МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ДОДАСЫ

Кеше «Мұнайшы» стадионында мемлекеттік қызметкерлер арасындағы облыстық спартакиада басталды. Дәстүрге айналған спартакиаданың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитеті төрағасының орынбасары Әбіл Дөңбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Ізбанов қатысты.

– Бұл – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірігіп ұйымдастырылған дәстүрлі сайыс. Мемлекеттік қызметкерлердің басын қосатын осы спартакиада. Ең мықты, ең күшті жеңіске жетуі керек. Спорттың ең негізгі идеологиясы, принципі – осы. Адамға екі-ақ нәрсе керек — жан саулығы мен тән саулығы. Жанды кітаппен сауықтырсақ, тәнді тек қана спортпен шынықтырамыз, – деген аймақ басшысының орынбасары қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Әбіл Дөңбай да сөз алды.

– Елбасы ұсынған 5 реформаның бірі — кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Бұған мемлекеттік басқарушы орган ретінде әр мемлекеттік қызметкердің қосар үлесі зор.  Әр істе кәсіби маман қалыптасса ғана жетістікке жетуге болады, – деді ол.

Айта кетсек, осыдан төрт жыл бұрын Атырауда мемлекеттік қызметшілер арасында өткен республикалық спартакиадада мұнайлы өлке командасы жүлделі І орынды иеленген болатын. Осы орайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Ізбанов: «Биыл да республикалық спартакиада өтеді. Чемпион болу оңай, ал, чемпион атағын қорғап қалу қиын. Осы жарыс нәтижесінде облыстың командасы жасақталып, ел додасында облыс намысын қорғайды», – деді.

Спартакиада спорттың тоғыз түрінен, атап айтсақ, баскетбол, волейбол, жүзу, шағын футбол, үстел теннисі, жүгіру және шахматтан өтуде. Алғашқы күні  жарыстар облыс орталығындағы «Мұнайшы», «Ривьера» және №3 спорт кешендерінде ұйымдастырылуда.

Спартакиаданың ашылу салтанатында шеруді дәстүрлі додада жалпыкомандалық есепте жеті жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрініп келе жатқан Құрманғазы ауданы әкімдігі командасы бастап шықты. Жеті аудандық, Атырау қалалық және облыстық әкімдік командалары екі күн бойына бақ сынасатын болады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз