ЫНТЫМАҒЫ БАРДЫҢ ЫРЫСЫ МОЛ

Ардақты атыраулықтар, қадірменді қала қонақтары!

Сіздерді 1 Мамыр – Қазақстан хал­қының бірлігі күнімен шын жү­ректен құттықтаймын!

1 мамыр – бірлік пен елдіктің, ынтымақ пен татулықтың, ұлы достықтың мерекесі.

Береке мен бірлік – халқымыздың басына қонған бақ. Қазақта «Бақ қайда барасың? Ынтымақ пен бірлікке барамын»,- деген даналы сөз бар. Жарасым тапқан ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасында  тәуелсіздігімізді қадірлеп, қастерлей білейік!

Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, ынтымақтың, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Мемлекет тарихының ең ғибратты тағылымы, міне, осында жатыр. Өйткені, ел бірлігі — ең асыл қасиет.

Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында бұл мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға толық негіз бар. Бейбітшілік пен татулықтың арқасында бізді алда бұдан да жарқын, баянды күндер күтіп тұрғанына сенімдімін.

Тәуелсіздігімізді баянды қылып, белесті асуларды бағындырып, толымды табыстарға жетуде еліміздегі барша ұлт өкілдерінің, соның ішінде атыраулықтардың да өзіндік үлесі бары ақиқат.                      

Бір ел, бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара жарастығы әрдайым берік болып, қашан да ынтымағымыз арта берсін!

Қала жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, құт-береке тілеймін.

Ізгі ниетпен,

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз