Жаһандық жылыну жалғаса ма?

2518943962 Жаңалықтар

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Жаз ортасында ара-тұра салқындық сезілсе «мына күн қашан жылынады?» деп ренжитін жұрт жаһанда ауа температурасы күрт көтеріліп келе жатқанын, мәңгілік мұздар біртіндеп ери бастағанын біле ме? Адамдар аңызда ғана айтылатын Нұқ пайғамбардың кемесіне қажеттілік туып қалуы ықтималдығын сезе ме? Бұл мәселенің ең өзекті ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының күн тәртібіне шығып отырғаны тегін бе?

Мәселенің мәнісіне үңілсек… Расында да «жаһандық жылыну» ұғымын көпшілік әлі де үстірт түйсінетін тәрізді. «Е, ауа райы бүгін салқын, ертең жылы, тәйірі, онда тұрған не бар» дегендей, тұрмыстық деңгейден аспайтын жеңіл түсінік қалыптасқан. Тіпті, қысы ұзаққа созылатын елдердің тұрғындары бұған іштей қуанатын да тәрізді. Бұл да – қатардағы жандардың күнделікті керегінен көрінетін қарапайым қажеттілік. Әйтсе де, әлем ғалымдары текке дабыл қағып жатқан жоқ.

Шындығында жер температурасының жылынып жатқандығы – тұтас планетадағы тіршілік атаулыға тура төнген қатер. Оның үстіне, осы қауіпті адамзат өз қолымен жасап отыр. Өндірістің өркендеуі, кәсіпорындар қуатының шырқау шегіне жетуі ауаға бұрынсоңды болмаған көлемде улы заттардың шығуына соқтыруда. Жанармайдың шамадан тыс жағылуы атмосфераны әбден бүлдірді. Дүние жүзі мамандары әуеге күкіртті сутегінің өте көп көтеріліп жатқандығын айтады.

Климаттың күрт өзгеруі қатты қуаңшылыққа, толассыз жаңбырға, дүлей дауылға, ақырған аязға әкеледі. Бір қарағанда қарама-қайшы құбылыстар. Жер шарының солтүстігін топан су басып жатса, оңтүстігі шөлге айналуда. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне қарағанда, 2008 жылдан бері әлемде 22 миллионнан аса адам жайлы мекен таба алмай қоныс аударып жүр екен. Солардың бәрі де – өз елдерінде табиғаттың бұзылуынан зардап шеккендер. Бүгінде «экологиялық босқындар» атауының пайда болуы да сондықтан.

Сонда осынша жан қайда барып тұрады? Оларды асырауға басқа мемлекеттердің мүмкіндігі бар ма? Міне, осыдан азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселе туындайды. Ғалымдар ХХІ ғасырда Жер бетіндегі температура Цельсий бағаны бойынша үш градусқа өсетінін болжайды. Оның салдары дүние жүзінің ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді. Шабындықтар мен жайылымдар, егін алқаптары су астында қалады. Әлемді ашаршылық жайлайды. Сайып келгенде, бұдан біраз жыл бұрын Елбасы айтқан сырттан келер жеті қауіпқатердің бірі де осы.

Мәселен, мамандардың есептеуінше, климаттың бір градусқа ғана жылуы бидай алқабының бес пайызға қысқаруына соқтырады. Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, 1981-2002 жылдар аралығында бидай тәрізді негізгі дәнді дақылдардың түсімі әр жылы 40 мегатоннаға кеміпті. Соның бер жағындағы ахуал қандай екен? Әзірге мұндай мәлімет жоқ. Бірақ, азаймаса, көбеймегені кәміл. Экономикаға ауыр соққы жасалары сөзсіз. Әлемде даму деңгейі жоғары АҚШ, Жапония мен Қытай тәрізді мемлекеттерде ара-тұра тасқын болуы, жер сілкінуі дүниежүзілік көрсеткішке кері әсер ететіні белгілі. Сонда өзгелері қайтеді? Қысқа көрпесі күрмеуге келмейтін елдер етек-жеңін жинай алмай қалады ғой.

Айдын астындағы аралдар Бір адамның ғұмыры қанша жыл? Шамамен 80-85 пе? Ендеше, осы уақытта әлемдік мұхиттағы ондаған ұсақ аралдар су астына кетеді екен. Үлкендері де аман қалмас. Қазірдің өзінде Сейшель архипелагының кейбір бөлшектерінің мүлдем жоғалғаны жөнінде деректер бар. Егер адамзат ақылға келіп, жаһандық жылыну үдерісін тежеуге қадам жасамаса, онда 2100 жылға қарай теңіздердің деңгейі 40-63 сантиметр шамасында өседі екен. Әлемдік мұхиттағы өзгерістер, мұздақтардың еруі осыған соқтырады. Әрине, алдымен әлемдік мұхиттарға жақын орналасқан елдер зардап шегеді.

Мамандар Венецияны топан су басатынын айтады. Нидерланды жағалауы да қауіп үстінде. Айта кетерлігі – мұндағы құрлық ықылым заманда су астындағы болғандығы. Кейін ол кері шегінгенде адамдар қоныстанып, үй тұрғызған. Енді теңіз өз жоғалтқанын кейін қайтарып алмақшы. Жалпы, айдын астында аралдар бар ма? Көне қалалар қайда кетті? Қазіргі қазбалар кезінде солардың бәрі жер бетінде өркениетімен өркендеп, тым-тәуір дамығанын көрсетеді. Тіпті, археологтардың айтуынша, ықылым замандағы кейбір нәрселер қазіргі дүниелермен бәсекелесе алады.

Міне, осындай өндіріс ошақтарының қаншасы су астында жатыр? Ешкім дәл санын айта алмайды. Айтып та қажет емес. Мәселе – сол апаттың қайталануына жол бермеу. Қазір экологтар су астында қалған ұңғымалар жөнінде мәселе көтеруде. Олар да кезінде құрылықта қазылған. Геологтар зерттеу жүргізіп, сол жерден бұрғылауға болатынын айтқан. Өнікті өнім де алынған. Кейін теңіз тасығанда адамдарға шегінуге тура келді. Демек, табиғат өзіне тиесілі үлесті қайтаруда. Ол ешқашан ешкімге есесін жібермейді.
Адамзат ақылға келе ме? Өзі отырған бұтақты кесіп жатқан ақыл-ой иелері енді ашкөздігін ауыздықтауы керек.

Бірінен екіншісі озық технология, тура мағынасында табиғаттың жауы болуда. Өндіріс ошақтарының одан әрі дамуы, олардан бөлініп жатқан улы газдар қоршаған ортаны әбден бүлдіруде. Ендеше, нендей амал бар? Соның бәріне қол қусырып қарап отыру қажет пе? Түк жасалмай жатыр деу жараспас. Сонау 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл бағытта арнайы конвенция қабылдауы сірескен сеңді азды-көпті қозғағандай болды.

Араға бес жыл салып ол Киот хаттамасымен толықты. Осы құжат негізінде дамыған елдер ауаға улы газ шығаруды азайтуға міндеттеме алды. Ақырында 2030 жылға дейінгі мерзімге қабылданған халықаралық ұжымның қалыпты даму бағдарламасына аталмыш проблема ең өзекті ретінде енді. Соған сәйкес ұйымға мүше 190 елдің бәрі өздеріндегі өндірістің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға тиіс еді. Одан әрі Париж келісімі жасалды.

Әлем елдері жаһандық жылынуды екі градустан әрі асырмауға серт берді. Қазақстан да өзіне сәйкес міндеттеме қабылдады. Республикада улы газдарды атомосфераға шығару 2030 жылға қарай 1990 жылмен салыстырғанда 15 пайыз кемуі керек. «Жасыл экономика» бағдарламасы іске қосылды. Су, жел және күн қуатын көбірек пайдалану арқылы қайта қалпына келтірілетін энергия көздерін тұтыну артпақшы. Өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың жартысы кәдеге асырылады. Өзге де нақты шаралар алынбақ.

P.S.

Сонымен, жаһандық жылыну туралы тағы да айттық. Сайып келгенде, далаға от жағып, көлікке жанармай құю арқылы да бұл проблеманы туындатып жатыр екенбіз. Соны азайтсақ та, өзекті мәселенің оң шешілуіне аз-мұз үлес қосқанымыз болар еді…

М.БАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз