АУЫЛДЫҢ ДӘМІ

Атыраудағы жәрмеңкенің сәні болды

Ағымдағы жылдың он айында облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жиынтық көлемі 37,5 млрд. теңгені құрады. Аймақта асыл тұқымды мал шаруашылығы құрылымдарының қатары да өсті. Егін шаруашылығында күзгі жиын-терім жұмыстары табысты қорытындыланды. Биыл жалпы ауданы 6928 гектар жерге егін салынып, егіс алқабының көлемі өткен жылғыдан (5978 гектар) 115,8 пайызға ұлғайтылды. Сөйтіп, картоп дақылынан 16863 тонна, көкөністен 62030 тонна және 22947 тонна бақша өнімдері жиналып, жоспар артығымен орындалып отыр. Осы өнімдерді халыққа тікелей қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында жылма-жыл ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Өткен сенбіде дәстүрлі шара жалғасын тауып, өз тұтынушыларын айрықша қуанышқа бөледі. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерекесіне орай кешегі сенбіде облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қаланың «Вокзал маңы» мөлтекауданындағы С.Мұқашев атындағы алаңда жайғастырылған дәстүрлі сауда-саттық мерекесіне жалпы саны 70-тен астам шаруашылық құрылымы қатысып, өз өнімдерін базарлады. Тұтастай алғанда, бұл күні тұтынушыларға 30 тонна картоп пен көкөніс, 10 тонна ет пен жеті тонна балық және үш мың литр сүт өнімдері, сондай-ақ 200 бас қой малы тірілей салмақта, базар нарқынан гөрі төмендетілген бағамен сатылды.

Мерекелік жәрмеңкені көзімен көріп, аралаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов көптің көңілінен шыққан шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, оң бағасын берді.

– Әрине, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі бізде алғаш рет өткізіліп отырған жоқ, мұның өзі жыл сайын жалғасын тауып, өміршеңдігін көрсетіп келе жатқан дәстүрлі шара. Еліміздің өзге өңірлері тәрізді, Атырау облысы делегациясының  жылына бір мәрте ел ордасы – Астана қаласына барып, бас шаһар төрінде өнімдерін базарлап қайтуы да игілікті іске айналды,-деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы журналистерге берген шағын сұхбатында. – Елбасының өзі қазақстандықтарға арнаған жақындағы Жолдауында атап көрсеткеніндей, мұндағы ең басты мақсат – барымызды ұсынып, байлығымызды көрсету емес, аймақта, қала берді республикамызда азық-түлік белдеуін қалыптастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның берік те сенімді қорын жасақтауға үлес қосу, атсалысу болып табылады. Сондықтан, бүгінгідей жәрмеңкенің өткізілуі де дер мезгілінде, халықтың қажеттілігі мен сұранысына қарай ұйымдастырылған маңызды да мәнді шара деп есептеймін.

Баршаңызға мәлім, жаз бойына Атырау қаласындағы арнайы белгіленген орындарда, сонымен қатар, әрбір аудан орталығында апта сайын дерлік осындай сауда-саттық жәмеңкелері жалғасын тауып, жұртшылықтың сұранысын қанағаттандырып келе жатқандығына куәміз. Барған сайын осындай, көпшілікке қолжетімді бағамен сатылатын өнімдердің түрін де, көлемін де көбейтпекпіз. Бұйыртса, жаңа жылға дейін қаз етін де саттыққа шығарамыз ба деген жоспарымыз бар,-деп түйіңдеді сөзін аймақ басшысы.

Байқағанымыздай, бұл жолғы жәрмеңкеге облыс көлемінен бірнеше ондаған шаруашылық құрылымдары қатысып, өздерінің өндірген өнімдерін саудаға шығарды. Олардың арасында Атырау қаласынан – «Жұмағалиев», «Арай», «Сабуров», «Сұлтан», «Қарағаев», «Аспенби», «Балмұханов», «Мұрат» шаруа қожалықтары мен «Амангелді», «Тілекші», «Жамбыл» өндірістік кооперативтері, Жылыой ауданынан – «Достан Ата», «Атырау-Сауда», «Жаңа таң» ЖШС-тері, «Жомарт» ШҚ, Қызылқоғадан – «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігі, «Құлкеш», «Сар-құмақ», «Құрман», «Шалдияр», «Данияр», «Манас», «Мерей» ШҚ-тары, «Жасқайрат» асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС, Махамбеттен – «Райхан», «Дастан», «Феникс» ШҚ, «Бірінші мамыр», «Сарайшық» ЖШС, Индерден – «Алға», «Владимир», «Жанбай» ШҚ, Құрманғазыдан – «Құрманғазы» ӨК, Исатайдан – «Бекет» ШҚ, одан бөлек мұнайлы Мақат өңірінен де жеке кәсіпкерлерді атаған ләзім. Мұның сыртында жұртты жарылқаған жәрмеңкедегі базарлықтың біраз бөлігі «Атырау» ӘКК-мен бірлесіп жұмыс жасайтын «Атырауагросервис» ЖШС-нің тұрақтандыру қорынан құралғандығын айтқанымыз жөн.

Жылыой ауданындағы «Атырау-Сауда» ЖШС (директоры Әлімжан Қапанов)  бойынша ағымдағы жылдың он айында 460 млн.теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Есепті мерзімде осындағы құс фабрикасында жылға жоспарланған 21 млн.дана тауық жұмыртқасының 80 пайыздан артығын өндіруге қол жеткізілген. Сол секілді биылғы қазан айында серіктестік базасында сүт өнімдерін дайындап шығаруға арналған шағын цех жұмыс жасай бастады.

Қызылқоға ауданындағы «Құлкеш» шаруа қожалығының (жетекшісі Жарылғасын Айыпқалиев) құрылғанына да аса көп мезгіл бола қоймаған. Шаруасын атакәсіп мал бағудан бастаған қожалық жылдан-жылға кәсібінің түрін көбейтіп, өрісін кеңейтуде.

Атырау қаласындағы Қайыршақты селолық округінде орналасқан «Қарағаев» шаруа қожалығы (төрағасы Амантай Ғаббасұлы) да тілге тиек етуге тұрарлық істері бар шаруашылық  құрылымдарының бірінен саналады. Сан салалы шаруаның ұтырын тауып, ұршықша иірген шаруагер жігіттер жұмыстарын егін салудан бастапты. Осы мақсатта иеліктеріне алған 500 гектар жердің бір бөлігіне алдыңғы жылы Бесікті ауылының маңынан егін салды.

 Бұл күні ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі қанатын жайған, аумағы атшаптырым алаңның төріне төл мереке құрметіне сахна құрылды. Көңілімізге қонған және бір жайт, сауда мерекесіне қатысушы кәсіпкерлік субъектілерінің бәрі де өз шаруашылығының атауын бір үлгіде, көрнекі етіп іліп, сатылатын тауарларының бағасын да тайға таңба басқандай көрсетіп қойған. 

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз