ТАЗА КІСІ

Өз ісіне – мұқият, жауапкершілікке – адал, тапсырылған істі ынты-шынтысымен беріліп жасайтын, қандай қызметте де артынан жел сөз ермеген адамның атын естігенде қазағымның «бұл бір таза кісі ғой» деп марқайып отыратыны бар.

 

Тазалық тәрбиесін ана сүтімен бойына дарытып, талбесіктен алған тәлімін жербесікке жеткенше адал аялай білген аз ғана азаматтың бірі – Орынтай Кенжетаев. Оған алпыс жастан бес айы артық ғұмыр берген Жаратушы иеміз барлық істі де адал ойлап, таза шешуді бұйырған екен. Шын мәнінде, «Тазалық» деген ұғым-түсінік менің санамда осы бір ардақ тұтар ағаның болмыс-бітімімен сипатталады да тұрады. Оның да бірнеше себебі бар.

Әуелі, білегіне емес, біліміне сеніп өскен Орынтай Кенжетайұлы жастайынан оқуға терең болды. Ата-анасы, әсіресе, әкесі Кенжетай Бақонұлы оның өзге іске машықтануынан гөрі ілім-білімге жақын болуын қатты қадағалапты. Себебі, оның әкесі Кенжетай Бақонов – тек Қызылқоға өңірінде емес, облыстағы танымал педагогтардың бірі еді.

Міне, сондай талантты педагог, облыстың педагогика саласында есімі алтын әріппен жазылатын санаулылардың қатарындағы ұлағат иесінің ұлы Орынтай Кенжетаевтың да талапсыз жас, талғамсыз адам болмаққа еш хақысы жоқ еді.

Ө басым Орекеңнің қай іске де жайбарақат қараған кезін көрген жоқпын. Бірде Орекең – Индер ауданының әкімі қызметін атқарып жүргенде ауданға іссапармен баруға тура келді.

Ауданда «ИндерСтройИндустрия» ЖАҚ-ы құрылып, кәсіпорынның гипсокартон өндірісін қолға ала бастаған шағы болатын. Кәсіпорын қожайыны жоғарыдағыларға арқа сүйеп, түрлі сылтауларын алға тартты. Қысқасы, кәсіпорынды теледидарға түсіріп, жұртқа жария етуден барынша қашқақтады. Ақырында, телефонға жауап беруден де қалды.

Сол кезде іссапарда жүрген бізбен хабарласқан аудан әкімі О.Кенжетаев барлық шаруаны жиып қойып:

– Егер кәсіпорын басшылығы түсіруге рұқсат етпесе – тегін болмағаны. Мен де Сіздермен бірге барып, ахуалдан хабардар болуым керек, – деп, жол бастады.

Аудан басшысының өзі келіп тұрған соң, кәсіпорын директоры да бұлтақтауын қойып, жұмыс кабинетінде қабылдап, өндірістік технологиямен таныстырды. Арнайы сұхбат беріп, көп жылдан бері тұрып қалған индустриялық өнеркәсіп ошағының келешек жоспарларымен таныстырғаны естен кетпейді.

Қазақта «Ақылдының сөзі қысқа, айта қалса – нұсқа» деген ғибратты сөз бар. Бүгінде осы бір астарлы сөздің арғы түкпіріне үңіле отырып, тағы да оның түйінін Орынтай ағамның түйсігі арқылы іздеп тапқандай боламын.

– Мен көп жасап, үнемі көптің талқысына түсіп жүрген адам емеспін. Бар болғаны – облыстық деңгейде қызмет етіп жатқан көп шенеуніктің бірімін. Қарапайым ғана ауыл баласының аты озып, абыройы асқақтағанда  түсінік-пайымы да өзгереді екен. Менің содан ұққаным – азамат «атқа мінгенде» ертең «аттан түсетінін» де ойлауы тиіс. Көптеген жігіттердің осыған бойламайтыны мені таңғалдырады. Ал, «аттан түскеннен» кейін де бұрынғы «биігінен» төмендей алмайтындар бар. Өмірлік қағидада ешкім де ештеңеден сақтандырылмаған ғой. Егер адам жасанды қылықтан қашық жүрсе, азаматтық келбетіне де кір жұқпайды. «Солай екен» деп жайдақ су болуға да негіз жоқ, өзіндік биігінен төмендемеген жақсы, – деп, ешқашан мәнін жоймайтын кеңесін айтқан еді.

Оның төңірегінде достары көп еді. Орекең олармен араласқанда барлығына ортақ принцип ұстанатын. Онысы – бәріне бірдей көзқарас танытып, қарым-қатынас тақырыбынан ауытқымау. Өйткені, Алматы, Астана, Орал, Ақтау, Ақтөбе, басқа да өңірлерде тұратын достарының арасында мұғалім де, дәрігер де, құқық қорғау қызметкері де, есеп-қисап саласының маманы да, шенеунік те – қысқасы, жан-жақты. Орекеңнің осындай асыл қасиеттеріне қанық достары да оған барынша ықыласпен, оң көзбен қарайтын.

Оның өзі қадірлеген адамға деген құрмет-қошеметі жоғары еді. Бір білетінім – Орекеңнің белгілі заңгер, марқұм Бағытжан Жұбановпен қарым-қатынасы өте жақсы еді. Екеуінің бажалық байланысынан гөрі, аға мен іні ретіндегі әріден келе жатқан байланысы аса ілтипатты көрінетін. Екеуінің көп сырласып, оңаша пікірлесер шақтары молдау болды.

Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтан «Көп біліп, дөп сөйлеген – шешен» деген сөз қалыпты. Шынында да, сол ып-рас. Орынтай Кенжетайұлының әр ортада – қызмет бабында, дастархан басында, үй іші мен түрлі жиындардағы оның ой-пікірі мен сөз байламы қысқа да нұсқа болушы еді. Өйткені, ол ақын-жазушылардың шығармаларын жатқа білетін. Бір қарағанда, тұйықтау әрі қаталдау көрінетін Орекең ағам жаны нәзік, жүрегі жұмсақ жан болды.

Қандай да бір адам жөнінде  пікір сұрай қалсаңыз, жасандылыққа берілмей, жалған әсірелеуге бармай:

– Әр нәрсенің басын шалып, ұзын сонар естелікті қағазға шұбырта бергеннің қандай сәні болар екен! – деп, пікірін жып-жинақы, әдепті де әрлі оймен кестелеп беруші еді, жарықтық.

Тек қана ол туралы естелікті енді өткен шақпен айтуымыз ғана өкінішті…

 

Назарбек ҚОСШИЕВ,

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз