Жайықтың баласы, жүзуді білесің бе?

ZHayyi balasyi jpg Жаңалықтар

Жұртшылық қапырық ауа мен аптап ыстықта тершіген тәнінің салқындағанын аңсап тұрады. Ондайда бірден ойына құс ұшар биіктіктен қарағанда көз алдыңда жыландай ирелеңдеп жататын ерке өзен түседі. Сол сәтте сылқым өзеннің салқын самал ескен жағасына жетіп, жалаң етіңді суға салғанда жаныңды ерекше рахатқа бөлейтін тылсым қасиетін сезінгің келеді. Суға түсу, өзенде шомылу – шынымен де жүзуді білетін адамның тәніне ерекше бұла күш-қуат дарытатын, тұла бойын сергітетін бірден-бір демалыс түрі. Ал, суда жүзу білмейтіндер ше? Аптап ыстықта олар қандай күйде болады? Олар да Жайыққа қарап, осылайша аңсары ауады ма екен?

Жайық баласы jpg

Мен – ауылда туып, қалада өскеннің бірімін. Мектепте оқып жүрген кезімізде жазғы үш ай демалыста ауылдағы ағайындарға барамыз. Ауыл баласымен бірге тыныстап, бірге ойнап, ауылға  бейімделеміз. Таңсәріден қой-сиырды өріске айдаймыз, түстен соң  бұзау суарамыз, кеште қой түгендейміз. Қаланың қапырық ауасынан келген бізге ауыл тіршілігінің әр сәті қызықты еді. Тағы бір қызықты, сағына еске алатын сәт – кешкісін ағайын-туыстардың балаларымен бірге өзенге шомылатынымыз. Әрине, оның бәрінде біздің бастаушы ағамыз болады. Өзеннің тереңдігі көкірек тұсыңнан келетін жеріне апарып, бәрімізді суға қоя береді. Өзі жағаның биіктеу тұсына жайғасып, сыртымыздан бақылып отырады. Арасында өзі де суға түсіп, суда құлаштаудың тәсілдерін көрсетіп кетеді. Бір күні маған: «Әй, Жайық баласы, сенің жүзу білмейтінің ұят екен» демесі бар ма? «Сөз сүйектен өтеді» дегендей, ойланып қалдым. Расымен де, үлкен өзеннің жағасында тұрып, «жүзу білмеймін» дегенім ұят екен. Сол сәттен бастап, суда жүзуді үйренуге ден қойдым.

Қалаға келген соң әкемізден кешкісін өзенге апаруын жиі сұрағыштайтын болдық. Содан бастап «көп жасағыр» әкеміз бізді күнде кешкісін өзен жағасына апаратын жақсы әдет тапты. Ол да бізді өзеннің тайыздау тұсына жіберіп қойып, өзі жағадан інісі тәрізді қарап отыратын болды. Біз бірте-бірте жүзуді үйрене бастадық. Күн өткен сайын суда сүңгу, су бетінде қалқып тұру, құлаш сермеп жүзу дағдыларымыз дами берді. Деміңді ішіңе тартып, су астына күмп беретінді шығардық. Қатарласа суда жүзуден жарыс ұйымдастырамыз. Осылайша, күнделікті «жаттығуымыздың» арқасында суда өзімізді еркін сезініп, жүзи алатын дәрежеге жеттік.

Былтырғы суға түсу маусымында «Атырау» спорт кешенінің жанындағы жағажайға бара қалдым. Жағада демалушы адамдардың қарасы мол екен. Олардың арасында еңкейген кәрі де, еңбектеген бала да бар. Көпшілігі топтасып келген отбасылар. Соларға қоса, көпшілік ішінде үлкендердің қарауынсыз шомылып жүрген балаларды да байқадым. Өзім де жағажайда салқындап отырғандықтан, бір мезгіл оларға көз қырын салып бақылай бастадым. Сөйтсем, әлгі балалар белден келер судан әрі аспай, сол маңайды ғана төңіректеп, суды шалпылдатып ойнағандарына ғана мәз боп жүр екен. Құлаштап жүзуге талпынып жатқан балаларды көре алмадым. Біраздан соң өзім соларға жақындап: «Әй, балалар расымен де барлығың жүзу білмейсіңдер ме? Өздеріңді жүзуге үйретер әкелерің, ағаларың қайда?» – дедім.

Балақайлар маған таңырқай қарады. Айтуларынша, олардың суға түсіп жүргендерінен ата-аналары бейхабар боп шықты. Әрқайсысы үйлерінен әртүрлі сылтаумен сытылып шығып, топтасып жағаға келеді екен. Үлкендермен бірге келіп, суға түскеннің әрине, жақсы екенін, өздерінің істеп жүрген әрекетінің шалалық екенін түсініп тұр. Бірақ, өкінішке орай, мезгіл-мезгіл өздерін өзен жағасына әкелетін қолы бос аға-әкенің жоқтығын айтты. Амалсыздан осындай қулыққа баратындығын жасырмады. Біреуі өз әкесінің суда жүзи алмайтындығын айта келіп, бұған жағалауға баруға мүлдем тиым салғанын жеткізді.

Осыларды ойлай отырып, қазіргі желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектердің жүзуді үйренуіне қаншалықты жағдай жасалғандығы алаңдатты. Қаламыздағы суда жүзуге баулитын бассейндердің қызмет көрсету жұмыстарымен танысуға бел будым. Атырау қаласында үш ірі жүзу бассейні бар. Бірі «Атырау» спорт кешенінде орналасса,  екіншісі – «Мұнайшы» стадионының аумағындағы «Орталық жүзу бассейні». Үшіншісі – «Жеңіс саябағының» артында орналасқан «Ривейра» спорттық сауықтыру кешенінде орын тепкен жүзу бассейні.

Жайық өзенінің жағасында жайғасқан «Атырау» спорт кешеніндегі бассейннің ұзындығы – 25, ені 15 метр екен. Мөлдіреп жатқан тұнық суды көргенде кім-кімнің де «мынаған бір түсер ме еді» деген ішкі құштарлығы оянатыны  ақиқат. Біз де сол күйді сезіндік. Бассейнге бір мезеттік түсу құны балаларға 700 теңге, үлкендерге 1400 теңге болып белгіленген. Айлық ақысын алдын ала төлейтіндерге жеңілдетілген бағалары да бар. Бізді қызықтырғаны – жүзу білмейтін баланы үйретер жүзу секциясы.  Ол үшін айына 12 400 теңге төлем төлеу қажет.

Одан соң, орталық жүзу бассейніне жол тарттық. Судан шығып қалған алып көк китке ұқсаған бұл ғимаратта бір үлкен, бір кіші жүзу бассейні орналасыпты. Абажадай болып жатқан үлкен айдынның ұзындығы – 50, ені – 21 метр. Халықаралық стандартқа сай салынған бассейндегі судың беті  сегіз жүзу жолағымен бөлінген. Кіші бассейннің өзі  25х15 метр. Бір реттік ақысы балаларға – 1000 теңге, ересектерге – 2000 теңге. Балаларды бапкер арқылы үйрету үшін айына 12500 теңге төлейсіз. Жасөспірімдердің жүзуді үйренуіне қандай жағдай жасалғанын білу мақсатында «Атырау» су түрлері бойынша серіктестік клубының спорт әдіскері Айнұр Таңованы сөзге тартқан едік.

Біздің орталық жүзу бассейні халық көп келетін орын болып тұр. Мұнда спорттың суда жүзу, су добы, қазіргі бес сайыс және суға секіру түрлерінің секциялары жұмыс істейді. Бұл спорт түрлеріне қатысушы балалар оқу жылы басталғанда арнайы тест тапсыру арқылы іріктелініп алынады. Олардан бөлек ақылы топтар да бар. Суда жүзуге баулу секциясына қатысамын деуші жаттығуға алғаш келгенде тыныс алу жолдары, жүзу тәсілдері бойынша бассейн сыртында үйренеді. Кейіннен сумен байланыс орнатылады. Баланың жүзуді үйрену мерзімі оның дене бітіміне, қабілетіне байланысты болмақ. Сонымен қатар, бізде арнайы мамандандырылған 10 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қауіпсіздік жағына да баса көңіл бөлінген. Арнайы дайындықтан өткен 4 құтқарушымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, «суда жүзуді үйренемін» деушіге барлық жағдай жасалған, – деді Айнұр Шапихқызы.

Ал, «Ривейра» спорттық сауықтыру кешеніндегі бассейнде ұзындығы 25 метрлік жүзу айдыны жарқырап жатыр. Жүзуді  үйренуге талаптанушыға мұнда да барлық жағдай жасалып, «мен мұндалап» тұр. Қызмет көрсету ақылары алдыңғы бассейндермен бірдей көлемде.

Осылардың бәрін бағамдай келе, «Қаламызда суға жүзуді үйренуге қажетті жағдай жасалған екен» деген тоқтамға келдім. Егер…  Иә, егер қалтаңда қаражатың болса ғана. Расымен де бассейнге бір айлық ақыны кез келген ата-ананың төлеп отыруға мүмкіндігі жоғын жасыра алмаймыз. Әр қазақтың отбасында кемінде екі-үш баладан бар. Бірін осындай секцияға жаздырса, екіншісі «мен де барамын» деп шығатыны сөзсіз. Бәрін бірдей апаруға «қалта, құрғырдың» көтере бермейтіні тағы аян. Бір ғана шешім – суға жүзудің айлық ақысын көпшілікке қолжетімді баға мөлшерінде белгілеу. Сонда ғана тұрғындардың ықыласы оянып, өз баласының денсаулығына, қауіпсіздігіне көңілі ауады. Әйтпесе, бүгінгі күні ата-анасының рұқсатынсыз суға барып, «тілсіз жаудың» қармағына ілініп, «қара жамылып» жатқандар қаншама?

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз