Туған жерге тағзым

22 Жаңалықтар

Құрманғазы ауданының  жұртшылығы жазушы Рахымжан Отарбаевпен кездесті

22-689x370_c

Қазақтың талантты жазушыларының бірі Рахымжан Отарбаевтың есімі елімізге ғана емес, әлемге мәшһүр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің, Халықаралық Айтматов сыйлығының иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы. Шығармалары іргелес Ресей мен Қытай сияқты ірі мемлекеттерде ғана емес, Түркия, құс арқасы қияндағы араб елдерінде де жарияланды.  Африкада да кітабы шыққан алғашқы қазақ жазушысы. Осындай абзал азамат 60 жас мерейтойының алғашқы парағын өзі дүниеге келген өңірінде ашты.

Құрманғазы топырағына аяқ басқан жерлесіміз, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев пен оның отбасын, қасына ерген астаналық, атыраулық қонақтарды  аудан әкімі Бибоз Шаяхметов бастаған ел азаматтары қарсылап, қошемет көрсетті. Жазушы ағамыз ауданымызға сапарын Дыңғызыл ауылдық округінен бастады. Алғашқы болып «Құрманғазы» ӨК-нің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Сабыржан Сұлтанов құттықтады. Бұдан кейін шара ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Алдымен Киров халық театры Р.Отарбаевтың екі бөлімді, төрт көріністі  «Айна-ғұмыр» атты драмасын сахналады. Бұл драмада бүгінгі өмірдің шынайы көрінісі боямасыз суреттеледі.

Драма тамашаланған соң «Туған жердің мақтан тұтар тұлғасы» атты салтанатты шараны аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Гүлден Хамзина жүргізді. Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы құттықтау сөз сөйледі.

– Саналы ғұмырын шығармашылық жолына арнаған ағамыздың есеп беру мақсатымен бүгінгі күні ортамызға келіп жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш. Ағамыздың, әрине, бұдан да басқа орталарда болып, зәулім сарайларда мерейтойлық кешін өткізуіне мүмкіндігі мол. Ол жерлер де асыға күтіп отырғанынан да хабардарсыздар. Бірақ, ешқайда бармай алдымен өзінің туған жерінен бастамақ ниетпен ұсынысымызды қош көріп, арамыздан табылды, – деді ол.

Дыңғызыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Аязов, округ  әкімі Бауыржан Мусаев, «Құрманғазы» ӨК-нің төрағасы Сабыржан Сұлтановтар  сөйлеп, ақ жарма ниеттерін жеткізіп, Рахымжан ағамызға шапан жауып, сый-сияпаттарын жасап, Құттықтау хатын ұсынды. Сахна төріне шақырылған  бала кезіндегі досы Нұржаубай Өтеғалиев былай деді:  –Жас шағыңыздың өзінде-ақ көптің алдында күмілжімейтін, топ алдында жасымайтын от ауызды, орақ тілді жігіт едіңіз. Қылышпен қиып түсердей турашылдығыңызға  қызыға да, тәнті бола да қарайтынбыз. Тыңдағанның құлағының құрышын  қандыратын сөздеріңіз бен әзіл-қалжыңдарыңызды естігенде сүйсінетінбіз. Жомарттығыңыз бен жайсаңдығыңыз өзіңіз өскен даланың кеңдігін көз алдымызға тартатын. Міне, бүгінде жүрегіңіздегі жалынды отты лаулатып, сөз мерейін асқақтатқан шағыңызда шығармаларыңызды жата-жастана оқитын оқырмандарыңыздың қатары көбейе берсін деген тілегім бар…

Мінберге көтерілген Рахымжан Қасымғалиұлы үлкен тебіреніспен сөз сөйледі.

– Еңсесі биік азаматтармен тең басып жүрміз. Қытайдан, Түркиядан, Мәскеуден, Қазан қалаларынан, тағы да басқа елдерден  менің атыма мерейлі жасыммен құттықтаулар түсіп, кездесулер, жақында шыққан кітаптарымның тұсаукесерлері, пьесаларымның қойылымдары  өткізілгелі  жатыр. Алдағы екі ай осыларға толы деуге болады. Бірақ, алпыс жастық тойымның шымылдығы туған топырағымда ашылғаны, сіздермен жүздескенімнің өзі мен үшін үлкен қуаныш. Көктен түскен, жерден шыққан жоқпыз, туған топырақтың перзентіміз. Кіндігіміз осы жерде кесілді. Мұнда  ата-бабамыз жерленген. Сондықтан,  екі сөзімнің біреуін «туған топырағым» деп  жаздым. Мен екі адамның образын, бейнесін жасасам, сіздерден алдым. Бәрі де – бала күннен көргендерім. Жазуға отырғанда ойға оралып, көз алдымда көлбеңдейді. Сол үшін де мен сіздерге қарыздармын, сол үшін туған жерге мінәжат, тағзым дегім келеді. Алпысқа толдым ғой, ел алдында есеп берейін деп, шығармашылық кешімді өткізуге бел буғанымда,  Бибоз інім бастаған ауданның азаматтары алдымен шақырды. Сіздердің ыстық ықыластарыңыз мені елге әкелді. Араларыңызда  облыстық мәдениет және мұрағат, құжаттама  басқармасының басшысы Әбіл Жоламанұлы отыр, ауданға алғашқы сапары екен. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының арнайы тапсырмасымен делегациямызды бастап келді, – деп қасына ілескен делегация мүшелерін  таныстырды.

Рахымжан Қасымғалиұлы одан әрі қазақтың маңдайына біткен заңғар ұлдарын тебірене еске алды.

– Қазақ поэзиясында өзінің жолын салған Жұмекен небәрі 48 жыл ғана ғұмыр кешті.1981 жылы Алматыға барғанымда 46 жаста еді. Қасына ертіп, қолымнан жетектеп қызметке қойды. Бүгінде ойлап қарасам дүниеге туғаннан тұлға болып келген жан екен ғой. Жаралы жүрекпен арпалысып жүріп, ауруханада жатып, «Менің топырағым» деген бір том кітап жазды. Соны баспадан өткізді де бақилыққа аттанды. Өлеңдерін айтсаңызшы, шіркін! Асыл аға өз топырағын өзі жамылғандай екен-ау. Көзі тірісінде лайықты бағасын ала алмады. Шындық та, ақиқат та бақ сияқты кеш келетін әдеті. Әдемі көркімен, мінезімен, ғажайып білгірлігімен мәлім және де кісіге қылдай қиянаты болмаған Зейнолла Серікқалиев та осы топырақта туды. Қандай бекзат тұлға десеңізші. Армандары, жазсам дегендері көп еді-ау, орындалмады. Әбдіжәміл Нұрпейісов биыл баламның тойына келгенде: «Енді Атырауға келем бе, келе алмаймын ба?! Сенің тойыңа қатысып, Рахымжанның кім екенін халқыма айтып кетейін деп жеттім»  деп тойды лекциядан бастап еді.

Айтудан жалықпаймын, көп тұлғалардан жақсылық көрдім. Бағым бар екен, солармен дәмдес болдым, қастарында жүрдім. Әбіш аға  ақыл-кеңесін аямады, Шерхан аға қызметке алды, Оралхан Бөкей жөн көрсетті. Жақанов қолымнан жетектесе, екінің бірі жолай алмайтын Айтматовтың да маған деген ықыласы бөлек болды. «Рахымжан – ХХІ ғасырдағы қазақ интеллектуалдық прозасының озық өкілі»  деп маған баға бергенін қалай ұмытайын. 1997 жылы жазған осы қолтаңбасы менде әлі сақтаулы.

Айтматовтың азаматтығы туралы бір мысал айтайын. Бішкектің ұлттық академиялық драма театрында Халықаралық Айтматов театры ашылайын деп жатқан сәт. Қырғыз президенті Асқар Ақаев жазушының «Жәмила»  деген туындысымен ашыңдар депті. Оны естіген қырғыздар қызу дайындыққа кірісіп кетті. Сөйтіп жүргенде Шыңғыс аға хабарласып  істің  жайын  сұрайды. Ұйымдастырушылармен арадағы диалог былай өрбиді: «Сіздің «Жәмилаңызбен» ашқалы жатырмыз» дейді оған.  «Ау, «Жәмила» театрда 25 жылдан бері қойылып келеді емес пе? Жаңа шығарма неге қоймайсыңдар сендер?». «Оған үлгермейміз». «Екінші кезекте тұрған кім?» депті жазушы. «Шахановтың қарауындағы Рахымжан деген бір дипломат  жігіттің Абайдың мерейтойына арналған  “Абай сот” деген пьесасы». Сонда Айтматов: «Ендеше,  сонымен ашыңдар» деп тапсырма береді. Осылайша халықаралық Айтматов театры кішкентай ғана қазақ  Рахымжанның пьесасымен ашылды. Бұған біреулер сенер, біреулер сенбес, бірақ, осылай болғанына куәларым бар. Өстіп дүниеге атағы таралған, әлем мойындаған  дана Айтматов өзі мінер ақбоз атқа қазақтың бір баласын қолтықтап мінгізді де жіберді. Неткен ұлылық, неткен кішіпейілділік. Ғажайып адам болғанына әлі күнге таң қаламын. Біреулер қолтығыңнан көтермек түгілі, балағыңнан төмен тартады.

Алматыда жүргенде ауырып ауруханаға түстім. Палатада жатырсам: «Әй, әлгі біздің бала қайда?» деген жіңішке дауыс естілді. Әбу Сәрсенбаевтың дауысы жіңішке екені өздеріңізге мәлім. Дәлізге шықсам әлденсін деп маған шұбат әкеліп тұр. Өзі үлкейіп, ауырып жүрсе де қамымды ойлапты. Міне, осындай ағалардың алақанында өстім. Ол кезде кім деп қабылдағанын білмеймін, болашағымнан бірдеңе күткен шығар.  Әйтпесе, ауылдағы малшы Қасымғалидың баласы кімге дәрі дейсіз?! Мені көтерген, өздерінің биігіне дейін әкелген сол ғажайып тұлғалардың алдында қарыздармын. Ұлым Ермерейге «Әкеңнің бағын ашқан осылар, олардың ұрпағының алдын кеспе, қолдарына су құйып жүр», деп қайта-қайта айтамын, – деп, қазақтың басқа да заңғар тұлға жазушыларын еске алып, тебіреніп, толқи сөйлеп, оларды ұмытпайтынын жеткізді. Сөзінің соңында «Айна-ғұмыр» драмасын сомдаған Киров халық театрының өнерін  жақсы бағалады.

Келесі  күні С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің алдында аудан әкімі Б.Шаяхметов  жазушы ағамызға ат мінгізді. «Дара тұлға – қазақтың Рахымжаны» атты шараның шымылдығы «Жиделі» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Мерекелік күймен» ашылды. Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев  жазушыға шығармашылық табыс тілеп,  «Мақаш» ӨК төрағасы Жеңіс Әбілхайыров, аудандық мәслихат депутаты Біржан Кенжебаев үшеуінің атынан Құттықтау хат ұсынып, шапан жауып, ат мінгізді.

Құрдастары, достары атынан ортаға Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов, білім беру  саласының ардагері Шайхатолла Жәлелов, Нұржау орта мектебінің директоры Қайырбек Дауымов, жеке кәсіпкерлер Жұмабек Сүгірәлиев, Салауат Мырзағалиев, Ерғанат Жолжанов, «Қазавтожол»   АҚ аудандық филиалының басшысы Ержан Рысқалиев, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасов құттықтады.

Салтанатты шара соңында Р.Отарбаев аудан басшысынан  бастап өзіне құрмет көрсеткен біраз азаматтардың, ұстаздарының  аттарын атап, құшақ жая қарсылаған  жерлестеріне ризашылығын білдірді. Алдағы шығармашылық сапарлары жайын баяндап:

– Тойым туған топырақта басталып жатыр. Біраз шаруа тындырған да шығармын, әлі де күтіп тұрғандары жетерлік. Бүгін осында қатысып мен туралы деректі фильм түсіріп жатыр-ған Бақытжан, Ернар деген жігіттермен бірге 2 қазан күні Мәскеуге жүремін. Онда да біраз кітаптарым шықты. «Юность», «Форум» журналдары әңгімелерімді қайта-қайта басты. Владивосток, Архангельск, Новосибирск қалаларында менің шығармаларым бойынша оқырмандар конференциясы ұйымдастырылады. Қазан айының аяғында Анкара менің кешімді өткізуге дайындалуда. Кезекте Пекин тұр. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта  Қытайда шығармалары толық тиражбен басылған  жалғыз қазақ жазушысымын. Мұнда шығармаларым ханзу және төте жазумен басылып таралды. Сіздерге Қытайдан қызықты хабар келгенін айтайын. Онда: «Сіздің төте жазумен шыққан кітабыңызды Шыңжаң үкіметі арнайы қарар қабылдап толық тиражбен бүкіл қазақ отбасына тегін таратқалы жатыр» делінген. Бұл мақтанып тұрғаным емес, өздеріңіздің алдарыңызда алпысқа келгенше не тындырғанымнан есеп бергенім деп санаңыздар. Африкада да кітабы шыққан жалғыз қазақ жазушысы мен екенмін. 24 қарашада Оралда шығармашылық кешім өтеді. Үлкен халықаралық ғылыми конференцияның барысында кездесулер, қабылдаулар ұйымдастырылып, спектаклім қойылады, – деді.

Жұбайы Сәуле Жаманбайқызы он оқушыға «Таза бұлақ-Атырау» ЖШС тағайындаған Шәмсия Дәулетқызы атындағы шәкіртақының сертификаттарын тапсырды. Сондай-ақ, шарада ауданымыздың өнерпаздары көрермендерге әсем әндер сыйлады.

Қанат ҒҰМАРОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Құрманғазы  ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз