«Атырау журналистикасының абызы»

whatsapp image 2021 07 03 at 11.54.20 1 1 Жаңалықтар

Ардагер журналист, ұстаз-ғалым, туған өлкеміздің төл перзенті Теңдік Жауырұлының ұлағатты өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған жаңа кітап осылай аталды.

«Мен журналист боламын» деп арманын алысқа ұзатқан талапкер жасқа берер тәлімі мол, «Атырау журналистикасының аьызы» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі кешегі жұмада Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен осындағы Т.Жауыровтың шығармашылық аудиториясында өтті.

Кітапты құрастырушы Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, республикалық »Сарайшық» журналының бас редакторы Исатай Балмағамбетов. Ол «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасынан құрастырылып шығарылды.

Тағылымы мол, ғибраты зор шараның шымылдығын модератор – университеттің журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Мәншүк Мұқашева алғы сөзбен ашты. Ол рухани тұрғыдан баға жетпес құнды дүниелерге, ескірмес естеліктер иен әсерлі әңгімелерге толы кітаптың кейінгі толқын журналистерге берер тәлімі аз емес екенін айрықша атады.

Кітапқа ұстаз-ғалым, баспасөз саласының шебер ұйымдастырушысы Теңдік Жауырұлының ұлағатты өмірі жайлы аға буын өкілдерінің, әріптестерінің, шәкірттерінің, асыл жары мен ұрпағының сырлы естеліктері, арнау өлеңдері топтастырылған. Қалың көпшілікке арналған туындыда қаламгерлер арасындағы ұрпақтар сабақтастығы айқын көрініс тапқан.

Тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, республикалық «Алтын аймақ» газетінің құрылтайшысы Төлеген Берішбай, ардагер журналистер – Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі Төлеген Жаңабайұлы, Әбілхан Төлеуішев, кітаптың құрастырушы-редакторы Исатай Құндызбайұлы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, «Сарайшық» журналының бас редакторының орынбасары Гүлзада Ниетқалиева, Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының төрайымы Алма Қалусариева, баспа редакторы Бағила Сағындыққызы, т.б. сөйлеп, жаңа туынды жайындағы ой-пікірлерімен ортақтасты.

Жаңа кітаптың рәміздік лентасын Теңдік ағамыздың ұлы Шоқан Жауыров пен Исатай Балмағамбетов кесті.

Атырау журналистикасының абызын ұлықтап, еңбегін дәріптеу мақсатында жарық, жұртшылыққа таныстырылған кітаптың бірнеше данасы университеттің ғылыми кітапханасының басшысы Күләш Озғанбаеваға табыс етілді.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз