Жаңалықтар

Жайық суы тасып, жеті хан жерленген Сарайшықтағы жұмысты тоқтатып тастады

Жайық өзенінің тасып, судың көтерілуіне байланысты Сарайшықты судан қорғау жұмысы уақытша тоқтатылды.

IMG_8235-04-05-17-05-54

Жағаны бекітумен айналысып жатқан бас мердігер «АИС-Астана» компаниясының өкілі Асқар Төленовтың айтуынша, жұмыстың уақытша тоқтайтыны әуел баста белгілі болған. Сондықтан, бұл кідіріс 2018 жылы аяқталуы керек жобаның ұзақтығына әсер етпейді. Ол жұмыстың үш күн бұрын тоқтағанын айтты.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөнiндегi Жайық-Каспий бассейндiк инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің айтуынша, бүгін Жайықтағы су деңгейі 365 сантиметрге дейін көтеріліп, 672 сантиметрді алқымдаған. Ал, аймақтағы қауіпті деңгей – 850 сантиметр. Инспекция басшысы судың бұл қауіпті көрсеткішке жетпейтінін болжап, тілсіз жаудың маусым айының басында қайта бастауы мүмкін екенін жеткізді. Ал, бас мердігер компания өкілі барлық қауіпсіздік шараларының жасалғанын айтты.

«Жұмысты тоқтатпас бұрын жағаға топырақ салынған қапшықтарды тізіп қойдық. Мұндағы мақсатымыз – ағыс-толқынның жарға соғуын барынша бәсеңсіту. Су қайтқан соң мамандар бірден іске кіріседі», – дейді ол.

IMG_8236-04-05-17-05-54

Асқар Төленов тиісті 6000 шаршы метр бетонның үштен бірінің құйылып үлгергендігі жеткізді.

Айта кетелік, былтыр Атырау облысының әкімдігі 1,5 миллиард теңге қарастырып, көне шаһарды шайып бара жатқан Жайық өзенінің жағасын бекітуді бастады. Одан кейін Мәдениет және спорт министрлігі ежелгі қаланы қалпына келтіру үшін тағы 100 миллион теңге бөлетінін мәлімдеді. Сарайшық қаласын туристік орталыққа айналдыру үшін кәсіпкерлерді тарту жоспарланып отыр.

Көне шаһар Атырау қаласынан 45 шақырым жерде Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Алтын орда хандығының саяси, экономикалық орталықтарының бірі болған қала Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы атанды. Жібек жолының бойында тұрған ежелгі шаһарда жеті хан жерленген. Олар – Мөңке, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым, Ших Мамай және Жүсіп хандар.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button