Атырауда әлемдегі ең ірі кен орындары игерілуде

M nay himiya tehnoparki Жаңалықтар

Атырауда әлемдегі ең ірі кен орындары игеріліп жатыр. Индустриялықинновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге аса бастаған жобалар да көп. Арнайы экономикалық аймақ, бұрынсоңды болмаған өндірістер ел экономикасының еселенуіне жол ашады.

Мұнай-химия технопаркі

Кешеннің келешегі

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпановтың айтуынша, мұнайлы өңірде арнайы экономикалық аймақ үшін үш жер телімі бөлінген. Соның бастысы – Қарабатандағы Атырау газ-химия кешені.

– Жоба әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірісін құруды, іске асыруды мақсат етеді. Мұнда «Полимер Продакшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс жасауда. Жобаның құны 16 млрд. теңгеден астам қаражатты құрайды. Бүгінде Қытайдың КРІ компаниясымен арада осы мақсатта келісімге қол қойылды, – деді ол.

Алғаш рет қолға алынған жобаны жалпыұлттық тікелей телекөпірде Мемлекет басшысының өзі іске қосты. Ұлттық мұнай-химия технопаркі аясында жүзеге асатын жұмыстардың алғашқы сатысында жылына 500 мың тонна полипропилен өндірілетін болады. Қытайлық компанияның қаржыландыруымен жобаның алғашқы қадасы қағылды. Облыста құрылған арнайы мұнай-химия аймағында салық және кеден артықшылықтары бар. Шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі жеңілдетілген. Жобалау және құрылыс кезінде халықаралық стандарттар қолданылады. «Бұл жобалардың құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді» дейді мамандар. Айтпақшы, жобаларды дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету күрделі шығындарды 20 пайызға, операциялық шығындарды 15 пайызға дейін қысқартады екен.

Өндіріске қажетті шикізат Теңіз кен орнынан шыққан газдан алынады. Ол жергілікті жерде салынатын газ айыру стансасындағы өндірістік құрылғының көмегімен бөлініп, арнайы желі арқылы Қарабатанға жеткізіледі. Осылайша, газ этаннан екі өнім – полипропилен мен полиэтилен шығарылады.

– Болашақта салынатын зауыттың құрылысын өзге инвесторлар да асыға күтіп отыр. Ол жүзеге асса, халыққа қажетті бұйымдар шығаратын 15 жобаны бастауға мүмкіндік туады, – деді Сағындық Лұқпанов.

Болашағы зор келісім

Полипропилен, полиэтилен өндіру жобаларына қатысты атап айтар жаңалық бар. Биылғы наурыздың соңында Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барғаны белгілі. Сол сапар аясында жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық бойынша екі маңызды құжатқа қол қойылды. Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры («Біріккен химия компаниясы» ЖШС) және аустриялық Borealis компаниясы Атырау облысындағы полиэтилен өндіру жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі талаптары туралы келісімге келді.

Мұнай-химия jpg

Құжат мемлекеттік қолдаудың шаралар пакетін бекітіп, техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейді. Бұл жұмыстар осы жылы аяқталмақшы. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың баяндауынша, аталған жоба еліміздің аумағында жылына 1250 мың тоннаға дейін полиэтилен өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл ішкі сұранысты толықтай жауып, тұрақты экспорттық түсім түсіреді.

Тұрақты жұмысқа – 3 мың адам

Ауқымды құрылысқа 4 мыңға жуық адам тартылады. Кешен толық қуатына жеткенде, 3 мың маман жұмыспен қамтылмақшы. Қазақстанның тұңғыш мұнай химиясы кешені отандық бизнес өкілдерінің өз істерін ашып, дамытуына жағдай жасайды. Мұнайлы өңірде жүздеген жаңа кәсіпорын ашылады. Сол кезде Атырауда 50-ден астам жаңа өнім шығатын болады.

Екінші құжат – Атырау облысындағы полипропилен өндіру жобасы бойынша ынтымақтастыққа қатысты Өзара түсіністік туралы меморандум. Оған сәйкес, Borealis компаниясы полипропилен жобасына техникалық-экономикалық талдау және заң сараптамасын жүргізеді. Бұл жобаның құны 2,6 млрд. АҚШ долларын құрап отыр.

Бүгінде полипропилен өндіру бойынша жобаны «Самұрық-Қазына» іске асыруда. Мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Ол 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. Айта кетейік, Borealis – полиэтилен өндіретін әлемдегі үздік төрт компанияның бірі. Құрылым ең жоғары технологиямен жұмыс жасайды.

Азамат Базарбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз