Ар алдындағы адалдығымыз неге төмен?

411 big Жаңалықтар

411_big

Заң алдындағы жауапкершілік ар алдындағы адалдықпен ұштасса екен…

Ең басты мақсаты етіп елдік мүддені ойлау ғана қайсы мемлекетті де мұратына жеткізеді. Тәуелсіздіктің таңсәрісінен-ақ «халқымның ғасырлар бойы аңсаған асыл арманын баянды етемін» деп маңдай терін төгіп келе жатқан Елбасының бұл жолғы «Ұлт жоспары – 100 қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты 5 институционалдық  реформасы – өте маңызды құжат. Зерделеп оқып шықсаңыз, еліміздің алдағы дамуының нақты жоспары түбегейлі айқындалғанын анық аңғарасыз.

Меніңше, біз данышпан Абайдың қайсы өсиеттерінің де өміршеңдігін уақыт өткен сайын риясыз сезініп келеміз. Әлімсақтан-ақ ата-бабаларымыз «адамның күні – адаммен» деген ойлы пікірді күнделікті өмірден түйіп айтқан. Ал, ұлт ұстазы Абай да былай деген еді ғой: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым…» деп. Міне, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұдан 21 жыл бұрын көтерген интеграциялық бастамаларының түп негізінде де осы қағида жатқандығы бүгінде айқын дәлелденіп отыр. Өйткені, қай заманда да бірде-бір ел, бірде-бір халық  жаhан дүниеден тысқары, еш байланыссыз оқшау өмір сүруі мүмкін емес. Осыны Қазақ елінің Көшбасшысы тәуелсіздіктің таңсәрі шағында-ақ тап басып танып, өрелі идеяларын ұсынған болатын. Ал, қазіргідей экономикалық дағдарыс әлемнің көп елдерін қос өкпеден қысып отырғанда, «біз олардан бөлек, дербес, ешқандай әсер-ықпалы тимейтіндей отыра береміз» деу, әрине, ағаттық. Сондықтан да, Президент өзі бастап нақты нендей істі қолға алып, қандай шаруаны атқаратынымызды белгілеп берді.

Турасын айту керек, халықтық келелі іске бүкіл азаматтық қоғам болып атсалысқанда ғана ол берекелі hәм нәтижелі болады. Ендеше, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «демократиялық қоғамның ажырамас бөлшегі» деп атаған азаматтық қоғам институттарына белгіленген осынау ауқымды реформаларды іске асыруда үлкен жауапкершілік артылады.

Сонымен қатар, елде әділ сот пен құқық қорғау жүйесін халыққа қалт-қысыз қызмет көрсететін мемлекеттік аппарат етіп құру, экономикасы қуатты, болашағы біртұтас ұлт болуға бағытталған реформаларды жүзеге асыру – қарапайым халықтың қамы. Яғни, басты мақсат – мемлекетке деген азаматтардың айнымас сенімін қалыптастырып, сол арқылы Мәңгілік ел болудың даңғыл жолына түсу. Осы орайда Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бойынша ұсыныстардың ауқымды пакеті дайындалды. Бұл бүгінде сәтті жүзеге асырылу үстінде, оның нақты мысалдарын да атап айтуға болады:

Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кең көлемде әкімшілік реформа жүргізіліп, саяси қызметкерлер саны 8 есе қысқарған. Экономиканы жүйелі түрде дамытудың нәтижесінде өңірлердің мүмкіндіктері де айтарлықтай ұлғайды. Яғни, соңғы кезде жергілікті бюджеттер 5 есе, орталықтың трансферттері 8 есе артқан.

Екіншіден, «100 қадамда» атап көрсетілген 13-ші  бап «жемқорлыққа қарсы күресті күшейту» деп белгіленгеніндей, елімізде «көлеңкелі» экономика көріністеріне берік тосқауыл қойылып отыр.

– Мен Президент құрған Ұлттық комиссияның мүшесімін. Елбасы қоғамның жаңаруы үшін, мемлекеттің дамуы үшін аса ірі реформа жасауға бел буып отыр. Реформаның негізгі мәні – елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу, – деді бізге хабарласқанымызда белгілі қоғам қайраткері, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының  директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Қалижан. – Меніңше, «100 қадамның» 3-ші қадамы, яғни «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушыларды ІРІКТЕУ РЕСІМІН орталықтандыру. Үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу өте дұрыс қадам болды. Ең бастысы, Елбасы көрсетіп бергеніндей, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды, күресті аяусыз жүргізу керек.

Уәлихан Қалижанұлының осы пікірін тыңдағаннан кейін менің ойыма әріптес досым, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің бір әңгімесі орала берді. «Көрші отырған Қытайдың мемлекеттік қызметшілерге қатысты бір талабын осы «100 қадамға» енгізуге болар еді» деген ол мына бір жайды ортаға салған болатын: яғни, Қытайда мемлекеттік қызметші (аудан, аймақ басшысы, министр, т.б.)  болған адамға жауапкершілік өмір бойына жүктеледі екен. Ол басқа салаға ауыссын, тіпті, зейнет демалысына шығып кетсін мейлі, кезінде өзі қол қойған құжаттарға өмірлік жауапкершілікте болады. Ал, бізде қалай? Жемқорлыққа жол бергендер оп-оңай орынтақ ауыстырып кете береді де, олардан тиісті жауапкершілік сұралмайды. «Сондықтан да, ең алдымен осы жауапкершілік мәселесінен құтылмайтындай қатаң талапты енгізу керек» деп ұсыныс айтады Нұртөре Жүсіп.

Шынында да, әрбір адамның заңның алдында ғана емес, ар-ожданының алдында да адал болуының мәні айрықша зор. Сонда ғана көп түйін шешіледі, сонда ғана қоғамда көп нәрсе өзгереді. Әрине, жақсылық жағына!..

Исатай Балмағамбетов

Атырау газетінің бас редакторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз