ҚАЛА ЖОЛДАРЫ КЕҢЕЙІП ЖАТЫР

Тұтастай алғанда, шаһардың басты қақпасы саналатын жолдың арнасы кеңейтілумен бірге оның бойындағы транспорт аялдамаларының, Ерік-Мостовой каналы арқылы өтетін көпірдің ені мен ұзындығы ұлғайтылды. Сөйтіп, қайта жаңғыртуға дейін аталмыш жолдың ауданы 36 182 шаршы метрді құраса, күрделі жөндеу жұмыстарынан соң 71 859 шаршы метрге жеткізілді. Сәйкесінше, көпірдің ені мен ұзындығы 13,85-тен 19,35 және 21,7-ден 24,9 метрге кеңейтілді. Айналасының бәрі сапалы әрі төзімді гранитті жиектастармен көмкерілді. Елеулі жаңалықтың бірі, осы жол бастауын алатын Атырау халықаралық әуежайы алдындағы ауданы 15 682 шаршы метрді құрайтын алаң да қайта жаңғыртылып, осындағы жаяу жүргіншілер жолының аумағы абаттандырылды. Осыншама ауқымды жұмыстардың бас жобалаушысы «ЛМ Транспроект» ЖШС болса, бас мердігері «Атырауинжстрой» ЖШС болып табылады. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, қайта жаңғырту шеңберінде жоспарланған іс-шаралар кестеге сәйкес, бір айдан сәл ғана астам мерзімде атқарылды. 

Бізді осындай жағымды жаңалықтардан құлағдар қылған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, бұдан бөлек шаһардың басты көшелері мен көліктер көп жүретін жолдарын жөндеуге де жергілікті бюджеттен 8,8 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Осылайша, күні бүгінге дейін Қ.Сәтбаев даңғылы түгелімен күрделі жөндеумен қамтылып жаңғыртылса, жұмыстар қазіргі уақытта Азаттық даңғылы мен Махамбет, Әуезов, Пушкин көшелерінде жалғасуда. Күрделі жөндеу жұмыстарының қолға алынуымен байланысты «Атырау» мәдениет орталығының (облыс әкімдігі үйінің арты)  аумағы да ретке келтірілуде.

Әңгіме барысынан, сонымен бірге, екі ел Президенттерінің қатысуымен Атырауда өтетін «Қазақстан-Ресей» аймақаралық бизнес-форумы аясындағы негізгі ресми шаралардың орны ретінде белгіленген Салтанат сарайы мен Көрме залы ғимараттары құрылысының да жеделдетіліп жатқанын аңғардық.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз