«БРАКОНЬЕР» ШАРАСЫ

табиғатқа  тағылық  танытқандардың  жолын  кесті

5-25 қазан аралығында облыс көлемінде «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша,  соның ауқымында жергілікті жерде біраз жұмыстар қолға алынған.

 

Мәселен, 14 қазан күні облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері қаланың Нұрсая мөлтекауданында «Киа рио» автокөлігін тоқтатады. Оны тексерген кезде 23 келі бекіре тұқымдас балық табылыпты. Ал, Құрманғазы ауданы Котяевка селосындағы «Достар» кафесінің қасында ұсталған «Ваз» техникасының иесі 392 келі қара балықты тиеп алған көрінеді. Исатай ауданының полицейлері де заңсыз өнімнің жолын кесті. Атырау – Астрахан бағытында жүйіткіп келе жатқан «Тайота камри» жеңіл машинасы сақшыларға күдікті көрінген. Байқаса, олары бекер емес екен. Көлікті тоқтатып, тексергендерінде одан 8 келі бекіре балығы шыққан.

– «Браконьер» іс-шарасы облыс аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға, жолын кесуге, экологиялық қылмыстарды ашуға бағытталған, – дейді облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі.

Жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері табиғатты қорғау заңнамасын, сондай-ақ, аңшылық атыс қаруын сатып алу, беру және тасымалдау ережелерін бұзудың 154 фактісі анықталды. Құқық бұзушылардан 17 тонна 697 келі балық (оның ішінде 81 келі бекіре тұқымдас балық), 103 заңсыз құрал тәркіленді. Соған байланысты бүгінде 15 қылмыстық іс көтеріліп отыр.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз