АТЫРАУДЫҢ АБЫЗЫ

Оңайбай Көшековті еске алу кеші өтті

Өз  заманында облыс экономикасының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда дара қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері Оңайбай Көшековтің есімі елге мәлім. Ол облыстың бірінші хатшысы қызметін атқарған тұста Атырау өңірі жаңаша даму жолына түсті.  Қызметте ғана емес, адамгершілік, адалдық тұрғысынан шоқтығы биік тұратын Оңайбай Көшекұлын кеше Атырау жұрты Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында ерекше ықыласпен еске алды.

 

Салтанатты шараға қатысқан Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев арамызда болса 90 жасқа толатын абзал азамат хақында тебірене айтты.

– Мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Оңайбай Көшеков – бүкіл саналы ғұмырын өңірдің өркендеуіне арнаған абзал азамат. Өмірден көргені мен түйгені мол іскер басшы облыстың бірінші хатшысы қызметін атқарып жүріп, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін ерен еңбек етті. Бір ғана дәлел ретінде облыс орталығында бой көтерген Авангард және Вокзал маңы ықшамаудандарын айтуға болады. Оңекең басшылық еткен тұста аймақтың экономикасы еселеп дамып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, әлеуметтік салада жаңа нысандар бой көтерді. Қарапайым жұмысшыдан бедел биігіне көтерілу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс, – деген Ғұмар Ислямұлы бұл шараның облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асып жатқандығына тоқталды.

Сондай-ақ, шара барысында «Атыраудың абызы» деген атаумен «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан жарық көрген Оңайбай Көшековке арналған естеліктер жинағының тұсауы кесілді.

Сахна төрінде мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев та замандасы Оңайбай Көшеков хақындағы өзінің толғанысты естеліктерімен бөлісті. «Қиын кезеңде тығырықтан шығар жол табатын, елінің басына түскен істі табандылықпен шеше алатын Оңекең нағыз елдің азаматы еді» деген Есен Тасқынбаев абыз аға туралы облыстық «Атырау» газетінде жарияланып келген мазмұнды мақалаларды жоғары бағалады.

Қатысушылар назарына Мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі туралы бейнебаян ұсынылып, шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

***

«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, облыстың Құрметті азаматы Оңайбай Көшековтің 90 жылдығына арналған қазақ күресінен ересектер арасында турнир өтті.

Облыс орталығы мен аудандардан келген 70 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі 25 спортшы «Түйе палуан» атағын сарапқа салды. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан палуандарға сәттілік тілеп, шараның маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған азаматтарға отбасымыздың атынан үлкен алғысымды білдіремін. Палуандардың барлығы ерен күштің иелері деп айтуға тұрарлықтай. Араларында осалын байқамадық. Әкем де көзі тірісінде ұлттық спорт түрлерін ерекше бағалаған. Соның ішінде өзі қазақ күресімен айналысқан. «Ердің аты өлмейді» демекші, қазіргі таңда өзі арамызда болмаса да, оның ел үшін жасаған еңбегі өскелең ұрпаққа насихатталып, үлгі ретінде ұлығыланып жүр. Мұның өзі – біз, оның ұрпағы үшін үлкен абырой, – дейді турнирге қатысқан Оңайбай ағаның ұлы Әлібек Көшеков.

Жарыс жеңімпаздары ақшалай сертификатпен, кубок және медальдармен марапатталды.

Сонымен қатар, облыс орталығында О.Көшековтің 90 жылдығына арналған шахматтан, волейболдан да турнирлер өтті.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА,

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз