ҰРПАҚТАН ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын бүгінде бүкіл қазақстандықтар қолдауда. Жуырда өткен патриоттар форумының да «Мәңгілік ел» идеясына арналуы –осының айқын дәлелі.

 

Бұл бірегей идея бүгінгі күні көптің қолдауына ие болуда. Себебі, Қазақ елі, Мәңгілік ел, Ұлы Дала елі деген ұғымдар талай ғасырлар бойы, түрлі дәуірді бастан кешірген қазақ халқының бұрынғы және бүгінгі жай-күйінің көрінісі іспетті.

«Мәңгілік ел болу – тәуелсіздігіміздің мәңгі болуы, елдің бірлігі, бейбітшілік пен келісім, татулық пен тұрақтылық». Бұл Президентіміздің «Мәңгілік ел» ұғымына берген айқындамасы еді. Ойлап қарасам, «Менің елім – мәңгілік ел» деген ұғымның өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Осы сөздің өзі алдағы уақытта бүкіл қазақстандықтарды мақтанышқа бөлеп, отансүйгіштікке тәрбиелейтін болады.

Мәңгілік елдің бір ұстыны – тіл. Тәуелсіздікпен қатар мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілінің айналасында проблема аз болмайтын. Жуырда ғана Елбасымыз әлемнің ең беделді жиынының ең жоғарғы мінберінен – Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейлі сессиясында таза ана тілімізде сөйледі. Сөйтіп, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі ұлт абыройын аспанға көтерді. Осы сәтте Қазақстан халқының төбесі көкке жетті десем, артық айтқаным болмас. Сол сәтті қартымыз бар, жасымыз бар баршамыз үлкен толқу үстінде, мақтаныш сезіммен қабылдаған болатынбыз.

Біздің еліміздің бұдан әрі өркендеп, Мәңгілік ел болуы үшін мүмкіндік мол. Аз жылда дамыған елу елмен терезе теңестірдік, енді міне, отыздықтың ортасынан ойып орын алуға ұмтылудамыз. Елбасы саясаты негізінде халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы сақталып тұр. Мемлекет басшысы әр азаматтың, әр кәсіпорынның, әр ұжымның, қала берді тұтас еліміздің бәсекеге қабілетті болу қажеттігін және оның тиімді жолдарын көрсетті. Бұл бағытта тиісті 5 институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» іске асырылуда.

Мәңгілік ел – болашақтың жобасы десек, ол ұрпақтар сабақтастығының жемісі болмақ. Өңірдегі ардагерлер де Мәңгілік елдің шаңырағы биік, керегесі кең болуы үшін қалыс қалмай ақыл-кеңестерін аямай, өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында айтарлықтай атсалысып келеді. Бүгінде жастар арасында жиі болып Ұлы Дала елінің ғаламат тарихы мен биік белестері жайында салиқалы ойларын, көрген-білгендерін айтып жүрген ардагерлер аз емес. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері А.Айбаров, О.Қарасаев, Б.Қуанышев, тыл ардагерлері М.Ғабдісәлімова О.Мұхтаров, Қ.Ғабдолла, Ж.Көшенов және басқалар бар. Олар жұмысшы және студент жастармен тағылым жасауды дәстүрге айналдырған.

Ал, кешегі Елорда төрінде өткен «Мәңгілік ел – Болашағы Біртұтас ел» атты республика патриоттары форумы қазақстандықтарды бір сілкінтіп тастағаны рас. Әсіресе, қайырымды іспен айналысып жүрген атыраулық Ерлан Күмісқалиевтың және Асхат Мырзабаевтың    есімдері форум мінберінен аталып, Атыраудың абыройын асқақтатуы бәріміз үшін де зор мақтаныш болды. Өңіріміздегі жастарымыз осындай жігіттерден үлгі алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосар болса, етек-жеңіміз жиналған, жау көзін де сүзе қарай алмайтын мықты Мәңгілік ел боларымызға күмән жоқ. Біз ақыл-кеңесімізді тыңдап өскен бүгінгі ұрпақтан үлкен болашақ күтеміз.

Әліпқали БЕКЕШ,

Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз