ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  халыққа арнаған  «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы  жергілікті жерлерде насихатталып, негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілуде.

Бұл Жолдау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау  комитетінің Атырау  облысы бойынша департаментінде де кең насихатталу үстінде.

Қазіргі кездегі ең басты мақсат – Мемлекет басшысының Жолдауы, оның орындалу  барысын әрбір  қазақстандыққа жеткізу. Жолдау жарияланған  күннен бастап  облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің аудандар мен қалалық басқармаларының  ақпарат топтары елді мекендерде,  мекемелер мен өндіріс орындарында болды. Жолдауды тұрғындар арасында кеңінен насихаттауға  ерекше ден қойды.

Ең бастысы, тұрғын  үй-ком-муналдық шаруашылықты,  су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту қолға алынды.  Осы мақсатта инвестицияларға жалпы қажеттілік қаржыландырудың барлық көздерінен 2020 жылға дейін жыл сайын ең азы 200 миллиард теңге бөлгенде кем дегенде 2 триллион теңгені құрайды. Мұның өзі халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған үлкен қамқорлық деп түсінуіміз қажет.

Аймақта сумен қамтамасыз ету  инфрақұрылымдарын жаңғырту халықтың  денсаулығын жақсартуға  қолайлы жағдай туғызады. Осы орайда, мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес аймақ халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге  қол жеткізілмек.

Аталған бағдарлама аясында Атырау облысы бойынша 2011-2015 жылдарға 84 сумен қамту нысандарын қайта жаңғыртумен бірге құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланса,  өткен жылдың аяғына дейін олардың 66-ның жұмысы аяқталып, пайдалануға берілді.Олардың 16-ы Құрманғазы ауданында, 9-ы Индер, 9-ы Махамбет, 9-ы Исатай, 13-і Қызылқоға, ал 4-і Мақат ауданында  жүзеге асты. Қалған 18 нысанды іске қосу 2015 жылдың еншісінде  болмақ.

2014 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2008 жылдан бері жұмыс жасамай тұрған Индер ауданындағы төрт және Махамбет ауданындағы екі су тазарту қондырғыларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта осы қондырғылар тұрғындардың  игілігі үшін барынша тиімді пайдаланылмақ.

Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.Былтырғы жылы облыс бойынша Атырау қаласы және Жылыой, Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Индер аудандарында 10 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізіліп, олардың 5-і пайдалануға берілді. Облыстық балалар ауруханасына күрделі жөндеу жүргізіліп, қосымша ғимараты салынды. Ал, ағымдағы  жылы  Атырау қаласында 180 орындық  облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмекші. Осылайша, аймақта білім беруді, денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған бағдарламалар  жалғаса  беретін болады.

Қазірдің өзінде «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру халық денсаулығын жақсарту деңгейін арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік берді.  Аймақ  халқының  орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асса, бала шетінеуі – 3, ана өлімі 5 есеге төмендеді.

Соңғы  жылдары  өңірде жұқпалы аурулармен аурушылық айтарлықтай азайды. Мәселен, 2011-2014 жылдар аралығында оба, тырысқақ, сібір жарасы сияқты аса қауіпті, карантиндік аурулар, қырылдауық, көкжөтел, сал,  басқа да вакцина егу арқылы алдын алуға болатын жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Осы жылдары туберкулезбен аурушылық  20,0%, вирустық гепатиттермен аурушылық 6 есе, оның ішінде «А» вирустық гепатитімен аурушылық 2,5 есе ,«В» вирустық гепатитімен аурушылық 10 есе, өткір ішек ауруларымен аурушылық 25,0%, дезинтериямен аурушылық 20,0%-ға азайды.

Санитарлық-гигиеналық қадағалаудың нәтижесінде мектептер мен балабақшалардың,  ауруханалар мен емханалардың, ауыз су беру нысандары мен қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлары айтарлықтай жақсарды.

Жалпы, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне жоспарлы тексерулер жүргізу саны соңғы екі жылда 3 еседей азайды.  Ал, 2014 жылы кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында  осы жылдың 1 сәуірінен бастап шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына  тексерулер жүргізілген жоқ, оларға санитарлық-эпидемиологиялық заңдылықтар талаптарын түсіндіру бойынша Атырау облысы Кәсіпкерлер Палатасы және «Атырау облысы жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер Одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып 30-дан астам семинар-кеңестер, конференциялар өткізілді.

Айта кетейік, былтырғы  жылы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдары болып қайта құрылған-ды. Бұл сала қызметкерлеріне халықтың санитарлық әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың заңды құқықтарын қорғауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда жауапты міндеттер жүктейді.

Түйіндеп айтқанда, халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Олай болса, Елбасымыздың  «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындауға  департамент, оның басқармаларының ұжымдары бірлесе, бір кісідей атсалысатын болады.

 

Өмірзақ ЗИНУЛЛИН,

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар

құқықтарын қорғау

комитетінің Атырау облысы

бойынша департаменті  басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз