БҰЛ ҚАСІРЕТ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

v34Жазықсыз жапа шегіп, қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімі Жеңіс саябағында болып өтті. Нәубет жылдар құрбандары рухына бас иіп, тағзым еткен жиында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қанқұйлы жылдардың қасіретіне тоқталып, зұлмат өрті шарпымаған, аштықтың азабын тартпаған бірде-бір отбасы болмағанын атап айтты.

– Бұл – қазақтың сан ғасырлық тарихының шерлі беттерін паш ететін, бүгінгі ұрпақтың аға буынға құрмет көрсететін, сонымен қатар, тарихи әділеттілік салтанат құрған күн. Бүгінде жазықсыз жапа шеккендер түгелімен дерлік ақталып, тоталитаризм құрбандары жерленген орындарға ескерткіш белгілер орнатылды. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – бұл болашақ ұрпақ тарих қателігін қайталамауы үшін замана өткелдерінен хабар беретін, тәлім-тәрбиеге толы ардақты күн. Қыршынынан қиылған боздақтарымызды еске алып, аза тұтып, тағзым ететін күн. Ендеше, бүгін баршамыз ел болашағы жолында жанын пида еткен, жұртының арын арлап, намысын жерге жықпаған арыстарымызды еске алып, олардың рухына тағзым етейік, – деген өңір басшысы облыс орталығынан 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашу мәселесін де қолға алып отырғандығын жеткізді. 
Одан соң алаңға иін тіресе жиылған көпшілік қазақ халқын ұлт ретінде жойып жіберуге бағытталған сол кездегі содыр саясатты әшкерелеген Алаш ардақтыларын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімін облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен соғыс және еңбек ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов бастады. Бұл колоннада облыс әкімінің орынбасарлары, сұрапыл саясаттың ызғарына тоңып, салқынын сезініп өскендер мен қудалауға ұшырағандардың ұрпақтары, облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттары болды. Гүлдесте қою рәсімін одан әрі мемлекеттік қызметшілер, күштік құрылым қызметкерлері жалғады. Облыстық, қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен басқармасы, Ұлттық қауіпсіздік департаменті, Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаменті, «Қазақстан темір жолы» бөлімшесі колонналары толарсақтан саз кешіп, итжеккенге айдалып, мұз жастанғандар ерлігіне тағзым етіп, гүлдестелерін қойды.
«Сталиндік режим әр ұлттың оқыған, көзі ашық азаматтарына қырғидай тиді. Мыңдаған адал, білімді, зиялы, талантты адамдар, ғалымдар мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Сол қасіретті жылдары жазықсыз жаланың, қуғын-сүргіннің құрбаны болғандардың бірі – менің әкем Қойшыбай Есенбаев. Оқытушы болып еңбек еткен ол қазақ ғылымының дамуына, өнері мен әдебиетін өркендетуге үлес қосқан, озық ойлы алыптардың бірі Халел Досмұхамедовпен араласып, байланыста болған. Осы себепті болуы керек, оны 1950 жылы саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңінде «халық жауы» деген жаламен қамауға алды. Кейін 1962 жылы ақталды», – деп еске алады қызы Ағзай Қойшыбаева.
Салтанатты шарадан соң «Ақ орда» мейрамханасында саяси қуғын-сүргін құрбандары рухына және олардың ұрпақтарына арналып ас берілді. Дастархан басында сол бір зобалаң, қасіретті де қаралы жылдар еске түсіріліп, жанарлар жасқа толды…
Уақыт өтер, өмірге талай ұрпақ келер, бірақ, сол бір жаралы жылдар қасіреті ешқашан ұмытылмақ емес.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз