Дөңгелек үстел

Сізге  қалай  қызмет  көрсетеді?

Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде өткен «дөңгелек үстелде» бөлшек сауда саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, санитариялық-эпидемиологиялық ережелердің сақталуы,  өнімдер қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг барысындағы  кейбір проблемалар айтылды.

Департаментке жыл басынан бері тұрғындардан 19 арыз түскен. «Жедел желіге» 114 адам жүгініпті. «Шағымдардың дені бөлшек сауда, қоғамдық орындардағы тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсетуге байланысты.  Тұрғындар санитарлық ережелер мен нормалардың сақталмайтынын, тауардың сапасына қатысты жалған ақпарат  беретіндерін айтады», – дейді аталмыш департаменттің бөлім басшысы Қайрат Нұрғалиев. Білгеніміздей, әкімшілік жаза механизмінің жоқтығы көп жағдайда тұтынушы құқығының бұзылуына әкеліп соғады. Заң бойынша тұтынушы қорғалып қана қоймай, кінәлілер жазасын алуы да керек. Осындай тетіктің болмауы көбіне дау-дамайға алып келеді екен.

Үстіміздегі жылдың өткен мерзімінде  946 тамақ өнімдерінің сынамалары сатып алынып, олардың 34 пайызының Кеден одағы техникалық регламенттер талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Сараптамадан өткен  балалар ойыншығының 79 сынамасының 60-ы аталған стандарттар нормасына сай келмейтін болып шыққан. Ал, 278 тұрмыстық химия, парфюмерлік және жеңіл өнеркәсіп  өнімдер сынамасының 27 пайызы да  осы  тектес.

Департаменттің техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Мәриям Меңдіғалиева кәсіпкерлердің дені өнімдерді қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжатсыз, өндіруші белгісінсіз, тасымалдаушыны белгілейтін жалғама құжатсыз саудалайтынын айтады. Бұл «Тамақ өнімдері қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттің бұзылуы болып саналады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер біле тұра, таңбалану тәртібіне сәйкес емес өнімдерді сатып алады. «Тамақ өнімдерінің таңбалануы мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылуы тиіс. Қазақ тілінде таңбалануының болмауы тұтынушы құқығын бұзу болып табылады» – деді ол.

Облыс бойынша жыл  басынан бері нитраттан уланудың үш фактісі тіркелген.  Жеміс-жидек, бақша дақылдарын пайдаланғаннан кейін тұтынғандар ауруханадан бір-ақ шыққан. Жүргізіліп келген акциялар кезінде өндіріліп, айналымға шығарылған жеміс-көкөніс және бақша дақылдарының сапасын, қауіпсіздігін растайтын сәйкестік туралы декларациялары жоқ тауарлар анықталған. Сондай-ақ, өнім шыққан жерде өндірістік бақылау ұйымдастырылмағаны да белгілі болып отыр. Жиынға ұйытқы болған органның бөлім басшысы Әлия Бекешова жәрмеңке және басқа да сауда орындарының санитарлық жағдайының мәз еместігін алға тартты.  Яғни, сауда орындарының ауласы жеміс-жидектердің  қалдығына  толы, төбелер шатырмен жабылмаған, қол жуатын орын жоқ. Мұндай фактілер «Дина», «Мұрагер» базарларында анықталған.

«Дөңгелек үстелде», бұдан бөлек, балалар ойыншығы сапасының төмендігі, барлық кәсіпкерде кассалық аппарат болса да, тұтынушыларға чек берілмейтіні де сөз болды. Аталмыш  департамент басшысы Өмірзақ Зинуллин азаматтардың өз құқықтарын білмейтінін айтады. «Ол үшін БАҚ, ғаламтор беттерінде тұтынушы құқығы туралы ақпарат жиі жариялануы керек. Дүкен сөрелерінде көрсетілген бағамен бірге, тауардың да, сатушының да құжаты тұруы қажет. Тұтынушы тауар алмастан бұрын оның сертификатын сұрағаны жөн, сонымен бірге, чек талап етуі тиіс» – деп атап өтті ол.

Шара қатысушылары, кәсіпкерлер де өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

Рита  ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз