АРДАГЕР МЕРЕЙІ

Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысы мен Махамбет ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Мәдина Ғабдысәлімованы қабылдады.

Облыстың бірінші басшысы Бақтықожа   Салахатдинұлы алдымен Мәдина Ғабдысәлімқызын келіп отырған мерейлі жасымен шын жүректен құттықтап, ол кісінің ел мен аймақ алдында атқарған жемісті еңбегінің айрықша екендігін баса айтты. Өз сөзінде әкім: «Біз әрқашан өңіріміздегі өзіңіздей ақылшы апаларымыз бен тілеулес аға буынға арқа сүйейміз. Сіз қашаннан жастарды жақсылыққа үйретуден жалықпаған жансыз. Облысымыздың өркендеуіне, оның саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқан Сізді біз әрқашан мақтан тұтамыз, Сіздей апамыздың болғанына қуанамыз. Жақсы істердің басында, жақсылықтың қасында жүре беріңіз. Әрдайым жүзіңізден қуаныш кетпей, ортамызда аман-есен жүріңіз!» деп, құттықтау хаты мен естелік сыйлығын тарту етті. Сонымен бірге, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын да салтанатты жағдайда табыс етті.

Осындай ізгі тілекті облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов жалғап, кеңес атынан құттықтау хаты мен сыйлығын табыс етті. Мерейгерге деген игі тілектерін облыс әкімінің орынбасарлары – Айгүл Әжіғалиева, Сәлімжан Нақпаев, облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпановтар да білдірді.

Қабылдау соңында Мәдина Ғабдысәлімқызы өзіне көрсетіліп жатқан осыншама құрметке көптен-көп алғыс айтты.

P.S. Мерейгерді ұлығылау жөніндегі шаралардан жазылған материалды 6-беттен оқисыздар.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз