Атырауда масамен күреске 126 миллион теңге бөлінген

20170511153303 Жаңалықтар


«AG Disinfektion services» ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Ахмедияровтың айтуынша, масамен күрес бағытындағы жұмыстар наурыз айының 29-ында басталды» деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда негізінен масалардың өсіп-өнетін, табиғи көбею ошағы саналатын бес учаске бар. Олар : Сарыөзектегі кәріз суы құйылатын, Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы техникалық және өндірістік мақсатқа пайдаланылған шайынды су төгілетін орын, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты Каспий маңы жағалау алаңдары және қаланы айналып өтетін «Ерік- Мостовой» каналы.

Бұл учаскелер кәсіпорынның тұрақты бақылауына алынған. Залалсыздандыру шараларымен бірінші кезекте шаһардағы 78 пәтер иелері кооперативіне қарасты 1 130-ден астам көпқабатты үй мен кірмедәліздеріне, олардың аумағы, балалардың ойын алаңқайлары мен аялдамалар, сондай-ақ, қала аумағындағы ауылдық елді мекендер де қамтылды. Келесі кезеңде дезинсекциялық жұмыстар Тухлая балка, Ерик мостовой, Перетасқа учаскелерінде жүргізілді. Екі ай бойына қаладағы жаңбыр суынан жинақталған лас су-тоғандар, шалшықтар мен көлшіктерде де осындай жұмыстар жүзеге асырылды. Осы мерзімде тұтастай алғанда қала маңындағы елді мекендер мен теңіз жағалауы бойынша жалпы ауданы 40 млн. шаршы метр жер залалсыздандырылды. Алға қарай да осындай жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.


Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы маусымда масаға қарсы күрес жұмыстарына жергілікті бюджеттен 126 млн. теңге қаражат бөлінді. Мердігер мекемеде жоспарланған залалсыздандыру жұмыстарын атқаруға 5 бригада, 43 дезинфектор, 8 бірлік автокөлік пен арнаулы техника-құрылғылар тартылған. Атап айтқанда, жел және түтін, асылмалы су генераторлары мен сепкіштер, сондай-ақ, қолмен сепкіш, екі су тасушы көлік бар. Осылардың көмегімен мамандар жертөлелерде, ылғалды, батпақты жерлерде масаға қарсы дезинсекциялау жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде, үш негізгі топ күндіз (сағат таңертеңгі 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс жасаса, қалған екеуі түнгі мезгілде (сағат 20.00 мен 02.00 аралығында) жалғастырады.


Оның үстіне, ыстық биыл ертелеу түсті. Ауаның жоғары температурасы апта бойына сақталып, апшыны қуырар аптап пен жердің шаңын аспанға көтерген аңызақ жел табиғи ошақтарда шоғырланған қансорғыштардың миллиардтаған дернәсілдерінен пайда болған масалардың күрт көбейіп кетуіне септігін тигізуде. Соның салдарынан қансорғыштардың шабуылы қайтадан күшіне еніп тұр. Сол себепті де, дезинфекторлар бірінші кезекте табиғи су қоймаларын химиялық препараттармен өңдеп, масалардың өсіп-өнуін тоқтатуға күш салуда.
Бұдан бөлек, серіктестік қызметкерлері қазіргі кезде қайтадан күш ала бастаған коронавирус індетімен күрес бағытында жоспарланған дезинфекциялық жұмыстарға да тартылған. Осылайша, олар облыс орталығындағы бірнеше көше мен өзге де нысандарды белгіленген кесте бойынша залалсыздандырумен айналысады. Ескерер бір жайт, мезгілімен улап, жойып отырмаса, масалар адамдарға ғана емес, жеке сектор тұрғындарының иелігіндегі малдар мен үй жануарларына да орасан залалын тигізетіні тәжірибеде дәлелденген.
– Жасыратыны жоқ, бір кездері көпқабатты үйлердің жертөлелері шірінді сасық суға толып, қысы-жазы құрғамайтын уақыттарда ондағы масалардың қауіптілігі қала аумағындағы ашық су қоймаларындағыдан да күштірек болатын. Кейіннен терможаңғырту бағдарламасы шеңберінде ескі үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген соң жағдайды біркелкі жеңілдетудің жолы табылды. Десек те, бұған қарап, масалармен күресте қордаланған проблемалар түпкілікті шешілді, қиындықтан біржола құтылдық деп түйін жасауға негіз жоқ. Рас, жаныңды алмаса да, қаныңды сорып алатын, салдарынан адамның денесінде түрлі жарақаттар мен тері аурулары пайда болатын қатерлі кеселмен ымырасыз күрес жүргізіп, сақтану мақсатында біздің дезинфектор мамандарымыз жылдан жылға химиялық препараттардың, соның ішінде, масаға қарсы әрекет ету қабілеті басымырақ болып келетін инсектицидтердің агран, циперметрин, медилис ципер сияқты жетілдірілген түрлерін қолдануда, – дейді Нұрлыбек Ахмедияров.


Ал, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, Атырауда масамен күрес шараларының жалпы ұзақтығы 8 айға созылады. Яғни, наурыз айының соңын ала басталып, қараша айында аяқталады.


Иә, мамандар осылай дегенімен, жекелеген қала тұрғындары масаның әлі де мазаны алып тұрғанын, қансорғыштардың кесірінен кешкілік мезгілде көшеге шығып, серуендеу де мүмкін емесін жасырмайды. Қыруар қаржы жұмсалып, улау жұмыстары жүргізілгенімен, одан түп-тамырымен жойылып кетіп жатқан жәндік көрінбейді. Жыл санап тұрғын үйлердің қатары артып, қала аумағы өсіп келеді, жасыл-желек те көбеюде. Су құбырларының жиі-жиі жарылуы мен дренаж жүйесіндегі ақаулардың салдарынан қалыпты көше бойында пайда болатын көлшіктерден де арыла алмай отырған жайымыз бар. Сайып келгенде, осының бәрі ылғалды жерде көбеюге бейім келетін масалардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызып, қазына қаражатын зая, еңбекті еш кетіруге себепші болатынын есте ұстап, қорытынды шығармағанымыз абзал.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз