«АЛ, ҚАНЕ, ҚЫЗДАР!»

Жуырда «Атырау халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамында «Ал, қане, қыздар!» сайысы болды. Оған авиациялық қауіпсіздік, инженерлік-авиациялық, жолаушыларды және жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру және жердегі құрылысты пайдалану қызметінің мамандары қатысты.

Сайысты аталған АҚ-ның кәсіподақ ұйымының төрағасы Альберт Юн ашып, сайыскерлерге сәттілік тіледі. Ал, сайысқа қатысушы қыздар сәлемдесу, өзін-өзі таныстыру, спорттық ойын түрі, интеллектуалдық сұрақтарға дұрыс жауап қайтару, кулинарлық тағам дайындау, бойындағы өнерін көрсету секілді қырларынан сынға түсті.

Жанкүйерлер сайыскер қыздардың жан-жақты дайындалғандарына ден қойып, өнерлеріне тәнті болды. Әйтсе де, сайыс тәртібі бойынша олардың арасынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» таңдау қажет еді. Әділқазылар алқасының шешімімен бірінші орын – авиациялық қауіпсіздік қызметінің маманы Ләззат Шүреноваға, екінші орын – жердегі құрылысты пайдалану қызметінің маманы Жанаргүл Есенгелдіге, үшінші орын екі қызметкерге – жолаушыларды және жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтің маманы Айнұр Мұқашева мен инженерлік-авиациялық қызметтің маманы Райса Жолдасоваға бұйырды. 
Сайыскер қыздар АҚ атынан марапатқа ие болды.

Гүлден СҮЛЕЙМЕНОВА, «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-ның қазақ тілін дамыту жөніндегі
жетекші маманы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз