ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН

Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырып отырған «Ерлік даңқы» атты жобасының мақсат-мүддесімен танысып, кешегі өткен сұм соғыста қаза тапқан жауынгерлеріміздің есімін ұлықтау жолындағы игі бастамасын ерекше қуанышпен қабыл алып отырмыз.

 «Тарихын ұмытқан елдің болашағы жоқ» дейді қазақта. Сол бір 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысында фашизмге қарсы күресте «ер етігімен су кешіп, қасық қаны қалғанша күрескен» кеңес әскері сапында қазақстандықтар да аз болмады. Олардың ерлік істерін келер ұрпаққа насихаттау – бүгінгінің парызы. Облыстық ардагерлер кеңесі, бұл орайда, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, соғыс ардагерлерін құрметтеу, марапаттау, олардың әлеуметтік мәселесін жергілікті билікке жеткізуде жыл сайын арнайы игі шараларды қолға алып отырады. Сондықтан да, «Атырау» газеті көтеріп отырған «Ерлік даңқы» аталатын бастамасын қолдау – міндетіміз.

Ұлы Отан соғысының қиыншылықтарынан өзге, Атырау өлкесіне қосымша адам төзгісіз ауыртпалық арқалатқан «Жол» деп аталатын екпінді құрылыс болды. Сол жолтабан отыз жыл бойы сапасын жоғалтпастан сақталып, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Гурьев-Астрахан теміржолы құрылысына пайдаланылды. Осы құрылысқа қатынасқандар бұрын да, қазір де елеусіз қалып келеді. Сондықтан, қосымшада «Азалы жылдардың ащы ақиқаты», «Аштықты да көзбен көргенбіз» деген сынды тақырыптармен арнайы материалдар жарияланса, сондай-ақ, жеке ардагерлер туралы материалдар, ардагерлер ұйымдарының жұмысы, майдангерлерге құрмет туралы нақты оқиғалар көрініс тапса деген тілегіміз бар. Және осы жолда өзімізге аян  мәліметтерді редакцияға ұсынып отыру арқылы бұл бастамаға біз де өз үлесімізді қосамыз. 

«Ерлік даңқы» қосымшасы арқылы  бүгінгі жастар тарих беттерінде орын алған Ұлы Отан соғысының зардабы мен зауалы хақында көптеген мағлұмат алып қана қоймайды, бұл жоба ұрпақ бойында патриоттық рухтың өсуіне ерекше әсер етері сөзсіз. Ендеше, бастама баянды болсын! Біз, облыстық ардагерлер кеңесі мұндай игі-шараның басы-қасынан табылып, әрдайым қолдап отыратындығына сенімді болғайсыздар!

 

Қатимолла РИЗУАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз