Атырауда «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 40 ауыл жаңғыртылуда  

screenshot 20 1 Жаңалықтар

Бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рафик Абуов мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Рафик Абуовтың мәліметінше облыста 153 ауыл бар. Олардың  қатарынан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында даму әлеуеті бар 93 ауыл іріктеліп, соның ішінде 2019 – 2022 жылдар аралығында 40 ауыл қамтылды. Ал, биыл 15 ауылды жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 5,8 млрд теңгеге 22 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

– Мәселен, 2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттік бюджеттен 24 млрд теңгеге 41 жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 15 нысанды, 20 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын (білім беру, денсаулық сақтау, спорт) және 6 көлік инфрақұрылым нысанын (ауылішілік жолдар) салуға, реконструкциялауға және жөндеуге  мүмкіндік берді, – деді Р.Абуов.

Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында облыста 768 жұмыс орны құрылды.

Жалпы елімізде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 3,5 мың ауыл жаңғыртылуда. 2023 жылы 736 ауылда 143 млрд теңгеге 1,5 мың жобаны іске асыру жоспарланған: 119 жоба ТКШ саласында, 275 жоба әлеуметтік инфрақұрылым бөлігінде, сондай-ақ 1,1 мың жоба ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту бойынша іске асырылмақ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз