ЖҰМЫС ІЗДЕСЕҢ, ЖӘРМЕҢКЕГЕ БАР!

Тұрғындарды жұмыспен қамту, елде жұмыссыздықты шектеу – бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі таңда бұл бағытта ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осыған орай, ауданымызда бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізу дәстүрге дендеп енді.

Бұл жолы да аудандық кітапхананың алдына тұрғындардың жиналуымен жұмыс жәрмеңкесі өтті. Жиын барысында сөз алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Иманғалиев  халықты әлеуметтік жағынан қорғау, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу бағытында атқарылып жатқан шараларды баяндады. «Осы бағытта ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында аудан, облыс көлеміндегі жұмыс берушілермен бірлесіп, жұмыс жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз, – деді ол.

Жәрмеңкеге «Талап» керамзит зауыты, «Досжан и К» ЖШС, «Ерлан» кірпіш зауытының филиалы, «Құрманғазы» өндірістік кооперативі, аудандық пошта байланыс торабы, «Құрманғазы» сервистік дайындау орталығы, «Мақаш» өндірістік кооперативі өкілдері, жеке кәсіпкерлер, Атырау облысының статистика департаменті, аудандық білім және денсаулық сақтау  бөлімдері қатысты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен облыс аумағында орналасқан мекемелердің өкілдері қатысып, бос жұмыс орындарын «Сенімді құрылыс», «Каспиан Оффшор Контракшн Реалти», «Кис-Орион», «Ер сай Каспиан Контрактор» компаниялары ұсынды. Жәрмеңкеге қатысқан барша жұмыссыз азаматтар мен азаматшалар аудандық кітапхананың ішінде мекеме өкілдерімен пікірлесіп, сұрақтарын қойып, түйіндемелерін тапсырып жатты. Бірқатар ауылдастар жұмыс тауып үлгергенін айтып, қуаныштарын білдірді.

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,

меншікті тілші,

Құрманғазы ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз