Инвесторға қолайлы орта

инвесторга Жаңалықтар

Әлем алпауыттары көз тіккен Атырау өңірі шетелдік инвесторларды қабылдауға дайын. Елімізге инвестиция тарту мақсатында құрылған «Kazakh invest» ұлттық компаниясының өкілеттілігі мұнайлы өлкеде де ашылмақ. Бұл туралы аймаққа жұмыс сапарымен келген аталған компания өкілдерімен кездесу барысында белгілі болды.

инвесторга

– Мемлекет басшысы ел дамуындағы шағын және орта бизнестің рөлін ерекше атап өтіп, оның үлесін 50 пайызға дейін көтеруді тапсырған болатын. Соның аясында облыста қазіргі таңда шетелдік инвесторлармен бірге жергілікті кәсіпкерлер де қолданыстағы заңдылықтарды пайдалана отырып, қызмет аясын кеңейтуге жұмыстануда. Алайда, атқарылған жұмыстармен қатар алдағы міндет те ауқымды екенін жақсы түсінеді. Осы орайда Елбасы тапсырмасымен құрылған «Kazakh invest» ұлттық компаниясының елімізге инвестиция тартуда инвестормен тікелей жұмыс істеудегі рөлі бөлек, – деді жиынды ашқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Айта кетелік, өңірімізге ат басын тіреген астаналық меймандар бірнеше индустриалдық нысандарды аралады. Өз кезегінде «Kazakh invest» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев жаңа құрылым қызметімен таныстырып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Ал, компанияның басқарушы директоры Александр Конопляныйдың айтуынша, ұлттық оператор инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ, компания жаңадан инвестиция тартумен қатар, елімізде кәсібін өркендетіп жатқан шетелдік кәсіпкерлермен қарым-қатынасты нығайта түспек. «Біз инвестицияны ұстап қалу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Келісім-шарттан бастап жобаның жүзеге асуын бақылауда ұстаймыз. Бір сөзбен айтқанда, инвестордың негізгі көмекшісі боламыз. Күні бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары басшылығымен рәсімдерді жеңілдетуге келісімге келіп, Меморандумға қол қойдық. Әр инвесторға барынша сандық форматта қызмет көрсетуге жұмыстанудамыз», – деді ол.

«Kazakh invest» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешевтің сөзіне қарағанда, инвестиция тартудың осынау тәсілдері халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жасалған. Қазірде, 58 негізгі қызмет автоматтандырылған. Әрі қарай процедуралар «қағаз күйінде» жалғасады. Демек, әлі де атқарылар іс жеткілікті. Инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру үшін жасалатын жұмыс аз емес.

Аймақтың инвестициялық ахуалына кеңірек тоқталған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  келіп жатқан шетелдік инвесторлардың тек мұнай-газ саласына ғана емес, ауыл шаруашылығы, шикізат өңдеу өнеркәсібіне қаражат салғанын қалайтынын атап айтты.

Айбөпе Сабырова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз