Атыраудағы аламан айтыс Астананың туған күніне арналды

Атырауда ы аламан айтыс Мәдениет

Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «Арманға бастаған – арайлы Астанам» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті.

Атырауда__ы аламан айтыс

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау  облыстық  филиалы ұйымдастырған өнер мейрамы Астана күніне арналды.

Қашан да керме көрсе ауыздығымен алысқан бәйге атындай бабында тұратын Шалқарбай Ізбасаров пен Өнербек Дәулекеновтердің айтысы  тыңдармандарды желпіндіріп тастағаны рас. Қарсыласының кәсіпкерлікке қатысты айтқан қағытпасына Шалқарбай ақын:

«Әйтеуір, кәсібімде береке бар,

Шығып жүр ақындықпен қатар атым…

…Активім мен билайным – сол баяғы,

Клиенттер болса егер ет алатын»  деп ұтымды жауап берді.

«…Оншақтысы құрметтеп Өнербекті,

Қалғаны маған қолын соғып тұрған» деп көрермендерге де басын иіп, тағзым етуді ұмытпады.

«Астананың арқасы емес пе,  бұл,

Айтыста халықтарды жолықтырған»  дей отырып, айтыс тақырыбына да толық тоқталды. Астана елімізді мекендеген халықтардың алтын бесігі екенін

«Тәуелсіздік жемісі  емес пе, бұл –

Шырқалса азаттықтың жалын әні.

Астана – керегесі кеңіп жатқан,

Қазақтың қасиетті шаңырағы»  дегенде көпшілік қол соғып, қошемет танытты.

Ұшқыр ой, ұтымды жауаптарымен ел-жұртқа жақсы танымал ақынның қарсыласы Өнербек Дәулекенов те қалыспады:

«Кей кезде артық кетер тұсың да бар,

Сол кезде жасаймын деп ойлап жүрген,

Көп ұйқының бірінде көре салған,

Есіңде қалып қойған түсің болар»  деп Шалқарбайдың қағытпасына ол да әзілмен жауап қатты.

«Тұрғындары әлі де,

Орысшадан әріге бармайтындары болмаса.

Бір қазақты бір қазақ алдайтындары болмаса»  деген Өнербек бүгінгі күннің көкейкестісі — ана тілімізді менсінбейтін қандастарымызды да сынмен бір түйреп қалды. Сонымен қатар, алаяқтық, алдау-арбау көбейген заманда өнердің шын бағасын ала алмайтынын да жасырмады.

Амангелді Панабердиев пен Ғалымбек Мұстафаның айтысы да көпшіліктің ықыласына бөленді.

«Мұнайдың астанасы тойлап жатыр,

Шырайлы Астананың туған күнін»  деп айтыс тақырыбына тоқталуды ұмытпаған Амангелді қарсыласына  әзіл-қалжыңмен өкпе-назын айтты.

«Теңізден тиын тауып келеміз деп,

Азаматтар топталып, үймелеп тұр.

…Онсыз да ауалары таза емес-ті,

Жақшаның ішіндегі«сый» деп отыр.

Ауасы қандай болса Құлсарының

Тәртібі де дәл сондай күйде отыр»  деген Нарынның суырыпсалма ақын ұлы Құлсарыдағы орын алған келеңсіздіктерді өлеңге қосып, елдің қабырғасына шаншудай қадалған мәселелерге тоқталды.

«Экология айта-айта жауыр болды,

Халықтың тиіп бітті зығырына.

Жақсартам деп халыққа уәде беріп,

басшылар көтерілді тұғырына».

Ғалымбек бұл мәселенің қозғалып жүргенін қарсыласына осылай жеткізді. Тәртіп туралы айтқандарына да өзіндік уәжін айта білді.

«Қазанаттай жер тарпып  тұрғаныңмен,

Бес ешкі боп шықпасын айдағаның»  деген ол Амангелдінің сөзімен келіспейтінін білдіріп, қарсыласының Құлсарыға деген өкпесінің түп-төркінін аңғартып өтті.

« …Осынша неге бақырдың?

Ісін жасайсың ашудың,

Сөзін айтқанмен ақынның…»  деген Амангелді де өз сөзін қайтып алмайтынын байқатты.

«Құлсарының айтып ем кемшілігін,

Бауырым, жүрсіңдер деп бұлай неғып?

Су ішкен құдығыма түкіргем жоқ,

Сөзімді отыр мынау сынай халық.

Ішерсің суды алаңсыз қалай ғана,

Құдығың бара жатса ылайланып?».

исатайлық ақын осылайша толғанды.

Ғалымбек Құлсары жайлы айтылған сынға жауап бере отырып, ақын ағасының жеке басындағы кемшілігіне де тоқталып өтті:

«…Талай жерге «кіремін,шығамын» деп,

Соңғы кезде боп жүрсің күйгелек тым…

Жастықтан басыңды алмай жатып алып,

Бастықты кінәлайтын күйге жеттің…»

Ал, Нұрбек Сарбасов пен Бимырза Әбілқайырдың айтысы да көрермендер ықыласына ие болды.

«Өзі – ақын, өзі – әнші, өзі – шешен,

Тәңірім өнерден де құр қоймапты.

Алдына үлкен мақсат қойып алып,

Нұрекем Астананы нұр жайнатты»  деген Нұрбектің Елбасының Астананы гүлдендірудегі ерен еңбегіне тоқталған сөздері халықтың жүрегіне жеткені айқын.

Соңғы кезде өнерімен ел арасында аты айтылып жүрген ақын Серік Қойшығұлов бұл жолы жас ақын Әділбек Қайыровтың қарсыласы болды.

«Басшымен бірінші рет жұп боп тұрмын,

Қара өлең құйып келген қамбасына»  деген ақын інісі Серіктің Махамбет аудандық   мәдениет үйінің директоры лауазымын тілге тиек етті.

Облыстық ақындар айтысында бас жүлдені Әнуар Садықов қанжығасына байлады. Бірінші орынға Серікбол Панабердиев лайықты деп табылды. Екінші орынды Шалқарбай Ізбасаров пен Өнербек Дәулекенов бөлісті. Үшінші орын Серік Қойшығұлов, Жәнібек Садыров пен Бекмырза Әбілқайырға бұйырды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз