғанға қамшы кіл)

Көңілінде сәуле бардың көкейіне күй толар,

(Біздің сезім боп жүр әлі сен жағыңнан бейхабар).

Татымы мол тұзды жырға табынғандар мол, сірә,

Алайда, жұрт ала алмайды сендік ойға қол сұға.

Сенің сөзің (сенсең анық) дауалы сөз,

Бақыт та,

Менің сөзім тәуелді боп тұр әзірге уақытқа.

Шипалығын сезер ме екем?

Ертең-ді

Мәңгілікке жамылған соң көрпемді.

Гүлжайнар ҚАЛДИНА,

Ақтөбе қаласы.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз