ЖУРНАЛИСТ – ЕЛ ЖАДЫНДА

Мақат аудандық мәдениет үйінде белгілі журналист, соғыс және еңбек ардагері Тәжібай Қабасұлы Текеевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Қарымды қаламгер» атты еске алу кеші болып өтті.

Онда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы баяндама жасап, Тәжібай Текеевтің өмірі мен шығармашылық жолына кеңінен тоқталды. Одан әрі қаламгердің көзін көргендер Айбосын Елеусінов, Өтеген Нәукиев, Төлеген Жаңабайұлы өз естеліктерімен бөлісті. Ал, жиені, филология ғылымының кандидаты Айсұлу Исанова қазақы қалпы бұзылмаған ауыл өмірінен ой саларлық сыр шертті. Сондай-ақ, мәдениет саласының ардагері, бүгінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Серік Мұхамбетов (суретте), «Мұнайшы» газетінде әріп теруші болып қызмет еткен Ақырыс апа да сөз алып, Тәжібай ағадан алған тәлімі, қызықты оқиғалар хақында әңгімеледі.
Сол күні «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен қарымды қаламгерді еске алу құрметіне шахматтан аудандық турнир өткізіліп, оның қорытындысында бірінші орындарды – мектеп оқушылары арасынан Ә.Сәрсенбаев, З.Енбай, ересектер арасынан А.Елубаев, А.Күмісбаева жеңіп алды.
Жалпы, аталмыш еске алу шарасының ұйымдастыруға Мақат аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Ермеков елеулі еңбек сіңіргенін де атап өткен жөн.

Гүлзада САЛИКОВА,
Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз