ҚОҢСЫ ҚОНҒАН ҚОС АУДАН

рухани байланысын нығайта түсті

Жайықтың бойын жайлаған, тарихы тамырлас, ынтымағы жарасқан қос ауданның байланыстары соңғы жылдары  нығая түсті. Бұған дәлел – сенбі күні  өткен Махамбет ауданындағы Индер ауданының мәдени күні. Индердің жеткен жетістіктері осы шара аясында жарқырай көрінді. Аудан жұртшылығы осынау байыпты шараға лайықты дайындықпен келгенін байқатты.

  

ИНДЕРЛІКТЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ауданға келген қонақтарды ең алдымен Махамбет ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мардан Жұмахметұлы Сейітқалиев қабылдады. Қабылдауға көршілес ауданнан келген қонақтармен бірге, ауданымыздың ардагерлері мен әр салада қызмет етіп жүрген басшылар қатысты. Көршілес ауданнан келген қонақтарға «қош келдіңіздер» айтқан Мардан Жұмахметұлы:

– Дауылпаз ақын, наркескен батыр, жыр семсері Махамбет бабамыз атындағы ауданға қош келдіңіздер! Ежелден көршілес, бір өзеннің бойында жатқан тарихы тамырлас аудандардың өзара мәдени ынтымақтастығын арттыру құптарлық іс деп есептейміз. Бүгінгі шара тек қана мәдени бағытта емес, екі ауданның өсіп-өркендеу жолдарын, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бүгінгі жетістіктерін жұртшылыққа кеңінен таныстыру болып табылады,-деген ол Махамбет ауданының тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде қыс-қаша таныстырып өтті.  Бұдан кейін Индер ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Нұрлыбаев сөз алды.

– Бүгін облыс әкімінің бекіткен кестесі мен тапсырмасына сәйкес, аудандардың ынтымақтастығы мен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Махамбет ауданында Индер ауданының мәдени күндері өткізілуде. Бұл мәдени күндердің жалпы мақсаты – ауыл тұрғындары мен өнерпаздарымыздың жетістіктерін көрсету, екі аудан бір-бірінің жақсылықтары мен жасалып жатқан жұмыстарын көріп, іс-тәжірибе алмасу. Осы бағытта біздің ауданымыздың өнерпаздары Махамбет ауданының төрт елді мекенінде әртүрлі өнер ұжымдарымен бірігіп, өнерлерін көрсетеді. Сонымен қатар, спорттық жарыстар, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік жәрмеңкелер, көрмелер өткізілуде. Жайықтың бойын жайлаған екі аудан бұрыннан да аралас-құралас. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан мереке сол ынтымақтастықты одан әрі күшейтетініне сенімдіміз.

 

АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ КОНЦЕРТ

Қабылдаудан соң жиналған жұртшылық аудандық өнер мектебі ұжымының мерекелік шарасын тамашалауға асықты. «Тәуелсіздік» алаңында домбыраның шанағынан күмбірлеген күй төгіліп, асқақтаған әсем ән шырқалып, ұлттық өнер дәріптелді. Күннің ыстығына қарамастан, дендерліктердің өнерін тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы көп болды. Салтанатты шараның ашылуында сахна төріне көтерілген  Индер ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Нұрлыбаев:

– Бұл шараны өткізудегі басты мақсат – ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрді дәріптей отырып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық қасиет пен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті сіңіру, өнерге қадам басқан және өнерде өзіндік орны бар өнерпаздарды кеңінен насихаттау, өңірлердің өзара тәжірибе алмасу байланысын арттыру. Елбасымыз «Мәдениеті жоғары, тарихы танымды, ойы сергек елдің рухы да биік. Рухы биік халықтың іргесі де берік, әлеуеті де қуатты, ынтымағы жарасты болмақ» деген болатын. Осыған орай, облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының тапсырмасына сәйкес  аудандардың өзара мәдени күндері жоспарланып өтуде. Малы қоралас, шаруасы аралас жатқан көрші Индер мен Махамбет аудандары – мүддесі бір, мақсаты айқын аймақтар. Оның үстіне, аудандардың бір-бірімен тәжірибе алмасуы да басты назарға алынды, – деп ауданымызға келудегі мақсаттарын түсіндірді.

Мәдениет күні ағаштан түйін түйген шеберлер мен он саусағынан өнер тамған ісмерлер, қос ішектен күмбір-күмбір күй төккен, мың бұрала билеген бишілер мен күміс көмей әншілер, ұлттық өнерді ұлықтаған көркемөнерпаздардың ұсынған мерекелік концертімен жалғасын тапты. Концерттік бағдарлама аудандық өнер мектебінің мұғалімдерінен құралған фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің орындауындағы Құрманғазының «Саранжап» күйімен ашылып,  әншілер әннен шашу шашты.

 

ДЕНДЕРДІҢ БАЙЛЫҚТАРЫ

Аудандық әкімшілік ғимараты алдында Индердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, тарихы мен шежіресі жөнінде стенділер қойылып, ол аймақ тынысынан хабар берді. Алаңға ақшаңқан киіз үй тігілді. Мәдени күндер аясында рухани тұрғыдан бір серпіліп қалған халық Индердің қазба байлықтарын да көріп қайтты. Дала төсін егінмен толтырған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер де өз өнімдерін ала келген екен. Дастарқанды дәмге толтырған, жеміс-жидектің, бау-бақша өнімдері мен көкөністердің сан түрін, тіптен қазақтың бас сусыны – қымызды қолжетімді бағамен сатқан «Владимир», «Дәулет», «Телес», «Алға-1», «Манас», «Көктерек» шаруа қожалықтарының, «Тлегенов», «Зейнеден» жеке кәсіпкерлерінің саудасы қыза түсті.

Өңірдің басты байлығы саналатын Дендердің бренді – йодталған ас тұзы көрмені аралаушылардың назарына ұсынылды. Жиналғандар тұздың 30 келісін 750 теңгеге сатып алып жатты. Көпшілік үй шаруашылығында ішкі жұмыстар үшін қолданылатын құрғақ құрылыс қоспалар дайындайтын «Bias Tech» ЖШС-нің гипстеріне, өнімі республика аумағы мен Қырғызстан еліне жіберілетін «Иси гипс Индер» ЖШС-нің  гипсокартондарына, сонымен қатар, құрғақ гипс пен гипс тас дайындайтын «Пром Строй Центр Сервис» ЖШС ұсынған тауарларына ерекше көңіл аударды. 2007 жылы құрылған «Еркор» ЖШС дайындайтын қиыршық тастар бүгінде құрылыс алаңдарында кәдеге жарауда.

 

КӨРМЕ КӨРІК БЕРДІ

Әрқайсысы бір-бір мәдени бренд боларлықтай ұлттық құндылықтар – бесік, текемет, шағын киіз үй, қазақы киіммен әспеттелген қуыршақтар, тостаған, қамшы, торсық, қобыз секілді ұлттық құндылығымыз көрменің сәнін келтірді. Ашық аспан астындағы көрмені көруге келген көпшілік, әсіресе, Қ.Абаханов атындағы орта мектеп оқушыларының қолынан шыққан өнер туындыларына тамсана қарап, жоғары бағасын берді. Кәдімгі киізден салынған сурет те қызығушылығымызды арттырмай қоймады. Сан түрлі бояу арқылы өткеннен сыр шертіп, бүгінді бейнелеген суретшілердің шығармалары жоғары кәсіби деңгейде дайындалғаны көрініп-ақ тұрды. Құрылыс ауылының тұрғыны Қанат Айдархановтың ағаштан жасаған кәдесыйлары мен әшекей  бұйымдары біздің назарымызды еріксіз аударды.

Көрмеге аудандық мұражайдың қорында сақталған археологиялық қазбалар, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар әкелініп, Мұрат Мөңкеұлы мен Махамбет өтемісұлының, экспозициялық, этнографиялық көрмелері көпшілік назарына ұсынылды. ХVIII-ХІХ ғасырларда қазақтар тұтынған тұрмыстық заттар мен ақ жаулықты аналар мен бойжеткендер пайдаланған зергерлік  бұйымдар келушілердің қызығушылығын арттырды. Біздің заманымыздан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүріп кеткен тоғыз метр тереңдіктен табылған мамонттың жамбас сүйегі көрмеге қойылды.  

 

АЛҒАДАҒЫ ӘСЕРЛІ ҚОЙЫЛЫМ

Бұл күні әуезді әуен мен күмбір-күмбір күй төгіліп қана қоймай, «Жарсуат» халық театрының сахналауындағы драматург Сәкен Жүнісовтің «Ажар мен Ажал» спектаклі Алға ауылының тұрғындарына ұсынылды. Бұрындары тек қана ауылдағы халық театрының өнерін тамашалап қалған тұрғындар алыс ауылдан келген ұжымға дән риза.

Спектакль кейіпкерлерін  шынайы сомдауға тырысқан Назгүл Тналиева, Ғафур Тәженов, Ақбота Қойшыбаева, Алтынбек Есенаманов, Лаура Қапашева, Гүлзада Есқожиева, Ұлықбек Оңдасынов, Замир Фархадұлы, Ерлан Өтекенов, Гүлсезім Ғарифуллина, Манас Әзербаев, Сұлтан Қияқбаевтар кәсіпқой әртістерден кем түспей, көпшілік ықыласына бөленді.

 

ӨНЕРІМЕН ТАНЫЛҒАН КИЕЛІ ӨҢІР

Халықтың қазыналы қамбасынан күмбірлеген күй мен әуелеген әнді төгілткен өнер ұжымы кәсіби шеберлік пен өнерге деген жоғары ықыластарын ерекше аңғартты. Ауданның орталық алаңында Индер ауданы өнер таланттарының гала-концертімен көрші ауданның мәдени күні қорытындыланды.

Концертте облыстық «Дельфий ойындары» байқауының жүлдегері – «Ай-аруы» бишілер тобы қазақ биі «Қосалқа», әжелер ансамблі Абдолла Мусағалиевтың «Ақ көгершін», халық әні «Той базар», дәстүрлі әнші Айдар Иманғалиев Қисаның әні «Дендер», Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сөзіне жазылған «Сол бір ән» әнін Рза, Тимур Нұрмағамбетовтер, «Шашу» би тобы жапон биін, Қайырбаева Перизат С.Бәйтерековтің «Әлия» әнін орындады. Ал, жас күйшілер  «күй тартыс» жасағанда халық дуылдата қол соқты. Домбыраның құлағында ойнаған жас дарындар көрерменге зор әсер қалдырды.

Сонымен қатар, «Балалар және жасөспірімдер» спорт мектебінде екі аудан спортшылары арасында волейболдан жарыс өтті. Жарыс қорытындысы бойынша 3:1 есебімен индерліктер жеңіске жетті.

Аяжан ЕСЕНЖАНҚЫЗЫ,

Асылай СЕРЖАНҚЫЗЫ,

Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз