ТАСҚЫНҒА – БЕРІК ТОСҚАУЫЛ

Көктемдегі төтенше жағдайлардың алдын алу, жою, құтқару мақсатында  «Көктем – 2015» республикалық командалық штабының оқу-жаттығу жиыны өтті.

Екі күнге созылған оқу-жаттығулар барысында азаматтық қорғаныстың дайындығы тексеріліп және арнайы құрылған апаттық құтқару қызметінің әзірлігі мен техникалық мүмкіндіктері  сараланды.

Атырау қаласына қарасты  Дамбы селолық округінде өткен шараға қатысқан оқу-жаттығу жетекшісінің орынбасары, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, полковник Марат Құрманов ашық алаңқайда жедел қимылдау қызметінің саптық дайындығын тексерді. Мұнда 101 қызметі – өрт сөндірушілердің арнайы жасанған жауынгерлері техникаларымен бірге, барлық апаттық қызмет тобы кезегімен қатарлас сап түзеді.

Төтенше жағдайларды жою бөлімшесінің бастығы, өртке қарсы қызмет майоры Қайрат Темірболатовтың айтуынша, биыл аймақта желдің күшеюі салдарынан орын алуы мүмкін су тасқыны бойынша 18 апатты аймақ анықталған. Жылыой, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында су тасқыны көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Бұл жерлерде бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Ең қауіпті учаскелер – басты назарда. Барлық күш құралдары тығыз жұмылдырылуда.

Жаттығу жұмыстары барысында белгіленген екінші нөмірлі оқу орнында Жайық өзеніндегі мұз жарғыш кезеңіндегі зардап шегушілерге көмек көрсету жұмыстары жүзеге асырылды. «Судан құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінен бір УАЗ автокөлігі, бір үрмелі қайық, екі жиынтық сүңгуір құрал-жабдықтары, құтқару тақтайшасы және он құтқарушы қатысты.

… Оқу-жаттығу кезінде Орал-Каспий бассейндік акваториясында Жайық өзеніндегі мұз жарғыш кезеңінде екі азамат балық ауламақ болады. Кенеттен қатты желдің салдарынан мұз жарылып, екі балық аулаушы мұздың жарылған бөлігінде қалып қойып, ағыспен теңізге қарай кетіп бара жатты. Жағаға қарай жүзбекші болған балық аулаушылардың бірін қатты ағыс мұздың астына батырып жіберді.

Мұздың жарық бөлігінде қалып қойған ол көмекке шақыра бастады. Мұны байқаған Дамбы ауылының тұрғыны 112 құтқару қызметіне қоңырау шалып, оқиға орнына суда құтқару қызметінің құтқарушылары лезде келіп жетті. Құтқарушылардың біреуі беліне арқан байлап, мұз бөлігінде қалған балық аулаушыға жетіп,  құтқару жилетін беріп, зардап шегушіні жағаға алып шыққан соң, оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

 Ал, суға батып кеткен балық аулаушыны құтқаруда үрілген резина қайық арқылы бату орнына жеткен сүңгуірлер су астына түсіп, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Бір минуттан соң зардап шегушінің денесі судан шығарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Судан құтқарушы сүңгуірлер жұмысының қиындығы адам өміріне қауіп төнген осындай сәттерде байқалады. Оқу-жаттығу жұмысына қатысып, өз кәсібіне машықтанғанын көрсете білген Рахимов Нұржан есімді ІІІ сыныпты сүңгуірдің айтуынша, көктем кезінде мұндай оқиғалар көбірек орын алады. Екі жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан ол бүгінге дейін 16 адамды  құтқарған. «Судан  құтқару жұмысы оңай емес. Оған асқан ержүректілік қажет. Әсіресе, қыс мезгілдерінде қиынға соғады. Су астында біз  ағыс күшін, иірімдерді, тағы басқа жайларды есепке алып жұмыс істейміз. Көп жағдайда өз болжамымыз тура шығып жатады. Өйткені, адам өз жұмысынан тәжірибе жинақтайды емес пе?» деген Н.Рахимов бұл орайда тиісті құрал-жабдығың болмаса, өзгені құтқармақ түгілі, өзің құрбан болуың мүмкін екендігін де айтты.

Су тасқыны кезінде жағалық қорғау бөгеті бекітулерінің бұзылу қаупі орын алуы мүмкін. Бұл жағдайда қайтпек керек? Су басқан тұрғын үйлерден халықты көшіру және су сору жұмыстары жүргізіледі. Жаттығу жұмыстарының жоспарына сәйкес үшінші оқу орнында осы жұмыстар көрсетілді. Көктемгі ықтимал төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін құрылған апаттық-құтқару қызметі мен құрылымдарының мақсатқа сай құрамы және энергиямен жабдықтаудың резервтік көздері тексерілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз