Жазушының дара да, сара жолы

Жазушының дара да сара жолы Жаңалықтар

«Ерден ердің несі артық,

Ептестірген сөзі артық.

Жерден жердің несі артық,

Бір-ақ уыс шөбі артық» – деген екен заманында атақты Қазыбек би. Шындығында да өзі өмір сүрген замана шындығын, қоғамның бейдауа дертін, бітеу жарасын тек ердің ері ғана айта алатыны кәміл. Халқының болашағына алаңдаған, ұлтының ертеңін ойлаған кемел ойлы шын дарындар ғана өз биігінен келешекті шолады. Шың басына ұя салған мұзбалақ қыран ғана өнер аспанында өзіне ғана тән «құс жолын» таңдайды. Соның айғағындай газетіміздің кезекті саны дайындалып жатқанда Түркиядан сүйінші хабар жетті.

%d0%b6%d0%b0%d0%b7%d1%83%d1%88%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b4%d0%b0%d1%80%d0%b0-%d0%b4%d0%b0-%d1%81%d0%b0%d1%80%d0%b0-%d0%b6%d0%be%d0%bb%d1%8b

Қазақтың қабырғалы қаламгері Рахымжан Отарбаевтың 60 жылдық мерейтойы Түркия астанасы Анкара қаласында кеңінен аталып өтті. Түркиядағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында Еуразия Жазушылар Одағының қолдауымен жазушының «Ақ көбелектер» әңгімелер жинағы мен «Бас» романының тұсаукесері болды. Сонымен бірге, «Kardes Kalеmler» журналының қаламгер өмірі мен шығармашылығына арнаған саны оқырмандарға қазақ сөз зергері туралы кең түрде мәліметтер берді.  Сөйтіп, суреткерге арналған кеш сәтті жалғасын тапты. Кітаптарды түрік тіліне жазушы Мәлік Отарбаев пен ғалым Гүлзада Теменова аударған.

Жұртшылықпен және қала басшылығымен кездесудің соңында жазушыны «TURKSOYдың» Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қабылдап, мерейтой иесін құттықтады.

Ел мерейін өсірген қаламгер Қазақстан елшілігінің «Қазақстан-Түркия» бауырластық медалімен және «TURKSOY» тағайындаған «Haldun Taner» Халықаралық медалімен марапатталды.

%d0%b6%d0%b0%d0%b7%d1%83%d1%88%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b4%d0%b0%d1%80%d0%b0-%d0%b4%d0%b0-%d1%81%d0%b0%d1%80%d0%b0-%d0%b6%d0%be%d0%bb%d1%8b-4

Осыған орай қаламгердің «Бас» романы туралы жазылған толғанысты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

%d0%b6%d0%b0%d0%b7%d1%83%d1%88%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b4%d0%b0%d1%80%d0%b0-%d0%b4%d0%b0-%d1%81%d0%b0%d1%80%d0%b0-%d0%b6%d0%be%d0%bb%d1%8b-2

«Бас» романындағы мифтік-фольклорлық сарын

Қазіргі әдебиеттегі көркемдік ізденістер мен жетістіктерді саралағанда миф дүниесіне қайталай назар салуға тура келетіні шындық. Өзіміз жиі сөз ететін метафоралардың көркемдік қызметінің астарында да осы мифтік сананың елесі бар екені сан мәрте айтылған.

Мифтік құбылушылық оқиғасын тікелей арқау еткен шығарманың бірі – Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы. Бұл романдағы кейбір бөлімдердің оқиғасына арқау болған «адамның өзі өлгенімен, оның жаны өлмейтіні» туралы мифтік әңгіме. Ел аузындағы бұл әңгімеде өлген адамның жаны бірде қасқырға, бірде түлкіге, енді бірде бәйтерекке, жапан даладағы жалғыз ағашқа, үкіге айналады-мыс. Кейде ел арасындағы қарапайым жігіт немесе қыз байлық іздеп жүріп, оларды сиқыршылар дуалап жандарын көшіреді-мыс деп те айтылады. Олардың жанын самұрық құс, ыста тас және басқа да тотемдік нәрселер арқылы қайтадан өзіне оралтып, бағзы бейнесін қалпына келтіреді екен. Мифтік сана үшін «қарғыстың, дуаның тиетін уақыты», яғни магиясы жайлы да ұғым бар. Сондай-ақ, мифтік дәуірдегі таным-түсінікке орай құбылушылық, яғни, бір түрден екінші түрге айналу белгілі бір себептерге байланысты орын алатыны белгілі. Адамның табиғаттағы кез келген тіршілік иесіне немесе өсімдікке, ағашқа, басқа да нысандардың біріне айнала алады деген түсініктің түп негізі «адам мен табиғат егіз» деген түсініктен туған.

Осындай мифтік сана жемісі шығармашылық ойлау жүйесінен де маңызды орын алып, белгілі мақсатта көркемдік қызмет атқарып келе жатқаны баршаға аян. Мифтік құбылушылық оқиғасы кейбір  шығармаларда сол қалпымен қалса, кейбір  туындыларда бұл ұғымның елесі ғана көрініп, басқадай көркемдік мақсаттар, бейнелі ойлар тұспалданады. Мәселен, романның бас кейіпкері антрополог Ноэль Шаяхметов жол таппай жүргенде ғайыптан пайда болған жебеушідей көрінген дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әлімжан Сақтаевпен екеуінің арасындағы Махамбет туралы әңгімеден кейін көрген түсін алайық.

«Сол түні түнімен Махамбет түсіне кіріп, дөңбекшітіп, ұйқы берсінші. Қобда жеріндегі қақтығыс екен дейді.

… Махамбет ақбозына қайта қоныпты. Қазір оны да оққа байлар. Қаптаған казактардың үстінен ақ боран жауып кеткені несі? Көздерін бітеп, ауыздарына кептеліп жатыр. Е, Махамбет қой, астындағы көпшігін қанжарымен жарып жіберген. Қоға басы бұрқылдақ екен ақ боран дегені. Ат сүрінген жерде ақыл тапқан қайран ақын-ай!

Жалаңдаған үш мың ләшкерін бастап Қайыпқали сұлтан Ақбұлақ бойына қарай дүркірей қашып барады. Ұрысқа неге түспеді?

– Маған Бұхар беттің хандығы аздық етпес. Исатай иманды болсын! Мен кеттім. Елге сәлем де!-деп дауыстайды.

– Қайыпқали, нағыз ит екенсің! Сенің сәлеміңе зәру ел қалды ма? Тірі жүрсем осы сатқындығыңды алдыңа бір келтірермін! Махамбеттің құландай ащы дауысы құлақты жарып барады…»

Рахымжан Отарбаевтың романынан алынған бұл жолдағы мифтік құбылушылықты аңғартатын көріктеу құралы – антрополог-ғалымның түс көруі. Қазақ ұғымында түс көру – жазушы қиялының жемісі ғана емес, табиғатқа деген шексіз ынтызарлық пен сүйіспеншіліктің, табиғат пен адам қиялының және он сегіз мың ғаламның біртұтастығы. Мифті зерттеушілер қазақтың тектік танымында түстің орны айрықша екенін атап көрсете отырып, мифологияда түсте көрген оқиға – үш кеңістікте, жерде, өңде және түсте дамитынын айтады. Сондықтан да түс мифтік медиатор деуге әбден болады. Түс көру арқылы жорамал жасау Рахымжан шығармашылығынан ерекше орын алатынына оның хикаяттары мен әңгімелері де дәлел. Сондай-ақ, шын мәнінде болған оқиғаны түсінде көріп, шындыққа көз жеткізу  оның прозасында тұрақты түрде орын алады.

Фрейд түсті бейсанаға апаратын «патша жолы» деп есептеген.

Ал, біз түстің мифпен байланысын зерттеуіміз қажет. Осы арада тағы да романнан үзінді алып көрейік: «Ақ жеңіліп, қызыл іңір құшағын еркін жайған шақта шаршап үйіне жеткен. Келе шешінбестен кереуетіне құлаған. Кірпігі қамаса бастаған екен дейді.

– Ой арқалап болдың ба балам?

– Шыдармын, – деген бұл ұйқылы-ояу.

– Оқиғаның жалғасын өзгеден емес, өзімнен тыңда, – деді жақ сүйек сақ-сақ қозғалысқа еніп.

– Құлағым сізде, Маха.

– Ертелетіп жеткен оншақты аттылы бөлем Ықылас екен», – деп бастап, Махамбеттің қалай қаза болғаны өз аузынан баяндалады.

«…Желке тұсымнан Ықылас қылыш сермеген. Типанның қарғысы, ұлым Нұрсұлтанның шырқыраған даусы… Арғы жағы бұлдыр-бұлдыр бір елес… Қызыл қанға боялып күн батып бара жатыр екен дейм…

Ноэль безгек қысқандай қалшыл қағып кетті. Темекі тұтата алар емес. Бөлмеге жарық жағуды да ұмытты.

– Кешіріңіз, Маха. Тыңдай алар емеспін», – бұл – Ноэльдің өңі. Ноэль Махамбеттің бет әлпетін қалпына келтіру мақсатында Әлімжан Сақтаевпен бірге барып, Құрақ қарттың айтуымен Махамбет бейітін қазып, басын аманат етіп алып кететін еді ғой. Сол бас сүйектің Ноэльмен байланысқа, трансқа түсуі осылай бедерленеді.

Иә, бұл романдағы негізгі оқиға – Махамбеттің басының жоғалып кетуі. Жазушы Махамбеттің атын көп атайды. Ұлттың ұстыны санаған дарынды поэтикалық бейнеге айналдырып, тұтастыра келе елдің есінде мәңгілік қалуын ақын басының табылуы арқылы шартты түрде баламалайды. Өмірден өту – бұлжымас тірлік заңы болса, рухтың мәңгіліктігі туралы түсінік мүлде ғайып болуды мойындамайды. Өзіміз сөз етіп отырған мифтік құбылушылықтың бір ұшығы адам өлімімен байланысты. Мифтік сана сілемінде өлімді бір табиғи күйден екінші түрге өту деп қараған сенім бар. «О дүние», «бұ дүние», «тірілер әлемі», «өлілер әлемі» арасындағы шекара туралы таным-түсініктер құбылушылықпен де байланысты. Өлім, яғни, өлілер патшалығына – о дүниеге өту мифологияда құбылушылық түрінде қарастырылады. «Адам бұ дүниеден о дүниеге сапар шеккенде әртүрлі бейнеге айналады» деген ұғым бірсыпыра мифтік әңгімелерге арқау болғаны белгілі. Бұл жерде мифтік түсінікте ол бейнелердің көбінесе адам рухын келбеттеуші екенін ұмытпаған дұрыс. Сондай-ақ, түс – дерексіз ұғым, оның түнмен, яғни қараңғылықпен, шейіттер патшалығы атанған о дүниемен байланыстылығы туралы таным-түсінікті аңғарамыз. Махамбет ақынның тұлғасын өзгеге ұқсамайтын мінезбен таныта отырып, оның бақилық сапарға аттану трагедиясын мифопоэтикалық ойлау жүйесіне тән құбылушылық түрінде көрсетеді. Рухтың мәңгіліктігі оның мүлде ғайып болмай, кеңістікте ғұмырын жалғастыруы түрінде түсіндіріледі. Ақынның эмоциялық бояуға толы өмірі, трагедиялық өлімінің бір-бірімен байланыстырыла суреттелуінің өзі халықтың мифтік ұғымымен тығыз байланысты. Сөз зергері оқиғалар желісін мифпен және ел аузындағы аңызбен шебер байланыстырады. Романның  басты ерекшелігі де – осында.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз