КЕЛІССӨЗ ТАҚЫРЫБЫНА АЙНАЛМАҚ

ФИНЛЯНДИЯ. 16 ақпаннан бастап, Алстром компаниясының басшылығы Кархула қаласындағы кәсіпорын қызметкерлерімен уақытша қысқартулар жөнінде келіссөздерін бастайды.

 

Құрылыс материалдарына деген сұраныстың төмендеуінен Алстром зауыттың өндірістік қуатына түзетулер енгізуді көздеп отыр. Мұның өзі «көк жағалы» 20 қызметкердің уақытша жұмыстан босатылуына себепкер болмақшы. Келіссөздерді үстіміздегі жылдың наурыз айының соңына дейін аяқтау көзделген.

Кархуладағы кәсіпорындарда құрылыс материалдары мен еден жабындыларына қажетті әйнекталшықтар шығарылады. Штаттағы қызметкерлер саны – 80 адам, оның 43-і – «көк жағалылар».

 

Сотқа шағым түсірді

РЕСЕЙ. «Лукойл» компаниясы Лондонда «Sinopec» компаниясына қатысты төрелік сотқа шағым түсірді.

Қытайлық компания «Лукойлмен» құны 1,2 миллиард доллар болатын келісім-шартты бұзған. Атап айтсақ, «Sinopec» Қазақстандағы көмірсутектер өндірісімен айналысу бойынша төрт жобада үлесі бар – «Caspian Investment Resources»  компаниясының 50 пайызын сатып алу туралы келісімді орындаудан бас тартқан.  Еске салсақ, сауда-саттық келісімге қол қою туралы шешім өткен жылдың 15 сәуірінде жарияланған болатын. Бүгінде «Лукойлға»  келтірілген шығын көлемі 358 миллион доллар көлемінде бағаланып отыр. 

 

Мұнай  экспорты  құлдырады

ИРАН. Энергетика министрі Хамид Читчиян мемлекеттік бюджеттің мұнай экспортынан кірістері шамамен бес есеге төмендегенін мәлімдеді.

2014 жылдың 21 наурызынан 2015 жылдың 20 қаңтарына дейінгі кезеңде  Иранда мұнайды өндіру көлемі күніне 2,5 млн. баррельден 1 млн. баррельге дейін қысқарғаны, ал мұнай бағасы бір баррель үшін 100 доллардан 40 долларға дейін құлдыраған.

«Иран экономикасы өзіне тән өте күрделі жағдайда қалып отыр», – деп атап өтті Читчиян, сонымен бірге ол Иранның табандылыққа үйреніп, барлық қиындықтарды еңсере алатынын, сеніммен алға қадам басатынын атап көрсетті. Министр, сондай-ақ, Жоғарғы экспорттау кеңесінің баяндамасына сілтеме жасап, елдегі мұнайдан басқа сала экспортының соңғы он айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға көтеріліп, 46 миллиард долларға жеткенін атап көрсетті.

 

Премьердің  жауы – жемқорлық

ГРЕКИЯ. Жаңадан сайланған премьер-министр Алексис Ципрас парламенттегі алғашқы үндеуінде елде жалақы деңгейін көтеріп, жұмыссыз қалған мемлекеттік қызметкерлерді қайта еңбекпен қамтуға уәде етті.  

Ципрас Еуроодақтың көмек бағдарламасына мұнан ары иек артқысы келмейтінін мәлімдеді. Дегенмен, ол жазға дейін уақытша қарыз алып, алдыңғы қарыздарды қайта қарап шығуда уақыт үнемдеуге әрекет жасамақ. Премьер сайлауалды берген уәделерін де орындайтынын айтып отыр. Ол негізгі күштің жемқорлықпен және салықтан жалтарушыларға қарсы күреске жұмсалатынын хабарлады.

Дайындаған Б.ХАМИТҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз