Индердің иесі – еңбек, киесі – байлығы

Аймақтық коммуникациялар қызметінде Индер ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндаған аудан әкімі Серік Арыстан аталмыш өңірде жүзеге асырылып жатқан игілікті істерді атап өтті.

ӨНЕРКӘСІП ШИКІЗАТҚА НЕГІЗДЕЛГЕН

  Қойнауында Менделеев кестесіндегі элементтер түгелге жуық кездесетін қазыналы –кенді өңірдің экономикасы төмендегідей үш басым бағытты құрайды. Олар: тау-кен өнеркәсібі саласы – Дендер тауы шикізаттары негізінде борат, құрылысқа қажетті материалдар мен ас және техникалық тұздар өндіру, табиғи жайылымдар, шабындықтар, су көздері мен су каналдары, мал және егін шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай туғызып отырған ауыл шаруашылығы және соңғы жылдары кең өріс алып келе жатқан шағын және орта кәсіпкерлік саласы. Ауданның өнеркәсіптік негізі Индербор кентінде қалыптасқан, яғни, шешуші өндірістік қуаттар орналасқан, өндірілетін өнеркәсіптік өнімінің жалпы көлемінен 98,2% үлесін үш («ИСИ Гипс Индер», «ПромСтройЦентрСервис», «Тұз» ЖШС-тер) орта өнеркәсіптік кәсіпорындар жүзеге асырады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2016 жылдың қаңтар-маусым айларында қолданыстағы бағамен 763,2 млн. теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,6 пайыздық өсім бар, нақты көлем индексі 126,9 пайызды құраған. Ауданның әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатының негізі – аграрлық сектормен байланысты болса, аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға артып, 1 млрд. 831 млн.теңгені құрады. Үстіміздегі жылы егілген ауыл шаруашылық дақылдар көлемі 195 гектарға немесе 18,2 пайызға артып, барлығы 1258 гектар (2015 жылы – 1073 га) жерге егін салынды. Тамшылатып суару әдісімен 2015 жылы 11 шаруа қожалығы 175 гектарға егін ексе, биылғы жылы 11 шаруа қожалық 250 гектарға тамшылатып суару әдісін қолданып отыр. Мал басының санын көбейтуге «Сыбаға», «Құлан» «Алтын Асық» бағдарламалардың әсері мол. Соның шеңберінде өткен жылы жеті шаруашылық 1640 бас төрт түлік аналық және аталық малдарды сатып алса, биылғы жылы 973 басқа жоспар берілді. Есепті мерзімінде екі шаруашылық 520 бас қой, 90 бас аналық, үш бас аталық бұқа сатып алды.

ЖАН ЖАДЫРАТҚАН ЖАҢА ҚҰРЫЛЫСТАР

 Ел Президентінің жаңа әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі – еліміздің тұрмыстық коммуналдық шаруашылығын жаңғырту болса, Индерде бұл салада игілікті істер аз емес. Өткен жылы аудан орталығынан екі 60 пәтерлік тұрғын үй және 10 қызметтік тұрғын үй қолданысқа беріліп, 130 отбасы қоныс тойын тойлады. Сол игі шара биыл да өз жалғасын тауып, Индербор кентінен 60 пәтерлік бір тұрғын үй құрылысының жұмысы жүргізілуде. 2016 жылдың қаңтар-маусым айларында 4924,6 шаршы метр көлемінде 34 тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,8 ш.м. артқан. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 511 млн. 190,0 мың теңге бөлініп, облыстық құрылыс басқармасымен Индербор кентіндегі «Шығыс» мөлтек ауданында 290 орындық балабақша және Жарсуат ауылына 70 орындық саз мектебін салу үшін конкурс жарияланды. Ал, құрылыс қарқынды жүріп жатқан Индербор кентіндегі 400 орындық, Бөдене ауылындағы 200 орындық және Есбол ауылындағы 300 орындық мәдениет үйлері халықтың көз қуанышына айналар күн алыс емес.

КӨСЕГЕСІ КӨГЕРГЕН КӘСІПКЕРЛІК

  Ауданда шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселесі жіті назарда отырғандығын айту керек. 2016 жылдың қаңтар-маусым айларында аудандағы субъектілерінің саны – 1934, оның ішінде, жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны – 1834, ондағы жұмыспен қамтылғандардың саны – 2385 адам болды. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда шағын бизнес субъектілерінің саны 123-ке артып, оның ішінде, белсенді субъектілердің саны 115-ке жетіп, жұмыс жасайтын адам саны 35-ке көбейген. 2016 жылға жоспарлаған «Бизнес-аймақ» бағдарламасы бойынша үш адам барлығы 15,9 млн. теңге көлемінде несие алып, нәтижесінде он жаңа жұмыс орны ашылған.

ҮМІТ КҮТКЕН ҮШ ЖОБА

 Үстіміздегі жыл аудан үшін үш бірдей ірі жобаның іске асуымен маңызды болып отыр. Олардың бірі – Индер ауданы Елтай ауылдық округінен «Soltech Kazakhstan» («Солтек Казахстан») жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күн сәулесінен электр энергиясын өндіріп сатуға 200 га жер телімін рәсімдесе, «NAVA GRA» («НАВА ГРА») жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көкөніс, олардың тұқым мен көшеттерін өсіруге 1608 га жер телімін алып, құжаттары толық рәсімделген. Аталған заңды тұлғалар жергілікті кірістер басқармасына тіркелген. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын бастау үшін қажетті қаражатты Канада елінен күтуде. Жалпы бұл жобаға Бельгия, Франция, Канада, Германия, Араб елдерінен инвесторлар тарту көзделген. Көктоғай ауылынан «ТИКА» түрік компаниясы жылыжай құрылысын салу мақсатында 1 гектар көлемінде жер учаскесін алып, құрылысын бастау үшін тендер жариялап отыр. Егер осы жобалар айтарлықтай жеміс берер болса, аудан экономикасына сүбелі олжа салары анық.

АБАТТАНДЫРУҒА АЙРЫҚША НАЗАР

  Ауданда абаттандыру шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында 28 млн. 982,0 мың теңгеге төрт елді мекенге балалар ойын алаңын (Индербор, Бөдене, Есбол, Ынтымақ ауылдарында) орнату, екі елді мекенге жазғы су құбырларының желісін (Жарсуат, Аққала ауылдары) ағымдағы жөндеу, бір елді мекеннің балабақшасын ағымдағы жөндеу (Өрлік ауылы), үш елді мекеннің көшелерін жарықтандыру жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталады.

БҰҚАР МЕН КЕТЕБАЙДЫҢ БАҒЫ ЖАНА МА?

  Бұқар ауылы Индербордан сексен, Қарабаудан он екі шақырымдай қашықтықта жатыр. Кезінде полигон аумағында болған бұл елді мекен қазір жергілікті жердің қарамағына беріліп отыр. Су, газ, жарық мәселелері шешілген. Медбөлімше, телефон нүктесі қызмет істеп тұр. Кетебай ауылына келер болсақ, ол аудан орталығынан қырық шақырым қашықтықта Индер-Қарабау жолының бойында орналасқан. Бұл ауылды табиғи газбен қамтудың мәселесі қарастырылып келеді. Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында орналасқан «Сәтимолда» кен орнына инвесторлар тарапынан газ тарту мәселесі қозғалған болатын. Егер осы жоба қолдау тапса, аталмыш газ желісі Индер магистралі арқылы Кетебай ауылының үстінен өтпек. Мұндай жағдайда бұл ауылдың ең басты мәселесі шешілуі мүмкін. Әрине, бұл болашақтың еншісінде. Индер-Қарабау-Миялы жолы аяқталатын болса, бұл ауылдың жоғы түгенделеді деп айтуға негіз бар.

АУЫР КӨЛІКТЕРГЕ ТОСҚАУЫЛ

  Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Индер ауданына іссапары барысында куә болған келеңсіз жайт – Атырау-Индер тас жолының бүлінуі болатын. Жайықтың Еуропа бетінің халқына отыз-қырық жыл бойы арман болған асфальтті Индербордың қиыршық тасын Атырауға тасымалдаған ауыр жүк көліктері жарамсыз етіп отыр. Аудан әкімі баяндамасында осы жағдайға ерекше тоқталды. Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасымен жергілікті атқарушы орган және құқық қорғау мекемелері осы заңсыздықтың алдын алу бағытында жұмыстар жоспарлап отыр. Осы уақыт ішінде бірнеше рейдтер жүргізіліп, ондаған заңсыз жүк тасыған көліктер тоқтатылған. Түсінік жұмыстары, әкімшілік шаралар, арнайы бекет орнату халыққа арналған күре жолдың жеке мүдделер үшін құрбандыққа шалынуын тоқтатады деп күтілуде. Ауданның экономикасы мен әл-ауқаты туралы тыңғылықты баяндама жасаған әкім Индербордың бас жоспары, ішкі туризм, лимандық суару жүйесі, жекеменшік балабақша туралы журналистерді толғандырып жүрген бірнеше сұраққа жауап бере кетуді де ұмытпады.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз