ҚУАНЫШ СЫЙЛАП КӨҢІЛГЕ…

Жаңа 2015 жылды қарсылауға арналған «Жасыл шырша» мерекесі Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінде есте қаларлықтай болып өтті. Өйткені, бұл үйге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы барып, балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтады.

 Бұл күні балалар үйінің іші, әсіресе, зәулім шырша құрылған үлкен зал ерекше әсемделген. Жарқ-жұрқ еткен түрлі түсті шамдар, жан-жануарлар мен ертегілер кейіпкерлерінің костюмдерін киген балалар – бәрі көз тартады. Жасыл шырша жанындағы Аяз ата мен Ақшақар да көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы балаларға арнаған өзінің ақ тілегін ақтарды.

– Жаңа жыл – балалар үшін тамаша мереке. Шыны керек, Елбасымыз өздеріңдей бүлдіршіндер үшін барлық жағдайды жасап отыр. Сендердің алаңсыз да бақытты болашақтарың үшін көптеген игі шараны жүзеге асыруда. Осындай жұмыстардың жүйелі жүруінен қазіргі күнде елімізде балалар үйлері азайып келеді. Біздің облысымызда бұрын үш балалар үйі болса, бүгінде ол – екеу. Келе жатқан жаңа 2015 жыл сендерге, ұстаздарың мен тәрбиешілеріңе тек жақсылық әкелсін. Ақылды, білімді болып өсіңдер! Жаңа жыл бәріміз үшін құтты да берекелі жыл болсын! – деген облысымыздың бірінші басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов балаларға тәттілер үлестіріп, балалар үйіне шаруашылыққа қажетті заттар табыс етті. Бүлдіршіндер ән-жыр мен биден шашу шашты. Өздерінің ең ізгі тілектерін арнады. Ал, оныншы сынып оқушысы Лиза Сафронова Бақтықожа Салахатдинұлына деген лебізін таза қазақ тілінде жеткізіп, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.

Өз кезегінде сөз алған балалар үйінің директоры Сәния Төлегенқызы облысымыздың бірінші басшысына және бірге келген Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаевқа, облыстық білім беру басқармасы басшысы Берікқали Сәрсенғалиев, басқа да азаматтарға көптен-көп алғыс айтты. Балалар үйінің директоры өз сөзінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жылма-жыл азайып, отбасы тәрбиесіне беріліп келе жатқанын, республикада біздің облыстың осындай балалар санының аздығы жөнінен екінші орында тұрғанын жеткізді. Айтқандай, бұрынғы жылдары мұнда үш пен он сегіз жас аралығындағы 120-130 бала болса, қазір оның саны 71-ге түскен. Үкімет үйінен гөрі шаңырақтағы, отбасындағы тәрбиеге икемдеу әдісі мұнда да жүзеге асуда. Сондай жұмыстардың арқасында балалар патронаттық тәрбиеге, асырап аламын деуші ата-аналарға берілуде.

Балалар үйіндегі Жасыл шырша мерекесі есте қаларлықтай болып өтті. Бұл күні бүлдіршіндер мен орта сынып оқушылары облысымыздың бірінші басшысымен суретке түсіп, бір қуанып қалды.

Лиза СЕЙТІМОВА,

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз