«Құлсары» мұнай айдау стансасына Амандық Құлтұмиевтің есімі берілді

Ел ырысын еселеген Жаңалықтар

«ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы Құлсары мұнай құбырлары басқармасына қарасты станса бұдан былай мұнай тасымалдау саласының білгірі, еліміздің көрнекті инженері Амандық Құлтұмиевтің атымен аталады. Жағымды жаңалық жақында ғана оның құрметіне тұрғызылған монументтің ашылу рәсімінде жария етілді.

Ел ырысын еселеген

Салтанатты шара шымылдығын Атырау облысы әкімінің орынбасары  Әлібек Нәутиев ашты.

– Елі үшін еңбек еткен ер есімінің  нақ осы кәсіпорынға берілуі тегін емес. Өйткені, атақты мұнайшы алғашқы еңбек жолын осында электромашинист болып бастаған. Салада көп жылдар бойы аянбай еңбек еткен оның есімі ескерусіз қалмай, лайықты бағасын алуда, – деді ол.

Осыдан кейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев сөз алды.

– Амандық Ахмерұлы Қазақстан мұнай құбырының инфрақұрылымдық жұмыстарын ұтқыр ұйымдастыра білді. Қазақстан, Ресей, Қытай, Грузия мемлекеттерінің мұнай-газ тасымалдау саласындағы бірлескен жобаларына қатынасты. Адал қызмет иесіне арнап бүгінде монументтің бой көтеріп жатқаны – өте игілікті іс, – деді.

Әңгімені одан әрі Амандық Құлтұмиевпен көп жыл қызметтес болған «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директорының  үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин жалғады.

– Әбекең өз өмірінің қырық жылдан астам уақытын мұнай-газ саласына арнады. 2002-2003 жылдары «МұнайТас» мекемесін басқарып, Кеңқияқ-Атырау магистральдық мұнай құбырының құрылысын жүргізді. 2003-2006 жылдар аралығында «ҚазПетроПроект» ЖШС-нде бас директор, 2006-2007 жылдары «ҚазҚұрылысСервис» компаниясы бас директорының бірінші орынбасары міндетін мүлтіксіз орындады. Ал, 2008-2010 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ Пайдалану департаментінің директоры және Ғылыми-техникалық орталық филиалы директорының орынбасары болды. 2010-2015 жылдары «Каспийский Трубопроводный Консорциум-Россия» мекемесі директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары ретінде іскерлігін танытты. Өмірінің соңғы күніне дейін «Батуми мұнай терминалы» серіктестігі бас директорының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Қызметте талапшыл болғанымен, өмірде адал еді, – деп еске алды ол.

Ал, сала ардагері Түйекен Бисенов әріптестің есімі артында қалған жұрты мен ұрпағы барда мәңгі жасай беретінін айтты.

Шараны «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Димаш Досанов қорытындылады.

– Компания өз ісіне шын көңілмен шексіз берілген ардагерлерін құрметтей де, бағалай да біледі, – деді ол. – Амандық Құлтұмиев тек ұжымдастарының ғана емес, күллі жұртының жадында мәңгілік жарқын із қалдырды. Бүгінде оның атын Қазақстандағы, Ресейдегі және Грузиядағы әріптестері мен шәкірттері құрметпен еске алады.

Содан соң «ҚазТрансойл» АҚ бас директоры Димаш Досанов пен мұнайшының немересі Әмірхан Құлтұмиев жаңа монументтің лентасын қиды.

Еңбек ардагерлері, сала қызметкерлері, мұнайшының жақын-туыстары мен достары монумент алдына гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті. Марқұмның ақтөбелік әріптесі Кесікбай Елеуов: «Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі инженер бола жүріп, біршама шаруаны тындыратын. Құбыр көлігі саласының түрлі бөлімшелерін басқарды. Десе де, ол үшін «Құлсары» стансасының орны ерекше еді. Себебі, өнегелі өмір жолы осы жерден басталған-ды»  дейді. Еңбек ардагері Валерий Шевлягин де іскер басшымен жұмыстас болғанын мақтанышпен еске алады. Оның айтуынша, мұндай ел азаматтары дүниеге мың жылда бір келеді.

P.S. Айта кетейік, бұл – кәсіпқой мұнайшылар есімін еншілеген Ақтөбе облысындағы Нурибек Шманов, Қарағандыдағы Байқадам Жұмағалиев, Атыраудағы Тарас Қасымовтан кейінгі төртінші станса. Иә, керуен жылдар алға жылжып, өшпес естеліктер артта қалады. Кешегі еңбек ерлерін бүгін жаңа буын ауыстырды. Осылайша, ер есімі ел есінде мәңгіге сақталмақ.

Амандық Сағынтайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз