Көктемгі жаңарудың МЕРЕКЕСІ

img 20220314 wa0069 Жаңалықтар

НАУРЫЗ – ПАРСЫ ТІЛІНЕН АУДАРҒАНДА «ЖАҢА КҮН» ДЕГЕНДІ БІЛДІРЕДІ. ДЕРЕКТЕРДЕ БҰЛ МЕЙРАМ БҰДАН ҮШ МЫҢ ЖЫЛ БҰРЫН ПАЙДА БОЛҒАНДЫҒЫ АЙТЫЛАДЫ. 21 НАУРЫЗДАН 22 НАУРЫЗҒА ҚАРАҒАН ТҮНІ КҮН МЕН ТҮН ТЕҢЕЛЕДІ. БҰЛ МЕРЕКЕНІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ, ТАЯУ ШЫҒЫС ЖӘНЕ КАВКАЗ МҰСЫЛМАНДАРЫ ТОЙЛАЙДЫ-МЫС.

Әр елдің салты басқа…

Ұлыстың ұлы күні Наурыз қазақтардан өзге, татарлардың, башқұрттар мен қырғыздардың, тəжіктер мен өзбектердің ұлттық мейрамы болып табылады деседі. Ал, бiреулер барша мұсылман елдерiне тəн мереке деп жатады. Дұрысы, күн мен түннiң теңелiп, Табиғат-ана жаңғыратын, Жер бетiндегi бар тiршiлiк иесiмен бiрге уақыт та жаңаратын мезгiл күллi əлемге жат емес екен. Осыдан бірнеше мыңжылдық бұрын күн мен түннiң теңелген сəтi жер жүзiнде жаппай тойланғаны айтылады. Əрине, мереке əр халықтың салт-дəстүріне, өркениетіне, бастан кешкен тарихи тағдырына сай өзгерiп отырған.

Атышулы «Google» іздеу сайты Наурыз мейрамын ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тəжіктер «гүл гордон», «бəйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардугаш», буряттар «сагаян сара», соғдылықтар «наусарсыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп əрқилы атап, тойлағанын алдыңа жайып салады. Көне славян халықтары астрономиялық көктемнiң басталуын қасиеттi мерекеге балап, Табиғат-ананың жаңалығын дiни наным-сенiмдерiмен астастыра тойлаған. «Жаворонки», «Масленица-Комоедица», «Сороки», «Благовещение», еврейлердiң «Песах» көне мейрамдары – жалпы адамзатқа ортақ ұлы күннiң өзгертілген көрінісі.

Ат шаптырып, жамбы атысқан

Иран тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн əр жерге от жағып, отқа май құйып, жаңа өнген жеті дəн арқылы келешек егінжайды болжаған деседі. Сонымен қатар, «сумалак» аталатын дəстүрлі ұлттық көжелерін құдайы қонақтарына жеті ақ кесемен ұсынады. Олар да ат шаптырып, жамбы атысып, көне киімдерінен арылып, ескі ыдыс-аяқтарды сындырып, бір-біріне гүл шоқтарын сыйға тартады. Ал, енді Рим республикасында біздің дəуірімізден бұрынғы VІІІ ғасырдың орта шенінен бастап қолданылған күнтізбеде Жаңа жыл наурыз айынан басталып, қазіргі күнтізбелерінде əлі күнге дейін сақталып отыр. Римдіктер жылдың бірінші айын соғысқа тыйым салушы мартиустың атымен «март» деп атаған деген де аңыз бар. Ежелгі түркілер де ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал-мұртын қиып, шаштарын алады. Алты күн садақ тартып машықтанады да, жетінші күні дегенде алтын теңге – жамбы атып жарысады. Бір қызығы, егер кімдекім бірінші болып жамбыны атып түсірсе, сол адам бір күн елге патша болып, билеуге ерік беріледі. Мұндай салт дейміз бе, дəстүр ме, жоралғыны гректерден де көруге болады. Ел билеуші патша алтын тағынан түсіп, өзіне ұнаған құлына бір күн ел басқартқаны тарихта бар.

– Наурыз – жақсылық пен бейбітшіліктің, қай кезде де еңсесі биік елдік пен іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Бұл күні өкпе-реніш атаулы тарқап, тек ізгі ниет пен ақ тілектер орын алған. Өзге халықтардың тарихындағы патшаның қараға тағын ұсынуы да қазақ жұртының бай мен кедей теңесіп, төс қағыстырар салтымен үндес. Яғни, күн мен түн теңесіп, табиғатта тап осы күндері тепе-теңдік болады. Түркияның Стамбул қаласының тұрғыны Əли Серттің айтуынша, түріктер елінде 22 наурыз күні ағаш отырғызылып, жанып жатқан оттан секіреді екен. «Үрім-бұтағымыз өніп-өссін, көбейіп, көгерсін, сонымен бірге «от-ана, жамандықтан, бəле-жəледен қорға» деген тілектен туған. Бізде Невруз, ал кейбір жерлерде Сұлтани наурыз, Наурыздың тоғысы, Наурыздағы мұз бұзылысы, басқа да атаулармен аталып өтеді», дейді Əли Серт.

Бірлік болса, тірлік болады

Атырауда еңбек ететін үндістандық Вишванатхан Нароликанди Үндiстанда бiрыңғай ұлттық күнтiзбе бойынша наурыздың 22-сi күнi чайтра айы туып, Жаңа жыл басталатынын айтады. Қазіргі кезде Наурыз көпұлтты Қазақстанның əрбір тұрғыны үшін ортақ маңызға ие. Бұл күні ұлты мен ұлысына қарамай, бүкіл қазақстандық ұлық мерекені тойлайды.

– Наурыз – əрбір қазақстандықтың ұлттық мейрамы. Біз де көпшілікпен бірге Ұлыстың ұлы күнін отбасымызбен атап өтеміз. Наурыз көже дайындап, төс қағыстырып, мəре-сəре боламыз. Аталған мейрам қазіргі заман талаптарына үйлесе отырып, қоғамдағы тұрақтылық, достық пен келісімнің нығаюына маңызды үлес қосуда. Бірлігіміз болса, тірлігіміз болса, біз əлі талай белестер мен биіктерді бағындырып, əлемде Қазақстан туын асқақтата береміз, – дейді «Таврос» армян этномəдени бірлестігінің төрағасы Гагик Плузян.

Ал, «Новруз» əзербайжан этномəдени орталығының мүшесі Эльдар Ахмедовтан білгеніміздей, Наурыз – əзербайжандардың да дəстүрлі мейрамы. Наурыз байрамын атап өту дəстүрінде еш айырмашылық жоқ. Əзербайжанда бидай егіледі. Бұл көктемнің келуінің символы дегенді білдіреді. Сонымен бірге, дастархан басына жеті түрлі тағам қойылады. Жыл сайын тағам түрлері ауыстырылып тұруы қажет. Яғни, ішек, палау секілді ұлттық тағамдар. Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі, – деген ол жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын деген тілегін де білдірді.

Халқымыз бағзы замандардан бері осы бір жарқын мерекесін сағына күтіп, оған өзінің асқақ армандары мен үкілі үміттерін ұштастырып отырған. Күн мен түннің теңеліп, жер-дүниенің жаңарып, жасарып, жаңғырар тұсында ағайын өзара өкпе-назын ұмытып, төс қағыстыра қайта қауышқан, өткенге салауат, барға берекет айтып, келер күннен жақсылық күткен.

 Рита ЖАЙҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз